Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

Тәуелсіз Қазақстанның жаңа есімдері

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы ұйымдастырылып, оған еліміздің түкпір-түкпірінде әр салада жарқырай көрініп жүрген тұлғалар ұсынылған еді. 1 желтоқсан күнгі Мемлекет басшысымен өткен кездесуге жеңімпаздар қатарынан табылған 5 ақтөбелік азамат та қатысты. Ұлық мереке — Тәуелсіздік күні қарсаңында осынау мерейге ие болған жерлестермен біз жеке-жеке сөйлесіп, айтулы шарадан алған әсерін, бұл марапатқа нендей ерекшелігімен лайықты болғаны турасында пікірін, алдағы жоспарын, т.б. білген едік.

«Сіздер — бірегей тұлғасыздар…»

Әлқисса… Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған жоба қоғам, ғылым, мәдениет, бизнес, медицина, спорт салалары бойынша өтіп, онлайн-дауыс беру кезеңіне он жерлесіміз қабылданған-ды. Солардың арасынан 5 ақтөбелік жеңімпаз атанды. Олар — халықаралық «Алтын қыран» қайырымдылық қорының президенті, Қазақстан Ұлттық кәсіпкерлер палатасының президиум мүшесі Исламбек Салжанов; кәсіпкер, меценат, «Максимус» ЖШС директоры Қайрат Мәйтеков; «Пандус-ОК» әлеуметтік жобасының авторы, мүмкіндігі шектеулі болса да спорт пен кәсіпкерлікті қатар алып жүрген Шахан Жолдасбаев; Ақтөбе облысы ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметі қоршаған ортаны қорғау бөлімшесінің аға инспекторы Юрий Хон; кинорежиссер, сценарист, продюсер, актер Эмир Байғазин. Әрқайсының қоғамға, өз саласы бойынша сіңірген еңбегі зор аталған ақтөбеліктердің есімі енді Қазақстанның тарихы һәм жылнамасында қалатын болды. Бұны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздарымен өткізілген кездесуінде Елбасының өзі де айрықша атап өтті.

Сіздер байқаудың іріктеу турынан өттіңіздер. Дауыс беру интернет арқылы жүргізілді. Сіздер — бірегей тұлғасыздар. Тәуелсіздігіміз сіздерге таланттарыңызды шыңдап, болашаққа жол салуға мүмкіндік берді. Сіздер өскелең ұрпаққа үлгі боласыздар.

Сөз сөйлегендердің барлығы туралы фильм түсіріп, кітап жазуға болады. Адамдар одан шабыт алады. Шын жүректен құттықтаймын. Жастарымыз мақсатқа қарай талпынуға тиіс, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына енген 5 ақтөбеліктің өзіне кеңінен тоқталып, олармен өрбіген әңгімемізді ұсынсақ…

Исламбек САЛЖАНОВ:

Аграрлық сектордағы жобаны іске асырсам…

Қазақстандық кәсіпкер әрі меценат Исламбек Салжановпен әңгімелесудің өзі оңай болған жоқ. Бір хабарласқанымызда, келіссөздер жасасу үшін Еуропа елдеріне ұшқалы жатқанын, енді бірде маңызды кездесуі барын айтқан ол туып-өскен өлкесінің газетіне ақыры уақыт тапты. Алдымен аталған жоба туралы ой-пікірін, артынша оның жүктеген жауапкершілігі туралы:

—  «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы Тәуелсіздік алғалы ел мен жерге еңбегі сіңген азаматтарды халыққа таныстыру ниетінен туындаған игі шара ғой. Мұндай айтулы жобаға бізді де лайық көрген ер-азаматтардың бәріне де Алла разы болсын. Қазақ «Бергеніңді айтпа, алғаныңды айт», — дейді. Сол айтпақшы, бергенімізді санамалап отырғанымыз дұрыс болмас. Басқасын айтпағанда, «Алтын қыран» қайырымдылық қорымен атқарылған біраз жобаларымыз көпшіліктің көз алдында. Өз басым туған жерге заманауи бір балабақша салсам деген едім, ол ойым жүзеге асты. Қазақ тілінің мәртебесін арттыруға жұмсалған қаншама қажыр-қайратымыз далаға кеткен жоқ деп ойлаймын. Біз қандай жобаға атсалыссақ та, оны тиіп-қашып істемей, жүйелі түрде жүргізіп отырдық. Олардың арасында жас ақын-жазушылардың кітаптарын шығару, мемлекеттік тілге аударылатын анимациялық фильмдер, қазақ әдебиетін шет тіліне аудару сияқты соқталы жобалар көп.

100 жаңа есімнің қатарында болу қаншалықты мәртебелі болса, соншалықты жауапкершілігі мол. Есімдері елге танылып жатқан азаматтардың қай-қайсысы да отаншыл десем, артық айтқандық емес. Ендеше, біздің басты міндетіміз — сол халықтың үмітін ақтау, Елбасы алдымызға қойған міндеттерді мүлтіксіз жүзеге асыру, — деген Исламбек Төлеубайұлы 1 желтоқсандағы Елбасымен өткен кездесуден алған әсерімен де бөлісті. «Кездесу өте керемет атмосферада өтті. Қазақстанда әр салада дарынды жастарымыздың бар екендігіне тағы бір мәрте көзім жетті. Соларды көре отырып, еліміздің болашағының зор екендігіне сенімді боласың. Кездесу барысында Президент «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өзектілігі мен «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын іске асырудың маңыздылығын түсіндіріп, аталмыш жобаға қатысушыларға «Сіздер өскелең ұрпаққа үлгі боласыздар» деп үлкен жауапкершілік артты.  Өз басым Нұрсұлтан Әбішұлымен болатын әр кездесуден тың ой арқалап, кәдімгідей күш-қуат алып шығамын», — деді ол.

Сөз арасында Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы болғандықтан, елге жиі келіп тұратынын келтірген Исламбек Салжанов көмек сұраушылардың көп екенін, бірақ «Жомарттың қолын жоқ байлайтынын», бәріне бірдей қол созуға мүмкіндік бола бермейтінін білдірді.

Сондай-ақ, біз одан Жаңа жылдағы жоспары жөнінде сыр суыртпақтағанбыз.

— Жаңа 2018 жылда Ақтөбеде аграрлық секторда үлкен бір жоғары технологиялық жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз. Ал қоғамдық жұмыс саласын айтар болсақ, ауылдық және жастар кәсіпкерлігін қолдауды жалғастырамыз.

Осы сәтті пайдалана отырып, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы аясында маған қолдау көрсеткен барша ақтөбеліктерге алғысымды білдіремін. Және келе жатқан Тәуелсіздік күні мен Жаңа жыл қарсаңыңда барша жерлестеріме зор денсаулық тілеп, алға қойған мақсаттарына жете берулеріне тілектес екенімді айтқым келеді, — деп түйіндеді сөзін И.Төлеубайұлы.

Айта кетейік, Исламбек Салжанов — көптеген қайырымдылық шаралардың ұйымдастырушысы. «Туған жер» акциясы аясында ол Қобда ауданында 150 орындық заманауи балабақша, сондай-ақ,  бірнеше қалада «Аналар үйін» салды.

Қайрат МӘЙТЕКОВ:

Адамның туған жері тағдырына әсер етеді екен

«Туған жерге тағзым» акциясы аясында әлеуметтік ғимараттарға жөндеу жүргізіп, жақында ғана ашылған «Жұбановтар әлемі» орталығын салған Қайрат Мәйтековті «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына облыстық кәсіпкерлік басқармасы ұсынған. Іскер азамат өз сөзінде бұның үлкен мәртебе екенін, ел Президентімен жүздескендегі сәт ешқашан ұмытылмайтынын тілге тиек етті.

— Әрине, Елбасымен кездесу, желтоқсандағы шоқтығы биік мейрамдардың қарсаңында онымен пікір алмасу — зор бақыт. Ондай қуанышты күнді ұмыту мүмкін емес. Әсіресе, Нұрсұлтан Әбішұлы біз отырған залға кіріп келгендегі барлығының көңіл күйін көзбен көрсеңіз ғой. Көпшілік жиналған жерде ерекше сезім орнады. Оны сөзбен жеткізу мүмкін емес.

Кездесуде менің оң жағымда Атырау қаласынан келген Әсемгүл деген жас қыз отырды. Атқарып жүрген ісіне қарасаң, таңырқамай қоймайсың. Ол әйелдердің құқығын қорғайтын, сондай-ақ, жемқорлықпен күресетін екі қордың төрайымы екен. Оныкі, әрине, қоғамдық жұмыс. Бірақ қарапайым адамдарға, көмекке мұқтаж жандарға тигізіп жатқан пайдасы зор. Онымен әңгімелесе келе, «Неліктен осындай қорды Ақтөбеде де ашпасқа?!» деген ой туды. Сол бойда бұл ұсынысымды әлгі бойжеткенге білдірдім де. Болашақта қоғамдық негізде жұмыс атқаратын, кез келген адамның мәселесінің шешілуіне оң ықпал ететін осындай қор біздің өңірде де ашылуы мүмкін. Бұл идеямды құзырлы орган өкілдерінің талқысына салмақ жоспарым бар.

Жалпы, бүгінге дейін Президентпен екі рет кездесіппін. Бұның алдында Елбасы енді пайдалануға берілгелі отырған «Жұбановтар әлемінің» жұмысымен танысуға келгенде, жүздескен едім. Екі кездесуден де алған әсерім мол. Ол біз секілді кәсіпкерлерге, жалпы адам баласына үлгі болуға лайықты тұлға. Сонымен қатар, облыс әкімі Бердібек Машбекұлының да еңбегін атап өтсем деймін. Менің осындай ірі жобаға қатысуыма себепші болып, қолдап, әрдайым одан сайын өсіп-өнуіме пейілді боп жүретін оны мен ерекше құрметтеймін. Нұрсұлтан Назарбаев пен Бердібек Сапарбаев мен үшін бой түзеп, еліктейтін азаматтар екенін айтқым келеді. Кейінгі толқын — жастарымыз соларға қарап, үлгі алса жаман болмайтынына сенімім кәміл, — деп ағынан жарылды Қайрат Амангелдіұлы.

Қайраттың өзінің туған жері — Ақтөбемен байланысты жоспар-жобалары көп. «Арық сөйлеп, семіз шығуды» ойластырған әңгімелесушіміз әзірге ол туралы ашылып әңгіме айтпауды тәуір көретінін білдірді. Бір түйгеніміз, «Жұбановтар әлемі» — кәсіпкердің бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында тұрғызған ғимараттарының алғашқысы ғана…

Ақтөбедей батырлар мекенінде дүниеге келгенін тағдырдың сыйы ретінде қабылдайтынын айтқан кейіпкеріміз бұған қатысты ойын былай деп сабақтады:

— Уақыт өткен сайын адамның туған жері, шыққан ортасы тағдырына әсер етеді дегенге сенімім беки түсті… Осы орайда, Ақтөбе — ырысты мекен дегім келеді. Бұл талай мықты азаматтардың кіндік қаны тамған қасиетті, бергенінен берері мол өңір. Сондықтан Ақтөбеміздің одан әрі дамып, гүлдене түсуі үшін қолдан келгенше аянып қалмаймын, — деп туған жеріне махаббатын білдірген Қайрат, лажы болса, Ақтөбеге жиі келіп тұруға тырысатынын қосты. «Бұйыртса, енді қалаға Жаңа жылдан кейін, қаңтар айында барамын», — дейді ол.

Айтпақшы, Қайрат Мәйтеков отандық бизнеске ғана емес, демографияның дамуына да бір адамдай үлес қосып жүргендердің бірі. 5 баланың әкесінен қолы қалт етсе отбасымен демалғанды жаны сүйетінін, ұл-қыздарының тәрбиесіне мықтап көңіл бөлетінін білдік.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

 «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына дауыс беру 100esim.el.kz сайтында 18 қазан —10 қараша күндері аралығында ұйымдастырылған-ды. Онлайн-дауыс беруге барлық өңірлерден қоса есептегенде 302 кандидат ұсынылып, үміткерлер қызмет саласы бойынша 6 санатқа бөлінді. Тұңғыш рет ұйымдастырылған жобаның мақсаты — өз саласында жетістікке жеткен қазақстандықтарды тауып, олардың өмірін, елеулі еңбегі мен бағындырған белесін кеңінен насихаттау, өзгелерге үлгі ету.

Шахан ЖОЛДАСБАЕВ:

Он жылдан кейін орындалған арман

Егемен еліміздің 100 жаңа есімі тізіміне, сөзсіз, лайықты тұлға — Шахан Жолдасбаев. Тағдырластарының қоғамдық орындарда еркін жүріп-тұруы үшін «Пандус-ОК» әлеуметтік жобасын жарыққа шығарған азамат туралы біз аз жазғанымыз жоқ. Мүмкіндігі шектеулі болса да, атқарып жүрген ісі көпшілікті сүйсіндіретін ол — мүгедек жандар арасында Германияда суда жүзуден өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері. Кәсіпкерлікпен де айналысады.

— Өмірдің қиындықтарына жасып қалмай, керісінше әлеуметтік маңызы зор жобаларды іске асырып жүргенімді ескерген болуы керек, мені осы жобаға ұсыныпты. Бұл облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арқылы жүзеге асқанын кейін білдім. Әрине, Елбасымен қауышуым мүмкін екенімді естігенде, қатты қуандым.

Осыдан он жыл бұрын, жол апатына ұшырамай тұрып, Астанадағы Ақорданың маңынан өткенімде, «Алдымнан Елбасы шықса ғой…» деген ойдың қылаң бергені рас. Онымен, әлбетте, сол сәтте Нұрсұлтан Назарбаевты көрмедім. Десе де, іштей соны тілеп, түбінде ол кісімен кездесемін деп өзіме-өзім мақсат қойғанмын. Міне, сол арманым арада он жыл өткен соң ақиқатқа айналды.

Шыны керек, Мемлекет басшысымен бетпе-бет сөйлесуге мүмкіндік болмады. Ол тек қолымды алып, амандасып, хал-жағдайымды сұрады. Қалған уақытта жалпы жиын, ортақ пікірлесу болды. Әйткенмен, бұл кездесу менің өмірге деген құлшынысымды одан сайын арттырып, рухымды көтерді. Көптеген талапты жастармен таныстым. Сосын, бір айта кетерлігі, Нұрсұлтан Әбішұлының айтқан мына бір сөзі есімде қалып қойыпты: «Әлдебір сәтсіздіктердің кесірінен бір есік алдарыңыздан  жабылса, екіншісі (есікті айтады — А.Т.) міндетті түрде ашылатынын ұмытпаңыздар…». Жылы сөзді, осындай жігерлендіруді адамның ұмытпайтыны хақ, — деп әсерімен бөлісті Шахан.

36 жастағы жігіт қоларбаға таңылған қайсар жандарға пандус салу ісін әрі қарай жалғастыра беретінін, келер жылы бірқатар әлеуметтік мекемелердің кіреберісіне әлгіндей өзгеріс жасау жоспарда барын айтты. «Әлі іске аспаған жұмыстарымды тізбелеп айтпай-ақ қояйын. Бір анығы, көршілес облыстардан да тапсырыс беріп, пандус салуға ниеттілер табылып жатыр. Бұның өзі елімізде бірте-бірте тірекқимыл аппараты бұзылған азаматтарға деген көзқарастың өзгеріп келе жатқанын айғақтайды. Мен осы саладағы жұмысымды қашан қартайғанша жасай беремін», — деп жылы жымиды әңгімелесушіміз.

…Биыл өмірдің көлеңкелі тұсын көргеніне, мүгедектікке шалдыққанына он жыл болған Шахан Шахмаранұлы өзін бәрібір бақытты жандардың қатарына қосады. Енді ше, осыдан 5 жыл бұрын шаңырақ көтеріп, отағасы атанған «Қазақстандағы 100 жаңа есімнің» бірі былтыр үлкен қуанышқа кенелді — балалы болды. Бұл денесінің 70 пайызы жансызданған адам үшін, талассыз, ғажайып оқиға! Егіз құлыншақтың жағдайы жақсы, енді «тәй-тәй» басып жүр. Отбасы, ұл-қызы туралы тіс жармайтын ол «Сұқ көздерден қорқамын… Негізі бұл туралы ешкімге айтпағанмын» дейді. Біз де кішкентайлардың қанаты қатайсын деп кейіпкерімізді бұл жағынан аса қинай қоймадық, сәл өскесін жаза жатармыз… Ең бастысы, ұзағынан сүйіндіргей, тіл-көзіміз тасқа!

Юрий ХОН:

Ерлік жасағанымды кейін түсіндім

Құқық қорғау саласының өкілі  Юрий Хон — нағыз темірдей тәртіптің адамы екеніне дау жоқ. Сұхбаттасу үшін хабарласқанымызда, ерекше тиянақтылық танытып, күні бұрын дәл уақытты белгілеп, әр сұраққа байыппен жауап берген бұл қыры бізді еріксіз таңғалдырды. Әскери адам екені Президенттің нақты қай уақытта кездесуге келгені, ондағы жағдайды бүге-шүгесіз баяндауынан да байқалды. Одан соң да өзі туралы мақаланың қашан, қалай шығатыны жөнінде анықтап сұрап, қайта хабарласқаны — бөлек әңгіме. Мұндай жауапкершілігі мол тәртіп сақшысының адамды ажалдан аман алып қалғанына бірден иланады екенсің.

— Осы салада қызмет еткендіктен, адамды әртүрлі оқыс жағдайдан алып шығасың. Олардың кейбіреулерін өлім аузынан арашалап қалдық. Сондай оқиғаның бірі желтоқсан айында болған. Әріптесім, учаскелік инспектор Александр Бакшанов екеуміз күнделікті дағдымызбен Елек өзенінің маңын аралауға шыққанымызда, ойламаған жерден суға батып бара жатқан ер адамды көзіміз шалды. Шамамен 200 метр қашықтықта белгісіз біреу көмекке шақырып, өмір мен өлімнің арасында тырбанып жатыр… Дереу соған қарай жүгіргенімде, мұздың жоғарғы қабаты тым жұқа екенін, жақындай бере оның мені көтермейтінін сезе қойдым. Мына қызықты қарасаңызшы, бір демде әкемнің кішкентай кезімде айтқаны ойыма орала кетті: «Мұздың беті қалың болмаса, жерге жата қалып, аяқ-қолды созып, межелі жерге асықпай еңбектеп жету керек». Әлгіндей әдіспен мұздай суға батып бара жатқан жігіттің қасына таялғанымда, оның дәрмені таусылғаннан есін жоғалтып, қозғалыссыз қалған күйіне дөп түстім. Бірден сырт киімінен ұстай жөнеліп, өзіме қарай тарттым. Бірер минутта жағаға алып шықтым. Бұл сәтте Александр да жанымызға жетіп, екеулеп оны қызметтік көлікке апардық. Жылыттық.

Оны үйге апарар жолда, есімінің Асхат екенін, балық аулауға келгенін білдік. Әрине, сол бойда ерлік жасағанымызды анау айтқандай сезе қоймадық. Тек арада бір күн өтіп, әлгі жігіттің телефон шалып, тұтқаның арғы жағынан еміреніп: «Бауырым, рахмет! Сен менің өмірімді сақтап қалдың…» дегенде, жақсы іс атқарғанымызды түсіндік, — деп естелік айтқан Юрий Тұңғыш Президент күнгі кездесуді де ерекше толқыныспен әңгімеледі.

— Елбасының өзгелердің уақытын сыйлайтынына таңырқап қайттым. Онымен кездесу сағат 16.00-ге белгіленген еді. Тап сол уақытта Нұрсұлтан Назарбаев кіріп келгенде, барлық айтылуы тиіс мәселелерге жан-жақты әрі аз уақытта тоқталғанына, қатысушылармен сөйлесіп үлгергеніне де риза болдым. Бұл екінің бірінің қолынан келе қоймас, — дейді ол.

Полиция подполковнигінің осы салада еңбек еткеніне 20 жылдан асыпты. Кейде түн жарымда да қызметте жүретінін айтқан Юрий, соған қарамастан, өзінің кәсібін сүйетінін және ештеңеге айырбастамайтынын білдірді. Ақмарал атты қазақ қызымен тағдыр қосқан жігіт ағасы есімдері ерекше — Сеул мен Инсан деген ұл балаларды тәрбиелеп отыр. Тұңғышы қорғаушы мамандығын игеріп, үлкен өмірге енді аяқ басса, кенжесі екі жастан енді асыпты.

Юрий Борисұлынан жыл сайын Тәуелсіздік күнін қалай тойлайтынын да сұрадық. «Менің ұғымымдағы ел Тәуелсіздігі алдымен тұрғындардың еркін ойлап, қалауынша әрекет етуі дер едім. Бұның бізде барын ешкімге жоққа шығармас. Оны бағалай білу керек. 16 желтоқсанды қалай атап өтесіз дейсіз бе? Мен кез келген мерекені үйімде, отбасыммен бірге қарсы алуға тырысамын. Бірақ ол ойым көп ретте орындалмай жатады (күліп). Біздің жұмыстың ерекшелігі осында ғой. Әйтпесе, теледидар қарап отырып, сүйікті тағамдарыңды жеп, үй-ішіңмен бірге өткізген уақытқа не жетсін?!», — деп сыр ақтарды полицей.

Эмир БАЙҒАЗИН:

Бұл — маған көрсетілген зор құрмет

Жерлесіміз Эмир Байғазиннің есімі, әсіресе, отандық кинематография саласына қызығушыларға жақсы таныс. Жастығына қарамастан, өзін режиссура, продюсерлік, актерлік, тіпті сценарий жазуда сынап жүрген жігіттің аяқ алысы, бағындырған белестері таңдай қақтырады. Айталық, Ол 2013 жылы «Үндестік сабақтары» дебюттық толықметражды картинасымен халықаралық Берлин кинофестивалінің байқауына қатысып, үздік операторлық жұмысы үшін «Күміс аю» жүлдесіне ие болды. Аталған кино қазақтың бұл өнер түрінен әлемдік деңгейде мұндай жетістікке жеткен алғашқы жұмыс екенін айта кету керек. Сондай-ақ, фильм Сараево қаласында өткен халықаралық кинофестивальде көрсетіліп, бас жүлдені жеңіп алды. Жалпы, «Үндестік сабақтары» 50-ге жуық кинофестивальге қатысып, оның тең жартысынан жүлделі орынмен оралды.

— Барлық адамдар секілді Президентпен кездесіп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы болғаныма қуаныштымын. Еңбегіңнің еленіп, мемлекеттік деңгейде осындай құрметке бөленгенің мерейіңді өсіреді, әрине. Бұл менің шабытыма шабыт қосып, одан сайын қарымды қызмет етуіме, жаңа идеяларымды іске асыруыма мұрындық болары сөзсіз.

Маған дауыс беріп, демеу көрсеткен барлық ақтөбеліктерге алғыстан басқа айтарым жоқ. Өз еліңнің сені осылай қолпаштап, жерлес аға-апаларыңның талантыңды мойындағаны зор мақтаныш. Бұл әрі қарай талмай еңбек етуіме жетелейді, — дейді Эмир Байғазин.

Айта кетейік, Эмир Кенжеғазыұлы 1984 жылдың 19 шілдесінде Ақтөбе облысы Тамды ауылында дүниеге келген. 2002 жылы  Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында  актерлық мектепті, 2004 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын «Режиссура және кино» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2007 жылы Пусандағы Азия Киноакадемиясы кинофестивалінің (AFA) стипендианты, 2008 жылы Германиядағы 58-інші Берлин халықаралық фестивалі аясындағы Берлин жас таланттар лагерінің қатысушысы атанды. Өнер жолында «Дидар» студенттік кинофестивалінің «Веселые и обиженные» жұмысы үшін «Үздік режиссура жүлдесін» иеленген. «Шәкен жұлдыздары» (2007) студенттік кинофестивалі мен «Дебошир» (Санкт-Петербург, 2007) фестивалінің қатысушысы.

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button