Рухани жаңғыру

Елбасы мақаласы — жарқын істердің үлгісі

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы – ұлттық идеологиялық бағытымыздың қайнар көзі. Ұлттық дамуымыздың негізі болған бұл бағдарлама — таразыға тартылып, сан жылдардан бері пісіп-жетіліп, парасаттылықпенен қорытындыланып, тағылыммен тұжырымдалған ойлы да жүйелі дүние. Өйткені осы уақытқа дейін еліміздегі жүзеге асырылған стратегиялық бағдарламалардың барлығы рет-ретімен және сәтті түрде жүзеге асырылып келеді.

Биыл Елбасымыз өз мақаласын жариялап, идеологиялық ұстынның қадау-қадау қазықтарын қағып, елдің өткені мен болашағын қырағылықпен болжап, шешімдерін шегелеп берді.

Мемлекет басшысы өз мақаласында туған жер жайында, оны көркейту бағыттарына қатысты көптеген шешімдер мен ұсыныстарын, жобаларын жүйелеп, «Туған елге» ұласатын «Туған жер» бағдарламасы туралы да айтып өткен.

«Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады. Мәселен, «Ауылым – әнім» атты әнді  айтқанда, «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін» деп шырқайтын едік қой. Бажайлап қарасақ, бұл – мағынасы өте терең сөздер», — дейді Елбасы өз мақаласында.

Елбасының ұсынып отырған «Туған жер» бағдарламасы бұл жастарымызды патриоттық сезімге, туған жерін, елін сүюге тәрбиелейтін игі бастама деп білемін. Осы бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында біздің оқу орнында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылып, жаңа идеялар қолға алынып жатыр.

Елбасы айтқандай, патриотизм ортақ тарих пен мәдениеттен, тілден, отбасынан бастау алады. Белсенді жасампаз патриотизм елдің жетістіктерімен, біздің заманымыздың қаһармандарының нақты істерімен қуаттанып, нығайтылуы тиіс. Мақалада біздің Отанымыздың – Қазақстанның игілігіне жұмыс жасап жатқандар үшін ең маңызды, құнды бастамалар айтылған. Сондықтан ел Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы – ел Тәуелсіздігін одан әрі нығайту жолында жастарға арналған жол картасы, қоғамдық сананы өзгерту жолдарының басты бағыттарын белгілеп берген құнды құжат.

Менің ойымша, әрбір қазақстандықтың бойында патриоттық сезім, рух, жігер, еліне, туған жеріне деген сүйіспеншілік болмаса біздің еліміз дамыған 30 елдің қатарына ене алмайды. Ол үшін Елбасымыз бастап берген жарқын істердің үлгісі — аталған бағдарламада айтылған негізгі міндеттер мен тапсырмаларды сапалы және жүйелі түрде орындауымыз керек.

Ақмарал ЖҰМАБАЕВА,

М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының

жоспарлау, үйлестіру және бақылау бөлімшесінің

инспекторы, полиция аға лейтенанты.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button