Рухани жаңғыру

Тәуелсіздік тартулары

Міне, егемен еліміз үшін тарихи, маңызды сәттерге толы Тәуелсіздіктің 26-шы жылы да келді. Осы уақыт аралығында біздің еліміз алға ұмтылумен болды. Рухани-мәдени жағынан көптеген жетістікке қол жеткізіп, елімізде талай игі істер қолға алынды. Осы жылдар аралығында ауылдар да көркейіп, ерекше ажарланды. Халықтың тұрмысы түзеліп, етек-жеңімізді жинадық. Аудандағы кеңестік кезеңнің соңғы құрылысы «Тұрғын үй 91-ден» тоқталды. Ал  Тәуелсіздіктің жаңа құрылысы жеке тұрғындардың үй салуымен басталды. Сондай-ақ мемлекет халыққа ең қажетті әлеуметтік ғимараттар салуды бастады.

Білім беру саласына келсек, ауданда алғаш салынған құрылыстардың бірі —  2004 жылы бой көтерген Қараой мектеп-балабақшасы. Одан бері қарай ауданда үлкенді-кішілі 7 мектеп, бір мектеп-гимназия бой көтерді. Сондай-ақ аудандағы барлық білім ордасы жөндеуден өтіп, уақыт талабымен үндесіп, адам танымастай өзгерді. Келбеті мен сән-салтанаты жарасқан, жаңа оқу ғимараттарымен толыққан Ойыл аграрлық колледжі де бүгінде студенттердің киелі ордасына айналды.

Денсаулық саласы бойынша қыруар істер оң шешімін тапты. Аудан орталығында бір орталық аурухана және селолық округтерде оннан аса амбулатория, медициналық пункттер салынды, ескілері жаңартылды. Ғимараты салынып қана қоймай, оларға  заманауи құрал-жабдықтар алынды.

Тәуелсіздік алғаннан кейін ауданда мәдениет саласы да айтарлықтай алға басты. Аудан орталығының өзінде 4 саябақ, 1 спорт алаңы жасақталды, балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі ерекше үлгімен жабдықталып, спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Қазір жастарға спорттың қай түрімен болса да айналысуға мүмкіндік мол. Сонымен қатар аудан орталығы мен елді мекендерге жарықтандыру жұмыстары жүргізілді.

Кезінде аудан тұрғындарына арман болған, ауданды облыс орталығымен жалғайтын жол мен Саралжын көпірі мәселесі де шешілді. Ауданымызға салынған ұзын жол инфрақұрылымды дамытуының басы болып, одан бері көптеген құрылыстар салынды. Биылғы жылы 2005 жылдан бастап мемлекет тарапынан салынған коммуналдық тұрғын үйлердің саны 96-ға жетсе, тұрғындар тарапынан 400-ге жуық тұрғын үй бой көтерді.

Биылғы жылы ауданда 21 тұрғын үй, екі мектеп салынып, пайдалануға берілді. Бұл бұрын-соңды аудан тарихында болмаған жағдай. Бұның барлығы — облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың еңбегі. Ол қысқа мерзім ішінде бір Ойылдың халқы үшін айтарлықтай жұмыстар жасады. Атап айтсақ, бұдан 10-15 жыл бұрын ауданға газ келеді деген ой түсімізге де кірмейтін. Ойылдың іргесіне дейін газ құбыры келгенімен оның берілуі екі талай болған еді. Облыс басшысы елдің үкілі үмітін кешіктірмеуге тырысты. Жұмысын кешеуілдеткен мердігерлердің жұмысын қатаң сынға алып, ауданға көгілдір отынның кідіріссіз берілуіне ықпал етті. Қазіргі таңда аудан орталығының 70 пайызы көгілдір отынмен қамтылып отыр. Ал көгілдір отынның кіруі — Тәуелсіздіктің толағай тартуларының ең үлкен сыйы.

Сондай-ақ ауданда облыс әкімінің қолдауымен қол үзіп кеткен тары егу жұмысы да қолға алынды. Аудан бойынша биыл ауыл шаруашылығы саласындағы жеткен жетістігіміз мол.  Төрт түлігіміз асылданып, техникамыз жаңаруда. Бір жылдың ішінде көктемгі жауын-шашыннан құлаған 30 тұрғын үйге 8,5 млн теңгеге қаржылай көмек беріліп, тұрғындардың жаңа үй тұрғызуларына жәрдем жасалды.

Облыс әкімі бұл жұмыстарды бастан-аяқ өзі қадағалап, бақылауда ұстады. Нәтижесінде тұрғындар жаңа үйге қол жеткізсе, екі ауылдың балалары жаңа мектептің табалдырығын аттады.

Биылғы жылдың үлкен жаңалығы ауданда Көкжар жәрмеңкесінің 150 жылдығының кең көлемде аталып өтуі болды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласымен үндескен тарихи шараның ойдағыдай өтуіне Бердібек Машбекұлының бастамасы түрткі болды. Екі күн бойы жыршылардың жырына арқау болған Ойылдағы дүбірлі тойға облыс басшысы арнайы қатысып, өнер иелерін марапаттап, өзінің ұлттық дәстүрімізге бейжай қарамайтындығын көрсетті. Оның ауданға бір күндік сапарының өзі аудан үшін елеулі оқиғалармен есте қалады. Облыс әкімі екі жыл ішінде ауданымызға он рет келіп, аудандағы талай «бітер істің басында» болды.

«Азаматына қарап елін таны» дегендей, Бердібек Сапарбаев Ақтөбе облысының тізгінін ұстағаннан бері біраз мәселенің түйіні шешілді. Облыс әкімі халықтың әлеуметтік жағдайына баса назар аударып, сондай-ақ талап пен тәртіпті күшейтуде.

Қазір бұрынғыдай мердігерлердің ісі аяқсыз қалмайтын болды. «Ұзын арқан, кең тұсаулар» алынып, негізсіз уәделер азайды. Облыс басшысының тапсырмасын аудан, ауыл әкімдері де тиісінше орындап, игі істерді жалғастырып келеді.

Қорыта айтқанда, мұның бәрі — тәуелсіз еліміздің дамуы жолында ауылдың ажарын көтеруге бағытталған қадамдар. Осындай игілікті істерге қарап Елбасымыздың саясатын іске асыруда тынымсыз еңбектерімен көрініп, елге жанашырлық танытып жүрген билік басындағыларға халық та риза.

Г.Болаева,

еңбек ардагері,

«Замандас» зейнеткерлер

 клубының төрайымы.

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button