Тарих

Есеттің батасы

Бекет атаның кәрі нағашысы, бүкіл саналы ғұмырын елінің егемендігі мен халқының тәуелсіздігі үшін сарп еткен тама Есет батыр Көкіұлы шамамен 1667-1766 жылдар аралығында өмір сүрген, қалмақ­тарға қарсы азаттық күрестің басшыла­рының бірі. Оның түп атасы — ХІ-ХІІ ғасырларда өмір сүріп, Созақта жерленген, Қожа Ахмет Яссауидің қадірменді замандасы, исі түркі жұрты түгел құрмет тұтатын белгілі әулие Қарабура. Ал өз әкесі Көкі батыр бірнеше мәрте қажылыққа барған, соңғы сапарында сол жақта дүние салып, топырақ араб жерінен бұйырған ғұлама кісі көрінеді. Бұл жайлы Хәлел Досмұхамедұлының жазбаларында жақсы айтылған. Әбілқайыр ханмен қимас дос болған Есет батырды өз заманында Тәуке хан жеті руға рубасы етіп сайлаған. Орыс патшайымы Анна Иоанновнадан аты-жөні жазылған естелік қанжар мен хан тарапынан «тархан» деген құрметті атақ алған Есет батырдың ауылы 1742 жылдары Сам құмын жайлаған.

Тоқсаннан асқан шағында Есет батыр он екі жасар жиені Бекетке:

Үстіңнен дүбір кетпесін,

Құлағыңнан сыбыр кетпесін.

Ақ пен қараны айырар,

Жауды кері қайырар,

Атың айтып тұрғандай дүр боларсың.

Елге шуақ шашып нұр боларсың,

Үш жүзге танымал Пір боларсың… — деп бата берген екен делінеді.

Бала кезінен-ақ зеректігімен көзге түсіп, алдымен атасы Жаналыдан, соңынан ауыл молдасынан сауатын ашқан Бекет ата 14 жасында Хиуадағы Шерғазы хан медресе­сіне оқуға барады. Оның түсіне еніп, «ұстаз-пір» тауып, сопылық жолын ұстануға сілтеме жасаған Маңғыстаудың Қара­ойындағы белгілі әулие Шопан ата екен делінеді. Ал Атамыздың бойындағы Алла сыйлаған ерекше қасиет пен айрықша қабілетті алғаш байқап, оған діни білім алуға кеңес берген ағасы Меңдіқұл батыр көрінеді.

Abai.kz

(Мақала қысқартылып алынған)

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button