Тұғыры мығым тұтастық


Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының ұйымдастыруымен Тұңғыш Президент күніне орай мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне, этномәдени бірлестік өкілдеріне, жоғары оқу орнының студенттері мен колледж оқушыларына дәріс оқылды.
«Тұңғыш Президент күні — Ұлттың тұтастық мерекесі» тақырыбында өткен кездесуге 100-ден аса адам қатысты.
Шараның ашылуында облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тауанов:— Бүгін Елбасының сындарлы саясатының арқасында Тәуелсіз Қазақстанның тарихы барша әлемге белгілі болды. Біздің еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына баға жетпес үлес қосқан Ұлт Көшбасшысының еңбектері жас ұрпақ үшін жарқын үлгі болмақ, — деді.Шара барысында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры Нұртаза Aбдоллаев Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында баяндама жасады. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы «Жас Отан» жастар қанатының мүшесі Әсел Бөлекова Мемлекет басшысының тың идеяларын жүзеге асыру жолында белсенді жастардың атқарып жатқан жұмыстарын атап өтті. Іс-шара соңында этномәдени бірлестіктердің және жоғары оқу орындарының шығармашылық ұжымдары көрермендерге мерекелік концерттік бағдарлама ұсынды.
Санат РАШ.



