Рухани жаңғыру

Өткеннің өнегесі ұлтты көркейтеді

Ертеңімізге бағыт беруді көздеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын оқығанда Отанға, туған жерге, ұлттық болмысымызға деген шынайы сүйіспеншілік сезімі көкіректі кернейді.

Туған жердің қадірін жоғары көтеретін бабалар сөзін бала кезден жадымызға тоқып өскен ұрпақпыз. Ұл-қызын тарихты қастерлеп, салт-дәстүрді сақтауға үндеген аға буынның алысты болжағыш алғырлығы да тәнті етеді. Бүгінде ерекше мағына беріліп айтылып отырған Ұлттық кодты сақтау идеясы бабалардың жүрегінде тұрған. Міне, осы ұстанымды Елбасының мақаласы жаңғыртқандай әсерде қалдырды.

Осы күнге дейін материалдық мәселемізді алға шығарып, рухани құндылықты кейінгі ысырып қойғанымыз ащы шындық. Отбасымыздың қаржылық жағдайына көңіл бөлгенімізбен, ұл-қызымыздың өнегесіне көп алаңдай қоймадық. Баласының болашағына уайымдаған ата-ана тек жақсы мектеп таңдаумен, қосымша сабақтарға ақша бөлумен шектелетін. Ал, ұлттың жалғасы саналатын ұрпақтың тарихты білуі тек мектеп оқулығындағы мәліметтер алудан әріге бармайтын еді. Соның кесірінен теледидар мен интернетке телмірген балалар өзге елдің тәлімін көріп, тәрбиесіне бойын үйретіп өсті. Қазақтың баласын теледидар мен интернет тәрбиеледі. Мұның қаншалықты залалды, пайдасыз екенін енді көріп-біліп отырмыз.

Ал, «Қарты бар ел — қазыналы» демекші, үйінде үлкені бар отбасыларда сол озық дәстүрдің әлі күнге сарқыншағы үзілмеген. Атасының әдемі әңгімесін, аңыз, қиссаларын тыңдап өскен балалардың ақылы кемел, ойы ұшқыр, тәрбиесі мықты болатынын дәлелдеп жату артық. Осыны ескергендіктен болар, Елбасы өзінің мақаласында «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық  дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды» деп ойын тамаша қорытқан.

Егер ұлт ретінде сақталғымыз келсе, озық ел ретінде өзгелерді мойындатқымыз келсе, басқаларға көзсіз еліктеудің қажеті жоқ.  Әр ұлт өзінің салт-дәстүрімен, тілінің байлығымен ерекше. Өткен тарих – келешекке бағдар. Сондықтан, оны түзеуге, өзгертуге қақымыз жоқ. Бізді дәл осы қалпымызмен, дәл осы салтымызбен өзгелер танысын, мойындасын!

Әрине, бұл ескіні жаңартпайық, жаңаға ұмтылмайық деген сөз емес. Және оған уақыттың өзі, күн сайын өзгеріп отырған заманауи жетістіктер де мүмкіндік бермейді. Елбасының сөзімен айтсақ, «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек!».

Өткенін ұмытпай, жаңадан қалмай өмір сүруге дағдылану арқылы біз елімізді биіктерге жеткіземіз.

А.МУСИНА,

Ақтөбе қаласы мамандандырылған

әкімшілік сотының судьясы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button