Басты жаңалықтарМереке

Биылғы қуаныш — 18-миллионыншы тұрғын

2017 жылдың 11 мамырында Қазақстан халқының саны 18 миллионға жетті.

Елімізде тұрғындардың үштен екісінен астамы — қазақтар. Қазақтардың өз жеріндегі сан жағынан басымдығы — Тәуелсіздік жылдарында қол жеткен жетістік. ХХ ғасыр қарсаңында, 1897 жылы патшалық Ресейдің қазақ жерінде жүргізген алғашқы санағының қорытындысы бойынша, өз жеріндегі қазақтар үлесі 74-78 пайыз аралығында деп көрсетіліпті. Ал ХХ ғасыр ішінде қазақтар бірнеше — екі дүниежүзілік соғыс; 1921-1922 жылдардағы ашаршылық; одан кейін 1932-1933 жылдары қолдан ұйымдастырылған ашаршылық; саяси қуғын-сүргін, т.б. — демографиялық апатты бастан өткергені белгілі. Ұлы Отан соғысы және тың игеру жылдарында қазақ жеріне өзге ұлт өкілдері мың-мыңдап көшіріліп әкелінді. Сондықтан біз өз Тәуелсіздігімізді өз жерімізде 40-ақ пайыз үлестік көрсеткішпен қарсы алған едік…

2003 — демографиялық құлдырау тоқтаған жыл

Тәуелсіздіктің бастапқы тұсы, 1994-2001 жылдар аралығы, демографиялық көрсеткіштердің құлдырау кезеңі болды. Бірақ, бір жақсысы, бұл мемлекет құраушы ұлттың табиғи өсіміне қатысы жоқ құлдырау еді. Ол көші-қонның күрт қарқын алуынан, яғни өзге ұлт өкілдерінің өз тарихи отандарына ағыла көшуінен туындады. Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында елімізден 3 миллион адам көшіп кеткен. Ал қазақ халқының табиғи өсімі баяуласа да, Аллаға шүкір, құлдырауға ұшыраған жоқ.

Демографиялық құлдырау процесі тоқтаған 2003 жылы елімізде халық саны 14 миллион 900 мың болған. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің ресми сайтындағы халық санының есептеуіші биылғы 13 желтоқсанда Қазақстан халқының саны 18 миллион 392 мың адамға жеткенін көрсетті. 15 жыл ішінде халық саны 3,6 миллионға өсті. Сондай-ақ, Қазақстандағы халықтың табиғи өсімінің 97 пайызы — қазақтардың еншісінде.

82 пайыз қазағы бар өңір

Облыстық статистика департаментінің мәліметі бойынша, бүгінгі күні біздің өңірімізде 856 мың тұрғын бар. Оның 700 мыңнан астамы, яғни 82 пайызы — қазақ. Тәуелсіздікке дейін мұндай көрсеткіш елімізде бір ғана өңірде — Қызылорда облысында тіркелген еді. Одан кейінгі екінші орынды иеленген Шымкент облысының көрсеткіші 76,5 пайыз болатын.

Сондай-ақ, салыстыру үшін айтсақ, 1989 жылы жүргізілген халық санағы қорытындысы бойынша, біздің облыстағы қазақтар үлесі 55,6 пайыз болды. Ал 2004 жылғы бұл көрсеткіш 75,1 пайызға жетті. Облыс тұрғындары арасында қазақтар үлесінің арту қарқыны осындай…

Облыстағы орыс диаспорасы — саны жағынан екінші орындағы ұлт. Олар барлық тұрғындардың 11,9 пайызын құрайды. 2004 жылдан бергі уақытта облысымыздағы орыс ұлты өкілдерінің саны да өскен. Өсім көрсеткіші — 4,4 пайыз. Үшінші орында 2,7 пайыздық көрсеткішпен украиндар тұр.

1989 жылғы санақ қорытындысы бойынша, облыста 732,7 мың адам тұрды. Демографиялық құлдырау жылдарының ең төменгі көрсеткіші 2002 жылы тіркелді. Бұл жылы облыс халқының саны 668,2 мың адам болды. Соңғы 15 жылда облыс халқы 188 мыңға жуық адамға көбейген.

Ақтөбе — қазақтың қаласы

Тәуелсіздіктің бастапқы кезінде жиі айтылған «Ақтөбе кімнің қаласы?» деген сауал енді алдымыздан шықпайды. Облыстық статистика департаментінің деректеріне сәйкес, бүгінгі күні Ақтөбе қаласында 475 мың адам тұрады. Олардың 77,5 пайызы — қазақ. Бір жыл бұрын ғана бұл көрсеткіш 75,7 пайыз еді.

Орыс диаспорасының үлесі қаланың тұрғындарының 15,9 пайызына тең. Облысымыздағы орыс диаспорасының 73,4 пайызы Ақтөбеде тұрады екен.

Облыс орталығында тұратын қазақ пен орыстан басқа ұлттар өкілдерінің тұрғындар санындағы үлесі 6,5 пайызды құрайды.

Егер, 1991 жылға шегініс жасасақ, ол жылы қала тұрғындарының саны 339,5 мың адам еді. Бұл — қалаға қарасты селолық округтерді қоса алғандағы көрсеткіш. Ал қала тұрғындары арасындағы қазақтар үлесі көрсеткіші облыстық деңгейден әлдеқайда төмен болды: небәрі 32,7 пайыз…

19 миллионға қашан жетеміз?

Жоғарыда айтқанымыздай, 2017 жыл ел тарихында тұңғыш рет 18 миллиондық межені бағындырған жыл ретінде қалмақ. Қазақстанның 18-миллионыншы тұрғыны Талдықорған қаласында дүниеге келді. Оған Мүслима деген әдемі де мағыналы есім берілді. Мүслиманың анасы Диана Ерікқызы — Тәуелсіздіктің құрдасы, яғни 1991 жылы туған. Әкесі Самат Бестібаев — мұғалім.

Елімізде халық саны 17 миллиондық межеден 2013 жылы асты. Ал өткен жылы да демографиямызға қатысты үлкен жаңалық тіркелген болатын: елордамыз миллион тұрғыны бар қалалар қатарына қосылды. ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің төрағасы Нұрболат Айдапкеловтің есебі бойынша, қазақстандықтардың саны 19 миллионға жету үшін тағы үш жыл уақыт керек екен.

Күніне — 1 111 сәби

Егер, 1991 жылы Қазақстанда 353, 2 сәби дүниеге келсе, өткен жылы дүниеге келгендер саны 400,7 мың болды. Бұл 1991 жылғы көрсеткіштен 13,5 пайызға артық. Ал өлім-жітім саны, 1991 жылмен салыстырғанда, 2,3 пайызға төмендеп отыр. Статистикалық деректер бойынша, елімізде күніне, орта есеппен, 1 111 сәби дүниеге келіп, 439 адам қайтыс болады.

Әр әйелге шаққандағы туу көрсеткіші бойынша біздің еліміз әлемде 90-орында тұр. Қазақстанда әр әйелге, орта есеппен, 2,8 сәбиден келеді. Ал ресми деректер бойынша, 1991 жылғы көрсеткіш 2,7 болған. 1999 жылы бұл көрсеткіш 1,8-ге дейін құлдырапты.

Айта кетелік, әр әйелге шаққандағы сәбилер саны бойынша әлемдегі ең жоғары көрсеткіш Нигерияда тіркелген. Аталған елдің көрсеткіші 6,76 болса, ең соңғы орындағы Сингапурдың көрсеткіші 2015 жылы 0,81 болған… Солтүстіктегі көршіміз Ресей бұл көрсеткіш жөнінен әлемде 178-орында тұр. Оларда әр әйелге екі сәбиден ғана келеді. Айта кетерлік жайт, Ресейдің неғұрлым орталық, дамыған аудандарында бұл көрсеткіш тіпті төмен: мысалы, Ленинград облысында — 1,3. Ал шеткері аймақтарында, мысалы, Тыва республикасында — 3,4.

Көрші елдер демографиясынан аз дерек…

Тұрғындарының саны жөнінен Қазақстан — әлем бойынша 61-орындағы ел. Бұл көрсеткіш жөнінен бірінші орында Шығыстағы көршіміз Қытай тұрғаны белгілі. Бұл елде 1 миллиард 393 мың адам тұрады. Қытайды өкшелеп келе жатқан Үндістанның 1 миллиард 267 миллион тұрғыны бар. Үшінші орындағы АҚШ тұрғындарының саны — 323 миллион адам.

Әлемде тұрғындарының саны 1 миллионнан асатын елдер саны — 156. Мысалы, Сан-Марино, Тувалу секілді мемлекеттердің тұрғындарының саны 100 мыңның айналасында ғана.

Халық санының өсуі жөніндегі БҰҰ рейтингісі тізімінде 195 ел болса, олардың 176-сында 15-0,1 пайыз аралығында өсім бар да, өзгелерінде халық саны жылдан-жылға азайып бара жатқаны анықталған. Халық саны азайып бара жатқан елдер арасында Германия, Ресей, т.б. бар.

Үш өңірдің үлесі

Санымыз аз, жеріміз кең болғандықтан, халықтың тығыздығы жөнінен біздің еліміз әлемде 184-орында тұр. Қазақстан аумағының әр шаршы шақырымына, орта есеппен, 6,67 адамнан келеді.

Елімізде халық ең тығыз орналасқан өңірлер — Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстары мен Алматы қаласы. Қазақстан халқының 36,8 пайызы, демек, үштен бірінен астамы осы үш өңірде тұрып жатыр. Алматы қаласы тұрғындарының саны бүгінде 1,8 миллионға жетті. Бұл — Қазақстан халқының 10 пайызы.

Оңтүстік Қазақстан мен Алматы облыстарынан бөлек, елімізде халқының саны миллионнан асатын тағы үш облыс бар: Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Жамбыл.

Ал тұрғындарының саны жөнінен ең соңғы орындардағы өңірлер: Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстары. Осы төрт облыстың халқын қоса есептегенде, ел тұрғындарының небәрі 13,7 пайызын құрайды.

Ал Ақтөбе, халқының саны жөнінен, облыстар арасында 7-орында тұр. Алдағы аз жылда біздің облыс та миллион тұрғыны бар өңірлер қатарына енеді деп күтіліп отыр.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button