Тарих

Бас сардар — Бөкенбай Қарабатырұлы

Есімдері халық жадында жатталып, ел есінде сақталған тарихи тұлғалардың ішінде данагөй хандар; қысылтаяң шақта қол бастап, намыс үшін басын өлімге қиған баһадүр батырлар; қара қылды қақ жарған тура билер мен елінің көзін ашып, білімге жетелеген ғұламалар қаншама? Тәуелсіздік жылдары сондай дара ұлдардың аттары дараланып, жыл санап артып, тарихтың ақтаңдақ беттері толығуда. Бұл — қуанатын жағдай. Солардың бірі — аумалы-төкпелі XVIII ғасырда халқының тәуелсіздігі үшін атқа мініп, соңына қалың жұртын ерте білген, қол бастап, Ұлы далаға көз тіккендерге тойтарыс берген табын Бөкенбай Қарабатырұлы. Соңғы кезде Алаштың айтулы батырының ел тағдыры сынға түскен шешуші айқастарда жасаған ерліктері жазылып һәм айтыла бастағаны қуантады. Алайда, іргелі зерттеулер мен батырға қатысты тарихи деректерді бірізділікке түсіріп, жолға қою ісінде олқылықтар жоқ емес. Тарихи тұрғыдан әділ баға әлі берілмей келеді.

XVIII ғасырдағы қазақ елінің жоңғарларға қарсы ұлт-азаттық соғысында аты аңызға айналған Бөкенбай Қарабатырұлының ерлік істері халықтың рухын көтеріп, ұрпақтың патриоттық тәрбиесі үшін таптырмайтын дүние.

Дүрбін Ойрат жағынан қайтадан қатер туғанын сезген Тәуке хан 1710 жылы бүкіл Қазақ Ордасының құрылтайын шақырады. Бұл жиын Арал өңірінде алты ата Әлімнің белді тайпасының бірі қаракесектердің жерінде өткендіктен «Қаракесек жиналысы» — деген атпен тарихқа кіргенін орыс саяхатшысы Яков Петрович Гавердовский жазып кеткен болатын. Алты алашты тағы да үрей қысқан шақта жиында әр түрлі пікірлер айтылады. Басым көпшілігі жоңғарға бас ұрып, қонтайшының бодандығын қабылдауға икем танытса, базы біреулері көтеріле көшіп, қалың құмды саялап, жан сақтауды ұсынады. Шешімі табылмай тұрған қиын шақта, алқа-қотан отырған хандар мен билердің, ел ағаларының алдына суырылып шығып сөйлеген Бөкенбайдың отты сөзі елдің намысын оятып, жігерлендіріп, жаумен күреске түсуге топтастырады.

Бөкенбай батырдың бұл сөзін жазушы Әбіш Кекілбаев «Үркер» романында былай береді: «Қашып бара жатып төгетін қанды біз неге осы атамекенімізде ақтық деміміз таусылғанша шайқасып жүріп төкпейміз? Өз басым осы ата қонысымда мола болып қаламын. Бірақ тірлігімде күн шығыстан босып келе жатқан қазақты көрсем де, мейманасы тасып, бөсіп келе жатқан ойратты көрсем де, қанжарым сынғанша қарнап, найзам сынғанша шаншып бағам».

Жоңғарға қарсы жасалатын жорыққа арналған Құрылтайда үш жүзден құрылған біріккен қолдың Бас қолбасшысы болып Әбілқайыр хан сайланып, Бөкенбай батыр Бас сардар болып, ай жүзді ақ семсерді қолына алады. Осындай тарихи қиын жағдайда алғаш рет қазақ Ордасының тарихында ұлыс тағдыры ханға емес, сұлтанға емес, қара қылыш батырға тапсырылады.

Белгілі жазушы Мұхтар Мағауин «Қазақ тарихының әліппесі» кітабында бұл шайқаста үміт ақталып, Бөкенбай бастаған шерулі қол 1710-1711 жылдардағы дүрбелең майданда қалмақтарды тойтарып, келесі 1712 жылы ойрат ұлыстарының жеріне басып кіріп, қазақтың біраз қоныстарын қайтарып, жеңіске жеткені туралы жазады.

Қазақ тарихында қарадан шығып халықтың қалауымен қиын шақта бірнеше рет қол бастаған батырлардың бірегейі осы Бөкенбай Қарабатырұлы екені шындық. Бұған талас, дау болатындай негіз жоқ, мүмкін де емес.

Ақтабан шұбырындыдан кейінгі кезеңде, 1726 жылы Ордабасыда үш жүздің басын қосқан екінші құрылтайда аттары елге танымал Қазыбек би, Төле би, Әйтеке бидің шешімімен екінші рет Әбілқайыр хан біріккен қазақ күшінің Бас қолбасшысы болғанда, Бөкенбай батыр үш жүз түменінің Бас сардарлығына тағы тағайындалды.

Алғашқы үлкен майдан 1728 жылы Арқада, Сарысудың батыс торабындағы Бұланты өзенінің бойында өтеді. Ұрыс болған жер «Қалмаққырылған» деген атаққа ие болды. Сол ерлік сәтін «Бөкенбай батырдың білектеріне жасыл орамал байлаған мың жігіті Галден Цереннің қолына күтпеген жерден найзадай кіріп, орталарына ойран салып, шайқастың қызу ортасынан сытыла шығып, кейін қарай салды. Абыржыған жоңғарлар басқарудан ада болғанмен, қашқан жауды қуғанда, өздерінің соры екенін білген жоқ»,— деп көрсетеді Әбіш ағамыз тағы да «Үркер» романында.

Міне, осы сәттерден Бөкенбайдың өз Отанын жанынан артық сүйетінін, тәуекелшілдігін, соғыс стратегиясын жетік білетіндігін пайымдаймыз.

Бөкенбай баһадүрдің арғы аталары да жау түсірген айтулы батырлар болған. Батырдың ұрпағы Ғалымгереев Қапият ақсақалдын айтуынша, ер жүректік Жиенбеттен тараған. Жиенбет әрі батыр, әрі би болған деп айтады. Оның баласы Алдасүгір (лақап аты Қарабатыр) атына лайық, жауымен арыстанша алысқан батыр. Одан әрі Бөкенбай, баласы Тіленші, немересі Жоламан аттары тарихқа енген қазақ қаһармандары екені бәрімізге белгілі.

Қазақта туған жер, атақоныс деген атаулар аса қастерленеді. Ғалым Зәкіраддин Байдосов ерінбей-жалықпай іздену арқасында Бөкенбай батырдың бейітін тапты. Оны жасы үлкен сол төңіректің ақсақалдары да қостап отыр. Алайда, туған жері әлі белгісіз.

1742 жылы маусымның 7 күні Орынбордың экстракт комиссиясының шет ел коллегиясына жолдаған қазақ, қалмақ және башқұрттардың арақатынасы туралы хатында Жайық казагы Харкиннің айтуынша, Бөкенбай ауылы Қалдығайты мен Бұлдырты өзенінің бас сағасында, Жайық бетінен атпен төрт күндік жер. Казак Харкин Бөкенбай батырдың 500 сарбазымен түркімендерге кетіп, қаза болғанын хабарлайды. Осы хабар Зәкіраддин ағамыздың Бөкенбайдың бейітін анықтаған жерін растай түскендей.

Енді шыққан тегіне, ата-қонысына келетін болсақ Бөкенбай батырдың руы — Тарақты Табынның Жиенбет бөлімі. Әр рудың өзінің қыстауы мен жайлауы бар екенін ескерсек, бізге жеткен құжаттарда Тарақты Табындардың атақоныстары, көші-қон бағыттары Жайық-Елек құйылысынан басталып, Қалдығайты, Бұлдырты мен Ор, Ұя өзендерінің аралығын алып, Жем, Сағыз арқылы Нарын құмына кіреді. Қарабатырдың бейіті Мәртөк ауданының Палтау селосынан 12 шақырым жерде, Орынбор облысының Қуандық ауданында жатқаны сөзімізге нақты дәлел.

Қырғыз (қазақ) өлкесін басқару жөніндегі әскери төңкеріс комитетінің мүшесі А. Байтұрсынов баяндамасында осыны дәлелдей келіп, «Көшу қалай болса солай, әркімнің ойынша емес, қатал тәртіп бойынша, әрбір ауыл үшін ерте заманнан бері айқындалған белгілі бағытпен, келіскен жермен жүреді. Бұл жерде кездейсоқтық деген атымен болмайды. Барлығы аймақтық ерекшеліктеріне сәйкес үйлестірілген», — деп көрсетеді. (ҚРОММ 14 қор, тізімдеме).

Соның айғағы, қазіргі уақыттың өзінде Тарақты Табындардың шоғырланған жерлері — Ақтөбе облысында Мәртөк ауданы, Қобда ауданында төменгі Кіші Қобда мен Елек өзенінің арасы, Орынбор облысында Елек пен Ор өзендерінің аралығы, Жайық бойы Ақбұлақ, Тұзтөбе, Елек қаласы және Батыс Қазақстан облысында Шыңғырлау және Бөрлі аудандары.

Бөкенбай батыр туралы біздерге алғаш дерек берген облысымызға танымал, Есет Көкіұлының 325 жылдығына арнап жыр дастан жазған Мәртөк жерінің перзенті, ұстаз, шайыр Сейітқали Жанғалиев ақсақал болатын. Әнші Тәңірберген Молдабайдың да аты халыққа танымал болып, Алтын қызбен айтысының бүгінгі ортаға жетуіне де себепкер болған осы ақсақал еді.

Марқұм 1994 жылы: «Бөкенбай өз заманының алып батыры болған. Есет қанша батыр дегенмен оны қатты сыйлап, алдына шықпаған. Айтқанын жасап, ылғи да қасында жүрген, әрі күйеу баласы болған. Палтау елді мекенінен 12 шақырым жерде, Орынбор облысының Қуандық ауданындағы «Приуральный» кеңшарының 2 бөлімшесінде Қарабатырдың шыңы деген шың бар. Сонда Бөкенбайдың әкесІ Қарабатыр жерленген»,— деген болатын.

Ұзамай Қарабатырдың шыңына шығып, дұға оқып, ауыл ақсақалдарымен кездескен болатынбыз. Олар Сейітқали ақсақалдың айтқандарын толықтай қостады. «Аталарымыздың айтуынша шыңның басына Қарабатыр жерленген. Қайтыс боларында: «Басымды шығысқа беріңдер, жау келсе шығыстан келуі мүмкін. Аян берсем де жаудың келе жатқанынан хабар берермін»,— деген екен» деп әңгімелеген болатын.

Сол кездесулерден кейін «Актюбинский вестник» газетінде Бөкенбай мен оның әкесі Қарабатыр туралы «Вершина Қарабатыра» деген атпен Амантай Өтегеновтің мақаласы жарияланған еді. Бұл 1995 жыл болатын. Содан кейінгі жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2007 жылдың 20 шілдесінде Мәртөк селосында республика көлемінде бірінші рет Бөкенбай батырдың 340 жылдығына арналған «Бөкенбай баһадүр — ескерусіз ерлігі мен отты рухы» атты ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылды. Конференцияға ақтөбелік ғалымдар мен қаламгерлер шақырылып, іргелес қоныстанған елдерден Ресей делегациясы қатысқан болатын.

Негізгі баяндаманы Бөкенбай батырды алғашқы зерттеушілердің бірі профессор Зәкіраддин Байдосов жасап, зерттеу негізінде Бөкенбай Қарабатырұлының туған жылы 1667 жылдың шамасы деген келісімге келген болатынбыз. Көпшіліктің қолдауымен Бөкенбай батырға ас беріліп, Құран оқылды. Аудандық мәдениет қызметкерлерінің күшімен Әбіш Кекілбаевтің «Үркер» романының негізінде сахна төрінде театрландырылған Бөкенбай батырдың өмірінен тарихи шиеленістерге байланысты көріністер қойылды. Аудан әкімшілігі конференция делегаттарының ұсынысын қолдап, аудан орталығындағы орталық көшеге Бөкенбай бабамыздың атын берді, аудандағы ұлттық мектеп-гимназиясына Бөкенбай батырдың есімін беру туралы ұсыныс аудандық, облыстық ономастикалық комиссиялар отырысында қолдау тауып, республикалық ономастикалық комиссиясының шешімін күтудеміз.

Конференцияда тарихи белгі ретінде Мәртөк ауылының атын сақтай отырып, ауданға Бөкенбай батырдың атын беру туралы да ұсыныстар болған еді. Ол ұсынысты аудандық «Мәртөк тынысы» газетінде жариялап, көпшіліктің талқысына салғанбыз және заңдылығын қарастырғанбыз. Редакцияға түскен ұсыныстар әртүрлі болғандықтан, бұл жағдай әлі шешімін тапқан жоқ, бірақ жұмыс әрі қарай жалғаса бермек.

Міне, алғашқы қозғалған сең сияқты, Бөкенбай батырдың атын халыққа, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа таныстырудағы Мәртөк ауданындағы жасалынған жұмыстардың барысы осы. Одан кейінгі уақытта басталған жұмыстың облыс көлемінде әрі қарай жалғасуына себепкер болған да Мәртөктен алынған бастама болатын. Сол істелген жұмыстардың жалғасы ретінде Қ. Жұбанов атындағы университеттің «Жастар» сарайында Бөкенбай батырға арналған ғылыми-теориялық конференция өтті. Конференция ауқымды және өте мазмұнды болды деп айтуға болады. Конференция делегаттарының қолдауымен «Бөкенбай батыр» атындағы қор құрылды.

Екінші қуанышымыз, Ақтөбе қаласында облыс және қала әкімшілігінің түсіністікпен қолдауының нәтижесінде қала ортасынан жаңа және үлкен даңғылға Бөкенбай батырдың атының берілуі. Атамыз қазақтың өсиеті ретінде айтып кеткен «Елін сыйламаған ел азады. Ерін сыйламаған ел тозады» деген қағидалы сөзі ұлтын ардақтайтын әр азаматқа толғаныс сезімін тудыруға тиіс деп ойлаймын.

Бөкенбай батыр туралы жазушы Ә.Кекілбаев «Үркер» романында жазса, профессор З.Байдосов, ғалым Н.Жетпісбай, ел ақсақалы А.Қожанов газет беттерінде көптеген мақалаларын шығарды. Бөкенбай Қарабатырұлының тарихта айтылатын аңыз емес, тарих төрінде жасаған ерлігіне сай орны бар тарихи тұлға екенін дәлелдейтін құжаттардың жеткілікті екені даусыз.

Сондықтан Бөкенбай бабамыздың ерлігі туралы кәсіби тарихшыларымыз арнайы зерттеулер жасап, жас ғалымдарға ғылыми жұмыс қорғатып, батырдың есімі елді мекендер мен көшелерге беріліп, ескерткіш орнатылса, ел де рухани жаңғырып, аруақ та разы болар еді.

 

Жақсат ҚАРЫЛҒАШОВ.

 

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Рахмет! Атанын аруагы колдап журсин!
    Рухани жангыру деген осы! Улт жаны азаматтар гана ата баба ерлигии унии насихаттайсындар журе ди.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button