Көпбалалы аналарға құрмет көрсетілді


Ақтөбе қаласының халқы бір жылда 25 пайызға көбейіп отыр.
Демографияның жақсаруына көпбалалы аналардың қосар үлесі мол. Тұңғыш Президент күні қарсаңында ақтөбелік көпбалалы аналар «Алтын алқа» және «Күміс алқа» марапаттарына ие болды. Осыған орай өткен салтанатты жиында қала әкімі Ілияс Испанов бүгінгі күні аналардың, қыз-келіншектердің қоғамның дамуына зор үлес қосып отырғанын атап өтті. Ол көпбалалы аналарға өз марапаттарын табыстады. Атап айтқанда, Мәншүк Мұқанбетова «Алтын алқаға» ие болса, Сарагүл Алмағамбетова, Жанымгүл Бижанова, Анна Гузеева, Күмісай Көккөзова, Мария Пилич және Гүлназ Сұлтановаларға «Күміс алқа» табысталды.
Мәншүк Мұқанбетова көпбалалы отбасында туып-өскен.
— Мен он балалы отбасында өстім. Көпбалалы отбасында өскен жандардың бауырмал, мейірімді болатынын жақсы білемін, — дейді ол.
Мәншүк — жеті баланың анасы.
Салтанатты жиында көпбалалы аналарға гүл шоқтары табыс етіліп, соңынан мерекелік дастарқан жайылды.
Айта кетелік, бүгінде Ақтөбеде 7 632 көпбалалы ана бар. Олардың 1 263-і — алтын, ал 1621-і — күміс алқа иегері.
А.САРЫБАЙ.



