Әлеумет

Рулы елдің анасы

Батан Отарбаева апамыз аман-есен сексеннің сеңгіріне шығып, баяғы ширақ, пысық қалпында шауып жүр. Сонау 30-жылдардағы қуғын-сүргіннің құрбаны болған әкесінен жеті жасында көз жазып қалған Батанның да, оның тұстастарының да балалық шағы  базарлы бола қойған жоқ. Аштықты да, жоқтықты да, соғыс жылдарының ауыртпалығын да көппен бірге көріп, шынығып өскен  Батан апай дүниеге балпанақтай ұл мен қыздың бірінен соң бірін әкеліп, Батыр Ана атанды. Өз сөзімен айтқанда, шалы Шымбай екеуі шәй деспей өмір сүрді. Байғанин аудандық баспаханасында 30 жыл бойы қолы май-май болып әріп теріп, «Үздік баспагер» атағын алды. Әйтеуір «бала тауып, нан жауып»  үйде отыратын әйел болған жоқ, олай істей де алмайтын еді, оған туабітті белсенділігі мұрша бермеді. Көпшіліктің ішінде жүргенді, айтарын айтып қалғанды жақсы көрді.

Газет тілшісінің қойған сұрақтарының аясынан асыңқырап,  «алыстан сермеп», ұзағынан сілтейтін, айтары көп, қарымы мол  апамызды қайырмалай отырып, төмендегі әңгімесін қағазға түсірген едік.

—    Ал Батан апа, жасыңыз құтты болсын! Осыдан он жыл бұрын «Жасым келді жетпіске, Әлі күнге алғаным  жоқ өтпеске» деп өлеңдетіп, редакцияға соғып кеткеніңіз бар еді. Енді не деп әндетіп жүрсіз? «Жасым келді сексенге, Батандай апа таппайсың, Қарауылкелдіге ексең де» деп Кенен атама еліктеп  жырлап жүрген жоқсыз ба?

—    Алланың бергеніне тәубе, шырағым. Өлеңді жазып жүрмін ғой.  Шалым Шымбай екеумізден тараған 12 баладан 36 немере, 21  шөбере сүйіп отырмын. Марқұм атаң да байланыс саласына еңбегі сіңген адам еді, «Қазақтелекомның» алтын кітабында есімі жазылған.Әлі де қарап отырғаным жоқ, міне, көріп отырсың ғой, мына қағаз-кітаптың ішінде  бірдеңе жазып, түртінектеп  отырамын.  Мен әлі күнге өтпеске алмаған адаммын, қолым шаруадан босамайды.  Бала-шағаның бітпейтін шаруасына бас-көз болып, баратын жеріне барып, кіретін жеріне кіріп, екі білекті сыбанып жүргенім.  

Біз қиындықты көп көрген ұрпақпыз, әбден ыстыққа күйіп, суыққа тоңып шыңдалып өскен соң, ондай жандардың ғұмыры да ұзақ болатын шығар.  Әкем Отарбай Түйешин қарапайым шаруа адамы еді, жазықсыз жала құрбаны болды. Осында Түйетөбеде жатыр. Соғыс басталғанда  он жаста едім. Сағи бәріміз бір үйде өстік, екеуміздің нағашылы-жиенді екенімізді халық біледі ғой. Кейін ол оқып, ақын болып, атағы алысқа кетті. Менің жетінші сыныптан әрі оқуға мүмкіндігім болмады.

Буынымыз қатпай тұрып-ақ,  ауылдың қара жұмысына жегілдік. Асқа-суға жарымадық.  Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін  таң атқаннан күн батқанша тырбанып жұмыс істедік. Соғыс кезінде  қазандағы тамақты бөліп беретін шотауат та болдым. Несін айтасың, ел емініп отырған қазандағы көжеге мысық түсіп кетіп, аш қалған уақытымыз да болды.  Қыста әскерге деп жүннен  шұлық тоқимыз. Біз атқармаған  іс бар ма, түйемен көктемде тұқым да тасыдық, сабан да айдадық, егін де ордық. Одан қалды жұрт қалғып-мүлгіп кешкі астарын алдына алғанда:

«Соқ, барабан, көк танктер қаптасын,

Қызыл ерлер  жауды жеңіп, таптасын.

Таста, таста, көктен бомба, сұңқарлар,

Ит фашистер кірерге көр таппасын!» — деп  патриоттық әндерді айтып, бала біткен шулаймыз. Ол кезде күндердің күнінде осындай дәрежеге жетеміз деп кім ойлаған?! Бірақ сол кездегі халықтың пейілін айтсаңшы, өздері жарымай отырып, бір уыс бидайды көрші-көлемімен бөлісетін. Ертеңгі күнге деген сенім  мол еді.

Қазір бақыттымын, шүкір. Ел аман. Балаларымның өз қолдары өз ауыздарына жетті. Ата-ананың міндеті балаларды жеткізу ғой.

—    Сіз де ел ішінде ақын атанып жүрсіз,  ойыңыздағыны өлеңмен жеткізіп жүрген адамсыз. Өзіңізді Сағи, Есенбай және басқалар сияқты Жазушылар одағының мүшелігіне лайық қаламгермін деп санайсыз ба? Жалпы қандай ақынмын деп ойлайсыз?

—    Әй, қарағым-ай, мен ондай ақындармен таласпаймын, олардың жөні бөлек қой. Мен олар сияқты оқыппын ба, өлеңді кәсіп етіп соңына түскенім де жоқ. Жазушылар одағына мүше болам деп те жүргенім жоқ. Ауыл-үйдің арасында, той-топырда  құдайдың берген өнерімен бір-екі ауыз өлеңімді шығарып қойып жүрген адаммын. «Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» демей ме, мен ана болғасын отбасымның тірлігін ойлаған кісімін. Баспаханада, газетте жұмыс істедім, әдебиетке жақын болдым. Балалар өсіп, қолым босап, арғы жағым  құралақан болмаған соң, өлеңді ауызша да, жазбаша да шығарып жүрдім. Біреулердің сөзі өткенде, кей бастықтардың қылығына шыдамай,   өткір сөзбен шенеген, құрдастарыма әзіл-оспақ айтқан кездерімді жұрт біледі. Қуансам да өлең шығарам. Есенбайдың алғы сөзімен кітабым да жарық көрді.

—    Жұрт сізді бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін алатын  еті тірі, өте пысық адам деп аңыз қылады. Сол еті тірілігіңіздің арқасында Ақтөбенің өзінен талай пәтерге қол жеткізді , балаларының бәрін оқытты  деседі, сол рас па?

Балаларымның бәріне Ақтөбеден тегін пәтер әперетін құдірет  қайда, рас , Батыр Ана ретінде  пәтер алдым. Тағы бір-екі пәтер өз ретімен берілді ғой.

Мен өзім тыл ардагерімін, екінші топтағы  мүгедекпін, баспахана жұмысының ауырлығынан оң қолымның қарына зақым келген. Атаң  соғыс ардагері еді.

Коммуналдық үйден  екі-үш жыл бұрын маған да пәтер тиді. Сайлау кезінде штабта отырып, үгіт-насихат жұмыстарына қатысқанмын, сол кезде Елбасыға тілек ретінде үй сұрап жазғанмын, әкемнің ақталғаны туралы анықтаманы да қоса салған едім. Әйтеуір, сол сөзім жерде қалмады.

Ал балаларымды  оқытқанда, не жасыратыны бар,  талай игі жақсылардың көмегі тиді. Марқұм Сағи бауырым аянған жоқ. Мұхтар Арынның шапағаты мол болды. Әйтеуір балаларым үшін біреудің алдына барып, көмек сұрауға арланғаным  жоқ. Әрқайсысы бір-бір  мамандық иесі болсын дедім.

—    Сіздің осындай еркін, батыл қимылдарыңызға атамыз қалай қараушы еді?

—     Шалым Шымбай марқұм момын адам болды,  бетімнен қайтарған жоқ, айтарымды айттым, барар жеріме бардым. Мен өзі бірбеткей, ойымдағыны тіке айтатын адаммын. Екі баламды абысыныма қалдырып, кезінде Ақтөбеде алты ай жатып, баспагердің оқуын бітіріп алдым. Одан не зиян көрдім, бала-шағама несібе болды. «Балам бар» деп жолымнан қалғаным жоқ, балалар бірін-бірі бақты. Әйел адамның үйде отырғанынан гөрі қоғаммен араласып, қызмет істегені айып емес деп ойлаймын. Жалпы көп балалы болған жақсы ғой, бүгінде ұрпағымыз бір рулы елге айналды, жақсыда да, жаманда да бір қауым ел болып өздері атқара алады.

Бұ заманда етің тірі болмаса, қайтіп күн көресің? Жоғарыда айтқанымдай, Тоқсаныншы жылдары Ақтөбеге келіп, «Батыр Ана» ретінде үй алдым. Заман алақұйын болып, күн көрістің өзі қиындаған кез. Зейнетақы уақытылы берілмейді.  Қол қусырып үйде отыратын уақыт емес. Жұрттың бәрі көшеге шығып, оны-мұны сатып, нәпақа тауып жатты. Мен де ойланып, белді буып, Ару деген  бір танысымнан қарызға 100 сом сұрап алдым. Оған шемішке сатып алып, сатып көріп едім, алғашқы саудам келісіңкіремеді. Сөйтіп, әр танысымнан 100 сомнан ала жүріп, саудаға кірісіп кеттім. Ол кезде шалым әлі Қарауылкелдіде еді.  Ол да келді, екеуміз ғана емес, сауда жасап күн көрген біз сияқты соғыс, еңбек ардагерлері қаптап жүрді. Жұрттың  бәрінде ақша жоқ, тірі адам тірлігін қылмай ма. Әуелі шемішке, содан тары-талқан саттық, әрі қарай кетті ғой.   Мен өзім күрескер адаммын.  Сауда жасап жүріп те күресіп жүрдім.

—    Кіммен?

—    Тәртіп сақшыларымен. Олар бізге тиіп жатқан жоқ. Бірақ сүт, айран, қаймақ сатқан келіншектерге жаудай тиеді. Сатқызбайды. Олар үшін мен айқайласамын: «Не шаруаларың бар? Күндерін көрсін де байғұстар. Жетіскеннен сауда жасап жүр ме?» деп. Олардың сүт, майын үстелімнің астына жасырамын. Сол келіншектермен әлі күнге сәлеміміз түзу. Қазіргі «Алтай» базары ғой.

Бір күні «Алтай» базарының орнына автотұрақ жасайын деп жатыр екен» деген әңгіме шықты.  Содан базардың бастығы соғыс ардагері ретінде атаңды сол кездегі  қала әкімі Әбеновке ертіп барды. Әкім бір айдың ішінде базар қылып беретін болды. «Отырған орнымызға ақша төлеп жүреміз бе?» деп,         есік алдындағы сауда жасап жүргендердің базардан орын алғылары келмейді. Содан оларды үгіттеп, тіпті өзімнің қызым Ғалияны,  келінім Венераны                     қасыма алып, базардан орын алдық. Саудадан ұтылғанымыз жоқ, балаларымның үй алып, тұрмысын түзеп кетуіне септігі тиді. Сол еңбегімізді ұмытпай, «Алтай» базарының бастығы Нұрлан мен бас есепшісі Жанболат  деген балаларым әлі күнге дейін сыйлап-құрметтеп жатады. Кешегі сексен жасымды да елеп, үйге келіп құттықтап кетті. Шалым екеуміз оларға қадірлі ата-әже болғалы да талай жылдың жүзі өтіпті.

—    Сізді батыр дейді, батыл дейді, әкімқаралардың есігін именбей ашып кіре алатын кісі дейді. Іскер дейді. Өзіңізден кейінгі қазақ әйелдеріне не айтасыз?

—     Қазақ әйелі әдеп сақтасын, ибалы болсын, бірақ бет моншағы үзіліп, өзіне тиесілі несібесінен қағылмасын, айтар жерінде айтсын. Ешкімнен қаймықпай, кіргім келген жерге кіріп келе  жатқан адаммын, ешкімге жамандық жасап көргенім жоқ.

Келіндер көп балалы болсын, қазақтың санын көбейтсін. Қызметте өсемін десе, несі бар, өссін. Көзі ашық, көкірегі ояу қазақтың қыздары көп, олар от басы, ошақ қасында қалып қоя алмайды.

Іскер болсам несі бар, пединституқа қарсы жерде орналасқан «Студент» деген кітап дүкені біздікі. Адам заманына қарай қимылдайды ғой…

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button