Рухани жаңғыру

Ерліктің еншісі ескірмейді

Кейінгі кезде қазақтың аруақты  батыры, Әбілқайыр ханмен бірге шешуші шайқаста жоңғардың белін сындырған даңқты  қолбасшы Бөкенбай Қарабатырұлы туралы көбірек айтылып, жазыла бастады.  Оның өр рухын ұлықтау мақсатында облыста қоғамдық кеңес құрылды. Біз қоғамдық кеңес  төрағасы, Ақтөбе облысының құрметті азаматы Мәлік Жекеевпен әңгімелескен едік.

— Жақында XVIII ғасырдағы қазақ елінің жоңғарларға қарсы ұлт-азаттық соғысында аты аңызға айналған Бөкенбай Қарабатырұлының туғанына 350 жыл толуына арналып ғылыми-теориялық конференция өткізіліп, Ақтөбе қаласының көрнекті көшелерінің бірінде ел қорғаған ерге ескерткіш орнату жөнінде шешім қабылданып, орны белгіленді. Осыған байланысты іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі ретінде өз ойыңызды білдірсеңіз.

— Көпшілікке аян, қазақ халқының тәуелсіздігі үшін атқа мініп, соңына қалың жұртын ерте білген, қол бастап, ұлы далаға көз тіккендерге тойтарыс берген Бөкенбай Қарабатырұлы әлі күнге дейін ел тарихынан лайықты орнын ала алмай жүрген асылдарымыздың бірі. Тіпті 2001 жылы шыққан «Ақтөбе» энциклопедиясында «Бөгенбай батыр» деген атпен ерлігі жөнінде мағлұмат берілген.

Белгілі ғалым, тарихшы Ирина Ерофеева көп жылғы зерттеулеріне сүйене отырып қазақ елінің тарихында жеті Бөгенбай атты батыр болғанын айтады. Ол кезде олардың есімдері қалай жазылғанын болжау қиын. Сондықтан ру аттарымен нақтыланған. Әрі олар әр тарихи кезеңдерде ерлігімен ел есінде қалған. Аңызға айналып, өлең-жырларға қосылған. Ауыз әдебиеті үстем болған заман ғой. Ұлы далада айтылған сөздің қадір-қасиеті өте жоғары бағаланған. Көпшілік, ақпарат құралдары болмағандықтан, өткен тарихты көркем туындылар арқылы  біліп қабылдаған.

Тарихшылар көпшілік жағдайда осы ауыз әдебиетіндегі батыр, би, хан, сұлтандардың бейнелері мен ерлік істерін тарих шежірелеріне енгізген. Сондықтан өткеннің ақтаңдақ беттерін жан-жақты зерттеп, әділ баға беріп, келешек ұрпаққа ғылыми деректерге негізделген мағлұмат беру қазіргі тарихшыларымыздың міндеті. Осыған орай Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылғандай, тарихымызды, рухани құндылықтарымызды жаңғырту, жас ұрпақты халқына деген сүйіспеншілікке, өз елінің патриоты болуға, туған жерін құрметтеуге және қорғауға үйрету — басты міндеттердің бірі.

— Ғылыми конференцияда Ирина Ерофееваның Бөкенбай батырдың ерлігі жөнінде жазылған «Рыцарь — звания чести» деген кітабын Ақтөбе жұртшылығы, сондай-ақ Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Қостанай, Орынбор облыстарының зиялы қауымы өте жылы қабылдап, ризашылығын білдіріп жатты. Оның себебі неде?

— Менің ойымша, Ирина Ерофеева нақты архивтерден алған деректерге сүйене отырып сол тарихи кезеңдерді талдап, Әбілқайыр ханның, Бөкенбай, Есет, Жәнібек батырлардың қалың елге қорған бола алғанын, әрқайсысының ерлігін нақты паш етіп, бірін мақтап, бірін жамандамай әділ баға бергенімен көптің көңілінен шыға білді.

Шынын айту керек, Ирина Викторовнаға дейін Бөкенбай Қарабатырұлының ерлік істерін Әбіш Кекілбаев «Үркер» романында: «1710 жылы Қарақұм құрылтайындағы сөйлеген сөзі елдің намысын оятып, жігерлендіріп, жаумен күреске түсуге топтастырады» — десе, белгілі жазушы Мұхтар Мағауин «Қазақ тарихының әліппесі» кітабында Бөкенбай бастаған қол 1710-1712 жылдары майданда қалмақтарды тойтарып, ойрат ұлыстарының жеріне басып кіріп, қазақтың біраз қоныстарын қайтарып, жеңіске жеткені туралы жазады.

Ақтабан шұбырындыдан кейінгі кезеңде, 1726 жылы Ордабасында үш жүздің басын қосқан екінші құрылтайда Әбілқайыр хан біріккен қазақ күшінің Бас қолбасшысы, Бөкенбай батыр бас сардарлығына тағы да  тағайындалады.

Қазақ тарихында қарадан шығып халықтың қалауымен бірнеше рет қол бастаған батырлардың бірегейі осы Бөкенбай Қарабатырұлы екені шындық. Бұған талас, дау болатындай негіз жоқ.

Сонымен қатар, белгілі тарихшы, елдің зиялы азаматтарының бірі профессор Зәкіратдин Байдосұлы ағамыз бастаған топ бабамызға қатысты деректердің бәрін жан-жақты зерттеп, өмір, жорық жолдарын, Ресей, басқа да елдермен қарым-қатынасын баяндайтын «Баһадүр батыр — Бөкенбай» атты кітап дайындады. Ол 2010 жылы баспадан шығып, көпшіліктің назарын аударды. Сол жылдары Ақтөбе, Орал, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстарында өткен ғылыми конференцияларда, жастармен кездесулерде көпшілік жұрт батыр бабаның есімін ел тарихына алтын әріппен жазып, ұлықтау қажеттігін алға тартты.

— Содан бергі уақытта осы бір тау тұлғаның ерлігі мен еңбегін ескеріп, атын есте қалдыру мақсатында қандай шаралар белгіленіп іске асырылды?

— Белгілі ғалым Зәкіратдин Байдосовтың көп жылғы іздену, зерттеулерінің арқасында 2010 жылы Бөкенбай бабамыздың жерленген жері анықталып, Байғанин ауданы Жем өзенінің өңірінде, Жарқамыс елді мекенінен 10 шақырымдай қашықтықта орналасқан ескі қорымға ескерткіш белгі қойылып, ас беріліп, Құран бағышталды. Оны сол төңіректің ақсақалдары да қостап отыр. Солардың бірі сексендегі Айнағұл Қожаұлы 11-12 жасында әкесіне еріп,  Бөкенбайдың бейітіне барып,  Құран оқығанын айтады.

2009 жылы Ақтөбе қаласының жаңадан қалыптасып жатқан бір көшесіне Бөкенбай батырдың аты берілді.

Сол кезеңде Әуежай қалашығының ең бір көрнекті жеріне батырдың ескерткішін қою жоспарланып, жер телімі берілді.

2010 жылы облыс әкімдігі жанындағы тарихи және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі облыстық комиссиясында, 2011 жылы Қазақстан Республикасында орнатылатын ескерткіштер мен монументтер жөніндегі Мемлекеттік комиссиясының мәжілісінде  қаралып, қолдау тауып және мүсінші Жеңіс Жұбанқосовтың ұсынған жобасы бекітілді.

— Енді батыр ескерткішін қаржыландыру реті қалай болып жатыр?

— Ақтөбе қаласының әкімдігі жыл басында конкурс ұйымдастырып, Бөкенбай батырдың ескерткішінің жобалық-сметалық құжаттарын әзірлетті. Бұрын белгіленген жер телімінің көлемін 1 гектарға дейін ұлғайтып, көгалдандыру жөнінде шешім қабылдады. Бұйырса, келесі жылдың басында құрылысын бастау үшін қаражат бөлінеді  деп үміттенеміз.

Қазақ мәдениетінің жанашыры, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев батыр бабаға ескерткіш тұрғызуды қолдап отыр. Сонымен қатар ескерткіш құрылысын  қаржылай қолдау  үшін «Алаш-Парыз» атты қор құрылды. Оның директоры болып танымал кәсіпкер Серік Әбілжанов тағайындалды.

Жақында өткен ғылыми конференцияға келіп қатынасқан Ақтөбе облысының аудандарының, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда, Қостанай, Орынбор облыстарының ұлтжанды азаматтары Бөкенбай батырдың ескерткішін салуға қаржыландыруға атсалысатындықтарын білдірген. Қазіргі таңда қордың есепшотына қаржы түсе бастады.

Бүгін «Ақтөбе» газеті арқылы елінің азаттығы мен жерінің тұтастығы үшін жан аямай соғысқан батыр бабаның рухына тағзым етіп, ескерткішінің құрылысына  үлес қосып жатқан азаматтарға қоғамдық кеңестің атынан ризашылығымызды білдіріп, алғыс  айтамыз.

Сұхбаттасқан Бауыржан ӨТЕУЛИЕВ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button