Әлеумет

Бұқара

Жаңғырық

Сәби тауар емес!..

Еркін Рақышевтың идеясы бойынша түсірілген «Жетімдер» киносын көрген боларсыз. Жанарға еріксіз жас ұялатып, жүректі тебірентетін бұл кинода ата-анасынан айрылған қос бүлдіршіннің тағдыр тауқыметі көрсетіледі. «Жетімдер» ел аузында әлі де айтылып жүр. Бұл бар болғаны кино. Ал кино өмірден алынады…

Өмірде бәрі біз күткендей емес. Мынау келте ғұмырда өзіне қамқор жан таба алмай қиналып жүрген бүлдіршіндер көп. Мен қозғағалы отырған әңгіме де «көкек ата-ана» мен «тірі жетім» балалар турасында болмақ. Қазір елімізде тастанды сәбилер, ата-анасыз бүлдіршіндер паналайтын жетімдер үйінде қазақ балалары жәутеңдеп жүр. Тіпті, кейде телеарналардан жөргекке оралған сәбилердің қоқыс арасынан табылып жатқанын да көреміз.

Қазір панасыз балалар үйінде ата-анасы бар «тірі жетімдер» саны күн санап артып барады. Әсіресе, жас қыздар перзентханада өз сәбилерінен бас тартып, балалар үйінде біржола қалдырады. Бұған кім кінәлі? Мұндай сәтте біз көбіне бойжеткендерді кінәлаймыз. Ал «сүйдім, күйдім» деп сұлу сөзімен жаныңды баураған жігіттер қысылтаяң шақта ат-тонын ала қашып, безіп кетеді. Қазақта оң жақта отырып босанған қызға ата-ананың да ызғары оңай тимесі анық. Әрі «әкесіз, некесіз» бала асырау нәзікжандыларға тағы ауыр. Жаны қиналса да бойына біткен баладан құтылу үшін бойжеткен қолынан келгеннің барлығын жасайды. Жарық дүниеге келер сәбидің көпшілігі осылай ажал құшады. Ал өмірге келгендері «тірі жетім» атанады.

Кей бүлдіршіндердің тастанды атануына ата-аналардың ішкілікке салынуы да кедергі. Күні-түні тентек суға телмірген ата-ана бүлдіршіндерге қалай тәрбие бермек? Дүние есігін ашқан әр періште бақытты ғұмыр кешуі тиіс. Бірақ перзент халін кей дүбәрә пенде түсіне ме?

Ақниет ТҰРҒАНОВА,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік

университетінің студенті.

Ұсыныс

«Ырғыз газеті» атына көше берілсе

Оқырмандар асыға күтіп, сүйсіне оқитын «Ырғыз» газеті жақында сексен жасқа толады. Ғасырға жуық ғұмыры бар басылымның мерейтойына орай ауданымыздың бір көшесі осы газеттің атымен аталса нұр үстіне нұр болар еді.

«Газет — халықтың тілі, көзі һәм құлағы». Баспасөз арқылы біз ел, шетел жаңалықтарымен танысып, білісіп отырамыз. Аудандық «Ырғыз» газеті біз үшін мазмұны терең, айтылар ойы анық басылым. Сондықтан бұл газеттің сексен жылдығын атаусыз қалдыруға болмайды. Газет ұжымы да бірқатар іс-шаралар, түрлі шығармашылық байқаулар мен сайыстар ұйымдастырып жатыр.

Менің айтпағым мына мәселе. Естеріңізде болса, өткен жылы республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің 90 жылдығына орай Астана қаласындағы бір көшені осы басылымның атымен атады. Жергілікті тұрғындар да қалада бой түзеген жаңа көшенің «Егемен Қазақстан» атанғанын қуана қабылдады. Ырғыз ауданы да күн санап үлкейіп, гүлденіп келеді. Бұрынғы ауыл іргесіндегі бұйрат құмдар тегістеліп, орнына жаңа үйлер, мемлекеттік мекемелердің кеңселері бой көтерді. Сондықтан біз де жаңа көшелердің бірін неге «Ырғыз» газетінің атымен атамасқа? Бұл бір жағынан төл газетіміздің мерейлі мерекесіне тосын сый болар еді.

Еркін БАЙЖАНТЕГІ,

Ырғыз ауданы.

Ұлттық ойын

Асық ойнаған азбайды!..

Балалық шағыма саяхат жасасам, үй көрместен ойнап жүрген алаңсыз күндерім есіме түседі. Көктем шыға, құрғақ жерді таңдап ап асық ойнайтынбыз. Ойынға үлкен сақа дайындап, оның салмағын ауырлату үшін қорғасын құйып әлектенетінбіз. Қас қарайып, қолымыз күс-күс болып, қойны-қонышымыз асыққа толғанша ойнап, үйге үлкендердің айқайымен қайтатын едік. Ал қазір балалар «асық ойнаған азар.. компьютер ойнаған ұтардың» кебін киіп жүр… Қазір ауыл балалары асық та, ләңгі де, доп та ойнамайды. Бүгінгі қара домалақтардың  өмірлері қалада тұратын замандастарынан кем емес. Қазіргідей техниканың дамыған заманында ұялы телефон ұстап, «агентпен» сөйлескендеріне мәз. Асық ойнамақ түгілі, «бүгі» қайсы, «шігі» қайсы ажырата да алмайтын шығар-ау, бәлкім?!

Жалпы, қазақ спортын зерттеп жүрген мамандардың пайымынша, асық ойыны баланың мергендігін, шапшаңдығын, ептілігін және қырағылығын жетілдіреді екен. Бала бойындағы мәреге жетсем деген талпыныс оның талантын, еңбекқорлығын шыңдайды. Оның үстіне үнемі қимыл-қозғалысты қажет ететін бұл ойын бала бойындағы қан айналымын жақсартады. Асық ойыны барысында отырып-тұру, жүрелей отыру, тізені жартылай бүгу, жиырылу, ширығу аяқ-қолдың буын ауруларының алдын алады. Міне, ертедегі қазақ жігіттерінің шымыр да мерген болып өсуіне аталған ойынның көмегі өте көп болған.

Қазір асық орнына «баклашка» тығындарын ұстап жүрген бүлдіршіндерді көріп қобалжимыз. Тіпті келешекте «асықты мұражайдан көреміз шығар» деп шамданып та қаламыз. Өзге елдер өздерінің ұлттық ойындарын Олимпиада секілді үлкен жарыстарда ойнату үшін тықпалап жатады. Ал бізде ұлттық ойындар бірте-бірте ұмытылып барады. Мектептердегі дене шынықтыру пәнінің бағдарламасына неге асық ойынын енгізбеске? Болмаса осы ойыннан түрлі жарыстар өткізуге де болады емес пе? Бастысы, жас жеткіншектерімізді қызықтыра білуіміз қажет. Егер асық ойынын ойнатуды қолға алмасақ, ертең өзге елдің иелігінде кетеді. Қырғыздардың көкпарымыздың құжаттарын рәсімдеп, ұлттық ойындарына айналдырып алғаны сөзімізге дәлел.

Ендеше, жасы кіші інілеріңіз бен балаларыңызға асық ойнауды үйретуден шаршамаңыздар, жігіттер!

Дархан МЕКТЕПБАЙ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Ырғыз ауданы.

Жанайқай

Жалақымыз қайда, директор мырза?

Қандыағаш қаласының Кірпіш зауытында бүгінде мыңдаған жұмысшы қызмет  етеді. Зауыттың халыққа қажетті өнім шығарып, тұрғындарды жұмыспен қамтуы көңіл көншітеді. Бірақ соңғы кезде жұмысшы күшімен, маңдай термен келетін еңбек мәні елеусіз қалып жүр. Аудан әкімі Серік Шаңғұтов бұл жайдан құлағдар ма?

Кірпіш зауытының ауқымы кең. Бұл өндіріс орнында мыңға жуық жұмысшы қызмет етеді. Зауытта күніне бірнеше тонна кірпіш пен силикат өндіріліп, вагондарға тиеледі. Айтпағым бұл емес. Кірпіш зауыты тұрақты жұмыс жасағанымен, жұмысшылардың жағдайы жақсы емес. Күні-түні шаң-тозаңның ортасында жүретін жұмысшыларға бұрынғыдай арнайы киімдер, құрал-жабдықтар берілмейді. Және бір айтарым, бұрын жұмысшылар өндіріс орнына зауыт автобусымен қатынайтын еді. Енді «елде дағдарыс», «жанар-жағармай бағасы қымбат» деген себеппен  автобус та тоқтатылды. Қазір жұмысшылар қала шетіндегі зауытқа жаяу қатынап жүр.

«Басқа түссе баспақшыл» демекші, зауытта қызмет ететін жұмысшылар жоғарыда айтылған кедергілердің бәріне көніп келеді. Бірақ соңғы кезде жұмысшылардың жалақы мерзімі өзгерді. Бір айдың жалақысы қолымызға екі-үш бөлініп әрең тиеді.  Ал ақпан, наурыз, сәуір айының жалақылары қашан берілетіні белгісіз. Бұл мәселе турасында жұмысшылар зауыт директоры Д.Псянчин мырзаға бірнеше мәрте шағымданды. Директор: «Айлық келесі аптада болады. Осы жолы зауыттың несиесі мен салығын төлейміз» деп шығарып салды. Д.Псянчин берген уәдеге бір емес, бірнеше апта өтті. Басшылар жалақы туралы бірде-бір сөз де қозғамайды, «Баяғы жартас, бір жартас»…

Біз — жас отбасымыз. Қандыағаш қаласына келгенімізге екі жыл болды. Үш баламыз бар. Қалада үйіміз болмағандықтан, пәтер жалдап тұрамыз. Жолдасым аталған зауытта қызмет етеді. Зауытта екі-үшке бөліп беретін жалақы біздің жыртығымызды бүтіндей алмай отыр. Кейде балаларым мектепте өтетін мерекелік шараларға қаржының жоқтығынан қатыса алмай, қиналады. Бұл біздің ғана жағдайымыз. Ал жоғары оқу орнында бала оқытып, көп бала асырап отырған отбасылардың жағдайы қандай? Жұмысы үздіксіз жүріп тұрған зауыт басшылары жалақымен күн көріп отырған жұмысшылардың айлығын неге жымқырады? Қалың бұқараның жағдайын неге бір сәт ойламайды?!

Қаладағы оймақтай зауыттың ойранын аудан әкімі Серік Шаңғұтов қолға алып, біздің жалақымызды уақтылы алуымызға жәрдем етсе екен.

Ш.НҰРҚЫЗЫ,

Қандыағаш қаласы.

Кеңес

Кітаппенен көркейер, көкжиегі көңілдің

Кітап — адам баласының бағзы заманнан бергі жиған-терген қазынасының  ішіндегі ең қымбаты. Ол адамзаттың өсу, даму жолындағы өлшеусіз еңбегінің жемісі һәм білім қазынасы. Сондықтан мен өзімнің жарты ғасырлық ұстаздық еңбек жолымда шәкірттерімнің кітап оқуын жіті қадағалайтынмын.

Ұстаз үшін ең үлкен бақыт — тәрбиелеген шәкірттерінің білімді азамат болуы. Ал мұндай мәртебелі абырой ұстаз бен шәкіртке ғылым-білімсіз, ізденіссіз келмесі анық. Сол себепті әр ұстаз шәкірттеріне кітап әлемінің сырын ұғындырып, сыныптан тыс уақытта әдебиетпен қауышуына ықпал етуі тиіс.

Ұзақ жылдардағы ұстаздық қызметіме үңілсем, оқушыларға кітап оқу дағдысын қалыптастыруға айрықша мән беріппін. Алдымен жаңа топтағы оқушылардың әдебиетке ынтасын бақылап, кітаптардың тізімін жасақтадым. Және шығармалардың оқылуын, оқушылардың әдебиетке көзқарасын бақыладым. Ал оқушылар жазғы демалысқа шығарда тағы да кітаптардың тізімін толықтырып, жаңа оқу жылы барысында тексеріп, қадағалап отырдым.

Мен ұстанған бағыт жақсы нәтиже берді. Мектепте кітап оқуға, әдебиет сырын түсінуге талпынған ынталы оқушылардың қатары көбейді. Қазақ әдебиетінің танымал қайраткерлері Ә.Нұрпейісов, Т.Ахтанов, Ә.Сәрсенбаев, Қ.Шаңғытбаев, І.Мәмбетов, С.Жиенбаев, А.Бақтыгереева, Е.Дүйсенбаев, Ф.Оразаев, С.Баймолдин тәрізді қалам иелерімен өткен кездесулер де әр жылдардағы түлектердің естерінде бар.

Оқушыларға ұлттың табиғи болмысын көрсетіп, оларға қазақ жанын түсіндіру үшін алдымен әдебиетті оқыту қажет. Сонда ғана әр бүлдіршін өзінің туған елінің қадірін түсініп, ел-жұртын мақтан етері сөзсіз. Бұл іс алдымен ұстаздарға жүктеледі.

Зоя БІРАЛОВА,

ардагер ұстаз, «Құрмет белгісі» орденінің иегері.

Ақтөбе қаласы.

Денсаулық

Шипалы алақан

Жас кезімізде жұмысқа аса мән беріп, денсаулықты елемеппіз.  Енді, міне, қарттықтың ауылы жақындаған сайын, денсаулығымыз сыр бере бастады. Сырқат адам қашанда дәрігердің жылы сөзі мен шипалы алақанына зәру ғой.

Адам есейген сайын аурушаң болады екен. Оның үстіне сырқаттанған қарт адамның  күнделікті  жүріп-тұруы мен тамақтануының өзі мұң. Ал ауруханаға сенім артып барсаң кей дәрігерлердің емі тұрмақ, өздерінен әзер құтыласың…

Денсаулығым жиі мазалаған соң зайыбым Торғай екеуміз қаладағы «Евразия» медициналық орталығындағы мамандардың кеңесіне жүгініп, арнайы аппараттармен тексерілдік. Мені қуантқаны, мұндағы дәрігерлер сондай биязы, кеңпейілді, үлкенді сыйлай білетін жандар екен. Өз істеріне тиянақты, жылы сөз, ізгі лебіздерімен адам жанын жадыратады. Әрі жасаған ем-домдары да көңілге қонымды.

Орталықтағы мамандардың анықтауынша, менің бүйрегім, асқазаным ауырады, ал зайыбымның қан қысымы жоғары, бауыры мен өтінде тас бар екен. Бізді тексерген дәрігер Әсия Қалдығарина барлық анализдерді тапсыртып, жаңа аппараттар арқылы бақылаудан өткізді.

Бір байқағаным, бұл емханадағы әрбір маман емделуші адамдардың жағдайын жасап, олардың тез жазылуына ықпал етеді. Біз осындай абзал мамандардан ем алып, сырқатымыздан тез айықтық. Мен аталған ауруханадағы барлық жаны таза, абзал ақ халатты мамандар мен медбикелерге шын көңілден алғысымды айтып, ақ батамды беремін. Әрбір дәрігер осындай мамандардан үлгі алып, емделушілерге адал қызмет көрсетсе екен…

Қуаныш ӨМІРЗАҚҰЛЫ,

зейнеткер,

Хромтау қаласының Құрметті азаматы.

  • Тірлік

Бағыңды балгерден сұрама!

Қазір қаламызда бақсы-балгер, құмалақшы, емші-тәуіптер көбейіп кетті. Әсіресе, Орталық базар маңына бойлай тізілген түрлі ұлт өкілдерінен құралған «көріпкелдер» қосындысы жолыңды кес-кестеп бағады.

Жаратқан Аллаға серік қосып, өзгеге табыну дұрыс емес екенін бәріміз білеміз. Бірақ көбіне ісіміз оңға баспағанда, бағалы бұйымымызды қолды қылғанда, тіпті шошынарлық түс көріп, алыс сапарға шыққанда да «қырық бір құмалақты» сөйлетуші мамандардың кеңесіне жүгінеміз. Базардағы қазақтың «көріпкелі»  құмалағын сөйлетіп, көсілсе, орыстың қыздары мәселеңді картадағы суреттермен шешіп береді. Ал сығандардікі тіпті қызық, олардың пайымынша, алақандағы әрбір шимай — пенденің тағдыры екен. Бұл білгіштер аузы-аузына жұқпай мәселенің мәнісін лезде анықтап, алдағы уақытта не болатынын бірден болжап береді. Қызығы, бұл балгерлердің арасында бірнеше жылдан бері халыққа құмалақ ашумен күн көріп отырған «еңбек өтілі» жоғары аналарымыз да бар.

Қазір қай телеарнаны ашсаңыз да жүгірте жолдар арқылы «Ішімдікті қойдырамын, көз тигенді жазамын, бөпелі етемін» деген тәрізді жарнама мәтіндері беріліп жүр. Бірақ бұлардың көпшілігі халықты алдап, ақша табу үшін еңбек ететіндер. Қысқасы, «аңқау елге арамза молдалар» күн санап көбейіп, адам қалтасын қағуға белсене кірісіп-ақ кетті.

Болашақты болжап, келешекті білуге ұмтылу күнә дейді біреулер. Бәлкім бұл пікір дұрыс та шығар. Қысылтаяң шақта жаныңа демеу болатын жалғыз Алла ғана. Пенде маңдайға жазылған тағдырдан қанша қашса да құтыла алмайды. Ал маңдайдағы жазуды оқу, оны түзету көріпкелдердің қолынан келмесі тағы анық.

А.БӘЙТІБИҚЫЗЫ,

Ақтөбе қаласы.

  • О, несі-ай!

Біздің газетіміз қайда?

Мен Ақтөбеге 2005 жылы көшіп келдім. Туған елдің топырағынан жырақ кетсем де, ауылдағы жерлестерімнің жағдайынан хабардар болу үшін, аудандық «Ырғыз» газетін жыл сайын жаздырып оқимын. Бірақ соңғы кезде біздің қолымыз бұл басылымға жетпей жүр.

Қалаға қоныс аударсақ та, шалғайдағы туған елдің жайына алаңдап, үнемі ойлап жүреміз. Ел жаңалықтарымен танысып, тұрғындардың жайын, тұрмыс-тіршілігін  білейік деген мақсатпен апта сайын аудандық «Ырғыз» газетімен қауышамыз. Басылымнан елдегі жағымды жаңалықтарды оқығанда төбеміз көкке жеткендей қуанамыз. Қысқасы, «Ырғыз» газеті біздің отбасымыз асыға күтетін басылымға айналды.

Айтайын дегенім, соңғы кезде аталған газет біздің қолымызға тимей жүр. Бұрын пошта қызметкерлері басылымдардың барлығын пәтерімізге әкеліп беретін еді. Кейін газет нөмірлері қолымызға кешіктіріліп тиетін болды. Бірте-бірте пошташылар «Ырғыз» газетін әкелмеске айналды. Істің мән-жайын білмек ниетпен Рысқұлов көшесіндегі пошта бөліміне барып сұрадым. Пошта қызметкерлері: «Бұл газет баспаханада өте кеш басылады. Бізге әлі газет жеткен жоқ», — деп сылтауратып шығарып салды. Біз отбасымызбен апта сайын шығатын «Ырғыз» газетін асыға күтіп жүрміз. Ал басылымның қолымызға тұрақты тимеуіне кім кінәлі?

Райса ДЕРБІСАЛИНА,

Ақтөбе қаласының тұрғыны.

Асыл ана

Жиырма немеренің әжесі

Ері өмірден ерте озғанда тіршіліктегі барлық қиындықтың жүгін мойнымен көтерген Күләй ана бүгінде жетпістен асты. Он алты баланы өсіріп, өз алдына отау еткен ананың еңбегі айта жүрер үлкен ерлік. Қара шашын ақ қырау шалып, әдемі жүзіне әжім өрнек салған қарт ана қазір жиырма немересін әлдилеуден бір жалыққан емес…

Адамның өмірі ертегі сияқты. Басында әлдимен басталған ғұмырда небір кедергілер кезігеді. Егер барлық қиыншылықтарға төзіп, жеңіліске жол бермесең, мақсат-мұратыңа жетесің…

Біз сөз еткелі отырған, Күләй ана да жас шағында ерге сыйлы жар, елде ибалы келін атанған еді. Жолдасы Кеулімжаймен бірге еңбек етіп, далада боран мен суыққа мойымай мал бағысты. Еңбек десе байыз тауып отыра алмайтын абзал ана қай іске де білек сыбана кірісіп кететін. Қашанда ауылдастарына қамқор боп жүретін жолдасы Кеулімжай өмірден ерте кетті. Ал әке шоғын маздататын ұрпақты Күләй ана өшірмей, жалғыз өзі он алты баланы тірнектеп жүріп оқытты-тоқытты, ел қатарлы азамат етті. Аллаға тәубә, қазір он алты бала ана еңбегін ақтады. Барлығы әжептәуір еңбек етеді. Ал сол он алты қарадомалақтан өрген жиырма немере де әжелерінің әлдиімен өсіп келеді.

Күләй ана жасынан әнші әрі өнерлі болатын. Ол он саусағы майысып, құрақ құрап отырып ән салғанда, еріксіз тамсанып, таңдай қағасың. Бүгінде анамыз жетпістен асса да ауылдың сәні. Жақында мектепте өткен «Әжелер байқауында» ол халық әндерін тамылжыта орындап, көрермендердің қошеметіне бөленді. Ал оның зерделеп тіккен кестесі оқушылар үшін таптырмас қымбат қазына.

Күләй анамыз қазір ауылымыздың ұйытқысы һәм тірегі. Кейінгі жас келіндер осындай абзал аналардан үлгі-өнеге алса екен.

Л.БАҚАНОВА,

Қияқты ауылы

Әйтеке би ауданы.

Ұстаз

Өз ісінің шебері

Балаға әр кез жақсылық жасап, білім мен тәрбие жолында бар уақытын сарп ететін ұстаз орны қашанда жоғары.

Әр шаңырақтың еркелерін бір арнаға тоғыстырып, оларды білімге тәрбиелеу, тәртіпке шақыру оңай жұмыс емес. Бұл мамандыққа темірдей қатты талап пен жүйкенің шыдамдылығы қажет. Ал өзі баптаған шабандоз талай мәрелерде топ жарып, биікке жеткізсе, бұл ұстаз үшін зор мақтаныш.

Біздің мектептегі тәжірибесі мол, озық ойлы, қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын білгір маманның бірі — Қансұлу Жәмиева. Әр кез іздену, ілгерілеу жолында еңбектенетін ұстаздың жеткен биігі де мол. Оның талапшылдығының арқасында оқушылар түрлі олимпиадаларда топ жарып, жүлделерге қол жеткізіп жүр.

Қансұлу ұстаздың еңбекқорлығы мен білімділігін, жеткен биігін әріптестері мен шәкірттері, ата-аналар қауымы әр кез мақтан етеді.

Рабиға ТӨЛЕГЕНОВА,

Тоқмансай негізгі мектебінің мұғалімі.

Алға ауданы.

Айтарым бар…

Кезекке тұрыңыз!..

Қазір қай жерге барсаңыз да, қай нәрсені алсаңыз да, алдымен «кезектің» көмегіне жүгінесіз. Ал кезексіз кіруге әрекеттенсеңіз, қалың бұқара сізді ортадан кимелеп шығарып тастайды…

Егер жолыңыз түсіп жергілікті әкімшілік, банк, заң орны немесе вокзалға барсаңыз, тіпті сырқаттанып аурухана есігін аштым десеңіз, әуелі жүйкеңізді әзірлеңіз. Неге дейсіз бе? Таң ата кезекке тұрып, сағызша созылған адамдардың тізімінің өзі сізді шаршатып-ақ жібереді.

Басқаны қайдам, әйтеуір біздің Шалқарда «бисмилламен» бастасаң да, бір-екі күнсіз шаруаң бітпейді. Ауылдағы бар тірлікті ысырып тастап, қажетті құжатты рәсімдеу үшін аудан орталығына «тоқылдақ» пойызбен тартып отырамыз. Әкімшілікте жеке куәлік, үй құжаттары, ауыл шаруашылығы,  т.б. құжаттарды реттеу үшін ұзын сонар кезекке тұрып, өлдім-талдым деп қабылдаушының алдына ентелеп жеткенде, түскі ас уақыты болады не қабылдайтын маман қолыңдағы бума қағазды дұрыс емес деп шығарып салады. Ал бұл қағаздарды дұрыстау үшін қайта кезек күтесің…

Шалқарда бәрі кезек. Оқу бөліміне, сот ғимаратына, тіпті асхана мен кафеге  келсеңіз де ығы-жығының куәсі боласыз. Ал жаңадан салынған емхана алаңы құдды вокзал сияқты. Қашан барсаңыз да халықтан босамайды. Қапелімде ауырып барсаңыз да, шалқарлықтар сізді кезексіз дәрігерге жібермейді. Екі-үш күн артынып-тартынып шаруаларымды реттедім деп вокзалға құстай ұшып келгеніңде, «Шалқар-Ақтөбе» пойызының қызыл қырғынына тап боласыз. Мұнда да кезек… Міне, осылай біз барлық істі «кезектің» көмегімен реттейміз. Онсыз болмайды. Сансыз кезекшіліктен халықтың да, мамандардың да ығыры шықты. Сонда да кезек.

Жақында жеке құжатты реттеу, жаңасына ауыстыру туралы сөз болды. Енді ауданға қарасты ауыл тұрғындарының барлығы қайтадан Шалқарға қарай ағылып, кезекке тұрады. Меніңше, құжатты реттеу үшін әр ауылға ауданнан мамандар келіп, кезексіз қабылдап, құжатымызды жөндеуге жәрдем етсе жақсы болар еді.

А.ӘБІЛМАНСҰРҚЫЗЫ,

Шалқар қаласы.

Оқырман хаттарын топтастырған Айгүл ЖҰБАНЫШ.

bukara07@mail.ru

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button