МерекеРухани жаңғыру

Заманды рухани байлық билейді

Жаңа мыңжылдықта қазақ тәуелсіз, азат елдің тізгінін ұстаған халық болып әлемге танылды. Алды үміт жаңа ғасырдың арты өкінішке ұрындырмас үшін қандай қам-қарекет қылмақ керек? Өңешіміз созыла ұмтылған өркениеттің бізге  ұсынар тағы қандай «жұмбағы», «сый-сияпаты» бар? Жер-дүние бір қауызға сыйып, әлем тағдыры алақанда тұрғанда, қазақ халқы ұлт ретінде сақталып қала ала ма? Санды сапаға айналдыратын ғаламат технология заманасы ұлттық бет-бейнемізді, төл қадір-қасиетімізді жуып кетпес үшін не істемек керек?

Осындай тоқсан қабат, тағдырлы, күрмеуі қиын күрделі мәселелердің шешу жолдарын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбегінде талдап, елге ұсынды. Ұлттық жаңғыру дегеніміз — ең алдымен, заман ағымына икемделу. «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ,  көш басындағы елдермен тереземіз теңесіп, иық түйістіру мүмкін емес», — деді Елбасы.

Жаһандану заманында тауарлар, ақша шексіз алмасқан тұста, ұлт туралы көзқарас та өзгеріп барады. Ұлт  дегеніміз  бүгін тілі, мәдениеті, атамекені, діні ортақ қауымдастық қана емес, ол — бренд, оның бәсекелестікке сай өндіретін тауары да осы ұғым ауқымына енеді. Ұлт  беделі, жақсы  аты (имиджі) оның өндіретін тауарларымен өлшенетіні де анық, ал ол өлшем ұлттың халықтар арасындағы орнын, беделін анықтайды. Бренд тауар мен ұлттықпен бірге, ол елдің тарихы, дәстүрі, ұлттық мәдениеті бірге тарайды. Біздің жас мемлекетіміз жаһандану тұсында өз тауарымен танылмайынша, бәсекеге қабілетті ұлттардың қауымдастығына ене алмайтыны анық.

«Ең құнды жанармай — еңбекпен шыққан тер», — дейді  америкалықтар. Еңбек пен ақша — олар үшін егіз. Біздің халық тер төгіп еңбек етуге әлі енжар. Өкінішке қарай, «Байлыққа тек ұрлықпен жетуге болады» деген жалған түсінік басым. Қазақты кертартпа мінезден арылту, қайта тәрбиелеу міндеті тұр.

Біздің бойымызда әлі де тоталитаризм дәріптеген психология  көріністері  байқалады. Әлі де бізге әсіре сақтық, аяқты аңдап, абайлап басу, тіпті үрей сияқты психологиялық құбылыстар тән. Сондықтан өз күшіне сену, қоғамның қолдауымен озбырлықты, жемқорлықты ауыздықтауға болатынына илану, еркіндік әлі жетпей жатыр. Ал әділдік, төзімділік, табиғатты қорғау, ортаны сыйлау деңгейіміз төмен. Бұл — тек қазақстандықтарға ғана емес, бірқатар посткеңестік елдерге тән жағдай. Байлыққа, табысқа, молшылыққа  құштар  болғанымызбен, батыл іскерлікке, тәуекелге, жаңа іс-қимылға дайын еместер арамызда баршылық. Үлкен табысқа, молшылыққа тер төгіп емес, оңай жолмен жетуді көздеп, темір торға түсіп жатқандар — соның куәсі.

Инновациялық экономика жеке бастың еркіндігін, жаңа идея табу үшін сырттан ақпарат іздеуді де талап етеді. Жаңа идеялар авторларын мемлекет ақшалай қолдауы, еңбегін мойындауы, қадірлеуі қажет. Бұл — демократиялық қоғамның бір белгісі. Сонымен, инновациялық экономика озық рух, пікірталас, еркіндік, ортақ мүмкіндік, сөз  еркіндігімен байланысты болады. Инновациялық экономиканың  ұлттық мүдде мен экологияға жағымсыз да жақтарының бар екенін, оның алдын алу мәселесін де ескеруіміз жөн. Сондықтан Президент «жаңа технологияның ағыны алып келетін өзгерістердің бәріне дайын болу» қажеттігін ескертті. «Цифрлы» экономика тек өндіріс емес, маркетинг, менеджмент, білім салаларына еніп, жұмыс орындарын қысқартады. Компьютерлік технология 95 пайызға дейін еңбекті роботтандырып, көптеген мамандықтарға сұранысты азайтады, жұмыс орындары қысқарады. Болжамдар бойынша, 2020 жылдың аяғына таман дамыған және дамушы елдерде жұмыс орындары 5 миллионға дейін қысқарады. Әлеуметтанушылардың болжамдарына қарағанда, қылмыс пен алкоголь, апиын қолдану өседі, өзіне-өзі қол салу көбейеді, әлеуметтік  шиеленіс жиілеп,  тәртіпсіздіктер мен әртүрлі қарсылықтар көбейеді. Мұны да ескермеске болмайды.

Алаш көсемдерін XX ғасырдың 20-30 жылдары қазақтың ішкі дүниетанымы жағынан жапондар сияқты ұлт болғанын армандағаны үшін «жапон шпиондары» деп айыптаған. Жапон ұлттық  педагогикасында «майго» дейтін бала тәрбиелеудің, әсіресе, патриотизмге баулудың әдісі-тәсілі қалыптасқан. Баланың аты бала, қай  ұлттың болсын сәбиі, жасөспірім балалары мұғалімнің, әке-шешенің айтқанын мүлтіксіз орындай бермейді. «Майго» деп бес жасқа дейінгі баланы супермаркет немесе басқа бір адамның көп жиналған жерінде әдейілеп ұмытып, тастап кетуді айтады. Полиция пунткттерінде «ұмытылған» балаларды жинайтын арнайы орындар да бар, оларды тамақтандырады, ойнатады, ұйықтатады. Әке-шешелері телефон арқылы балаларының полицей учаскесінде екенін біліп, жағдайын сұрап тұрады. Күндер өткен сайын балалар ата-анасын сағына бастайды, күтеді, тіпті мазасызданады, зарығады, оларды осылай шаршатып барып, әке-шешелері де келеді. Ата-аналары: «Енді түсінуің керек, сен бізсіз, туған-туысқандарыңсыз, мектебіңсіз, дәрменсіз бейшарасың, өскенде жұмыс істейтін ұжымыңсыз, отаның Жапониясыз әлсіз, қайратсыз боласың. Сондықтан ата-анаңды сыйлау — туған еліңді сыйлау» деп, санасына сіңіре береді. «Жапондар кім?» деген сауалға олар: «Жапон  ұлты — еншісі бөлінбеген тұтас акционерлік компания», — дейді. Басқалар тентек баланы ұрысып, ұрып-соқса, жапондар өзгеше жолмен тәрбиелейді. Олар жұмыс орнын өмірде бір рет қана таңдап, ауыстырмайды. Егер жапондық: «Мен мына жұмыстан кетемін», — десе, оған сатқын ретінде қарайды. Өмір бойы бір жерде жұмыс жасау, бар білімі мен тәжірибесін, күш-қайратын сол компанияға жұмсау жеке адамға да, компанияға да тиімді. Жеке адам мемлекеттен де, компаниядан да зейнетақы алады. Ал компания жұмыс істеушілердің  тұрақтылығынан көп пайда табады, қызметкерлерді жұмысқа үйретуге көп қаржы жұмсайды, себебі жаңа қызметкерлерді қабылдамайды, тұрақты, тәжірибелі мамандар еңбек өнімділігін арттырады.

Инновациялық экономика тағдырын шешетін — рухы биік ұлттық мамандар. Әрбір жоғары оқу орны ұлттық кадрлар даярлайтын ұстахана болуы керек. Тәуелсіздік заманында шетелдерде оқыған жастар басқалардың білетінін қазақ та білетіндігін, басқалардың қолынан келген іс қазақтың да қолынан келетіндігін көрсетті. Жастарымызды бағаламай,  шетел мамандарына иек арта беру намысты қоздырады. Бүгінгі білімді ұрпақ жаңа заманға, еңбекпен табыс табуға, іскерлікке бейімделуде. Ақшаны мақсатқа сәйкес орынды жұмсаудың, дүние-мүліктің қадірін түсінетін, еңбекті қасиет тұтатындар көбеюде.

Ұлттық жаңару — ол ұлттық сананың кемелденуі. «Жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», — дейді  Нұрсұлтан Назарбаев. Елдің бірлігі мемлекет құраушы ұлттың намысына, таңдауына, ұстанымына, өз төңірегіне  диаспораларды үйіре білуіне, жаңа ізденістеріне және елдегі демократиялық ахуалға, ұлт саясатына да байланысты екені аян.

Қазақ мемлекет құраушы, сонымен бірге, енді сан жағынан да басым ұлт болғанымен, әлі де отарланған ұлтқа тән психологиядан арылған жоқ. Біздің ұстанымдарымыз қайшылықты да күрделі. Басынан өткен ауыр қайғы-қасірет, зорлық-зомбылық қазақты сақтыққа, күдіктенуге үйретті. «Қазақстандық ұлт», «ұлтсыз төлқұжат», «үштұғырлы тіл» деген бастамаларға секеммен қарайтындығы сондықтан.  Бұл — заңды сақтық. Сол себепті ұлт мәселесінде байқап, абайлап қадам жасауға тура келеді, кейде шегініс те керек. Сөйте тұра, қазақ еліккіш, әуесшіл. Тәуелсіздік алып, ірі державалармен араласқан кезеңде, соларға еліктеп, ұлттық құндылықтарымыздан алшақтай  бастаған тұстарымыз да бар. Өзін-өзі кемсітіп, «өркениетті елдер сияқты» боламыз деп, бұрынғы отарлаушыларға еліктеп, бірте-бірте солардың рухани үстемдігінің астында, билігінің жетегінде кеткенін білмей қалған африкалық мемлекеттер баршылық. Мәдениет, дәстүр, дін, басқа да салалардағы еліктеу «біз де қатарға қосылған ұлтпыз» деген жасанды психология туғызады. Бұл, әсіресе, жастарды адастырады, өркениетті ел болдық деп жұбатады. Сөз жоқ, мақтануға негіз де бар: Біріккен Ұлттар Ұйымының, оның Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болдық, «ЭКСПО-2017» көрмесін өткіздік. Шүкір, абыройымыз асып келеді, бірақ сол мақтаныш  дарақылыққа ұласып кетпесе игі.

Өйткені заман қатыгез, жалпақшешейлікті көтермейді. «Артық байлық не керек, ден сау болса болғаны…» деп әндету, ысырапшылдық нарық заманына үйлеспейді. Байлық, қаржы — денсаулықтың көзі, ақшалы адам сүйген асын ішеді, қалаған жерінде демалады, таңдаған жеріне барып емделеді. Сондай-ақ, денсаулықтың өзі де — байлық, дені сау адам ғана табыс табады, несиесін төлейді. «Бай болып, ауру болғанша, деніміз сау, кедей болғанымыз жақсы» дегенді қолдауға болмайды. Дәулетті әрі деніміз сау ұлт болуымыз керек!

Тарихымызды  білу — парыз. Тарихын білмеген халық тастанды бала сияқты,  тегін білмейді. Бүгін тарихымызды саралағанда, құрбандық психологиясын дәріптеу әдетке айналып барады: жоңғар шапқыншылығы, патшалық Ресейдің отарлауы, большевиктердің қуғын-сүргіні… Әрине, біздің жоғалтқанымыз көп. Бірақ, тарихи өлшемімен алғанда ол шығындар уақытша болды, біз өз бетімізбен аяғымызға тұрдық, қиындықтарды жеңдік, жасымадық, тәуелсіз ел болдық. Жылап-сықтап, тек қайғы-қасіретті алға тарта бермей, рухы биік ұлт екенімізді баса айтайық.

Тұрмыс жақсарған сайын қазақтар арасында тоғышарлық психология, ұлттық селқостық, немкеттілік белең алды. Сонымен бірге, екінші үрдіс — қорғаныш үрдісі де күшейді, патриоттық, ұлттық топтар арасында нигилизмге, шовинизмге, тоғышарлыққа қарсылық туды, ұлттық энергия шоғырланып, күш жинады. Ұлт өмірінде энергияның сақталу заңы осылай көрініс алатын сияқты. Мемлекеттік  тілге басымдық беру, жер мәселесі, қазақ ұлттық мемлекеттігі туралы ойлар бойымыздағы ұлттық энергияға қуат береді. Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы осы ұлттық энергиямен үндесіп,  ұлтымызға күш-қуат берді.

Айталы АМАНГЕЛДІ,

философия ғылымдарының докторы,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік

университетінің профессоры

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button