Басты жаңалықтарБилік

«Нұр Отан» табыстар мен міндеттер

Кеше «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қатары тағы 10 адаммен толықты. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының кеңсесінде партияның облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев партия қатарына кірген азаматтарға партиялық билеттерді салтанатты түрде  табыс етті.

Бүгінде облыста «Нұр Отан» партиясының 45 239 мүшесі бар. Биыл өткен 11 айда 6554 адам партия қатарына қосылды.

Аз ғана уақыттан кейін Тәуелсіздігіміздің 26 жылдығын атап өтеміз. Бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктеріміз, жақсылықтарымыз осы күнмен байланысты. Жиырма алты жылда еліміздің әлемге қалай танымал болғанын, Қазақстанның халықаралық ұйымдарда қандай беделінің бар екенін сіздер жақсы білесіздер. Жаңа жылдан бастап ТМД елдері арасында тұңғыш рет Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының  қауіпсіздік комиссиясын басқаратын болады. Осының барлығы егемендігіміздің, еліміздің Басшысы, партиямыздың Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дұрыс жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясатының нәтижесі. Біздің ең үлкен жетістіктеріміздің бірі — көпұлтты Қазақстан халқының бірлігі мен достығы, ынтымақтастығы мен тұрақтылығының нәтижесі. Қазақстан — дүниежүзінде өзінің орнын алған мемлекет. Бұған Ақтөбенің де, партия мүшелерінің де еңбегі бар. Себебі, негізгі басшылар, яғни ірі кәсіпорыннан бастап, шаруа қожалықтары, кәсіпкерлік, құрылыс секілді салалардың жетекшілері —  партиямыздың мүшелері. Біздің алдағы міндетіміз — партияға халықтың арасында беделі бар үлкен кәсіпорындарды, ұйымдарды, шаруашылықтарды, жастарды тарту. Қазір партия қатарындағы жастардың саны 8 мыңға жуық. Қазіргі біздің болжамымыз бойынша, келер жылы ең кем дегенде 5 мың ақтөбелік жасты біз партияға алуымыз керек, — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімінің айтуынша, облыста жыл соңына дейін Елбасы берген тапсырмалар толығымен орындалады.  Негізгі әлеуметтік, экономикалық көрсеткіштер былтырғыдан, республикалық көрсеткіштерден төмен болмайды. «Егер біздің барлық жоспарларымыз қалған 15 күннің ішінде  жүзеге асатын болса, онда өңірдің экономикасының даму қарқыны былтырғы жылмен салыстырғанда ең кем дегенде 5 пайызды құрайды. Бұл — республикадағы жоғары көрсеткіштердің бірі. Әрине, мұндай көрсеткішке қол жеткізуіміздің өзі сіз бен біздің жасаған еңбегіміздің нәтижесі. Осы уақытқа дейін партияның қатысуымен 4 мыңға жуық іс-шара өтті. Әсіресе, қауіпсіздікке, халықтың тұрмыстық проблемаларына, сонымен қатар, әлеуметтік желілерде көтерілген мәселелер мен қоғамдық қабылдауға келетін азаматтардың ұсыныс-тілектерін дер кезінде шешуге тырысады. Жалпы, өзіміздің алдымызға қойған мақсат-міндеттерімізді толығымен орындадық деп айтуымызға болады. Енді біз келер 2018 жылға дайындалуымыз керек. Ең негізгі міндетіміз — халық алдындағы уәдемізді орындауымыз керек. Халықтың тұрмысы, жағдайы күннен-күнге жақсаруы керек», — деп Бердібек Машбекұлы жиналғандарды алдағы Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

Бұдан соң облыс әкімі Бердібек Сапарбаев партия қатарына қабылданған 10 адамға  мүшелік билеттерді  табыстады. Партияға мүшелікке қабылданған азаматтардың қатарында «Нектар» өндірістік кооперативінің жетекшісі Шамиль Каспранов, «Баймағамбетова» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Зәмзәгүл Баймағамбетова, «Атамекен» студенттер отрядының төрағасы Нұрлыбек Мусин, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті медицина орталығының жетекшісі Батыр Оразалин, «Мұстафа» спорт клубының директоры Жалғасбек Иманбаев, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Ақтөбе филиалының менеджері Ольга Глейзер, студенттер Қуаныш Баянбаев пен Никита Капацын, «Аqto’be» облыстық телеарнасы директорының орынбасары Нұрлыгүл Көшекбаевалар бар.

Бұдан кейін облыс әкімі «Нұр Отан» партиясының Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық бастамалары мен әлеуметтік-қоғамдық жобаларын іске асыру жолында белсенділік танытып, Отанымыздың жандануына, жаңғыруына аянбай еңбек еткен партия мүшелеріН марапаттады. Облыс әкімінің Алғыс хатына ие болғандардың қатарында Ақтөбе ауылшаруашылық колледжінің директоры, облыстық мәслихаттың «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі Аманкелді Есіркепов, «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС директоры, партия филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Раукен Отыншин, «Ақтөбе қаласындағы сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы»  АҚ төрағасының орынбасары Рафик Тазтдинов, партияның Шалқар аудандық филиалы төрағасының орынбасары Жарылқасын Шамбалаев және партияның Байғанин аудандық филиалының есептеу және статистика секторының меңгерушісі Назгүл Асқарова бар.

Сондай-ақ, шарада  «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дариға Исмағамбетова 6 адамға «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің атынан Құрмет грамотасын тапсырды. «Ақбөбек» оңалту орталығы ЖШС-інің бас директоры  Күлпаршын Айдарханованың кеудесіне «Нұр Отан» партиясының «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісі тағылды.

Бұл күні «Үздік бастауыш партия ұйымы» және «Ең үздік қоғамдық қабылдау бөлмесі» республикалық байқауларының аймақтық кезеңі жүлдегерлерін марапаттау рәсімі де өткізілді.

Салтанатты шарада «Үздік бастауыш партия ұйымы» байқауы жеңімпаздарының қатарында Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейі де бар. Музей директоры  Нағима Тлембаева және М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің 4-курс студенті Никита Капацындер сөз сөйледі.

Шара соңында партияластар облыс әкімімен бірге естелік суретке түсті.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button