БілімБасты жаңалықтар

12 жылдық білім беру жүйесі: Ағылшын тілінде оқытылатын төрт пән. мұғалімдер дайын ба?

Еліміздегі, облыстағы барлық мектептер 12 жылдық білім беру жүйесіне кезең-кезеңмен көшіп жатыр. Өткен оқу жылында басталған іс 2019 жылы толығымен аяқталады. Сол кезден бастап, яғни  2019-2020 оқу жылында 10-11 сыныптың оқушылары төрт пәнді — физика, химия, биология, информатиканы ағылшын тілінде оқитын болады. Әрине, үйретушісі мықты болса, бала пәнді жақсы оқып, тілді де меңгереді. Бұл ретте алдымен педагогтердің өзі мықты болуы тиіс. Ал сол мұғалімдер жаңа жүйеге дайын ба?  Төрт пәннен ағылшын тілінде сабақ беру үшін облыс мектептеріне жалпы 824  мұғалім қажет екен. Олардың бәріне бірдей  шет тілін үйретуге мемлекет тарапынан қандай қолдау, көмек көрсетіліп жатыр? 12 жылдық білім беру жүйесінің талаптарына мектептер сай ма? Шалғай ауылдардағы шағын жинақты мектептер бұл көшке ілесе ала ма? Біз осы және басқа да сауалдардың жауабын білмек ниетпен облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Құлыбекованы әңгімеге тартқанбыз. Сонымен…

 Бес орталық. Бес аудан

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен ел мектептері жаңартылған білім беру мазмұнына сатылап көшірілуде. Екі жылдан соң жоғары сынып оқушыларына негізгі төрт пән ағылшын тілінде оқытылатын болады. Мұның бәрі жас ұрпақтың бәсекеге қабілетті болуы үшін қажет. Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасындағы негізгі басымдықтардың бірі осы — білім беру мазмұнын жаңарту, яғни халықаралық талаптарға сай білім беру. Әрине, бұл мақсатқа жету үшін педагогтердің өзі мықты болуы міндет. Сол себепті, физика, химия, биология, информатика пәндерінің мұғалімдеріне ағылшын тілін үйрету үшін арнайы жоспар құрылды. Жоспар бойынша жалпы 824 педагог тіл үйрену курстарында білімдерін жетілдіру керек, — дейді Гүлжан Құлыбекова. Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар былтыр күзден бастап қолға алынған. Өткен жылы қазан, қараша, желтоқсан айларында облыс бойынша 40 мұғалім арнайы курстан өтіпті. Дәл қазір 586 педагог ағылшын тілін үйреніп жатыр. Сондай-ақ, тағы 186 педагогке тіл үйрету жоспарланып отыр.

Жалпы облыста педагогтерге ағылшын тілін үйрету мақсатында бес бірдей орталық жұмыс жасап жатыр. Олар: Педагогикалық шеберлік орталығы, «Өрлеу»,  «Ұстаз», «Астана — білім ордасы»  және Назарбаев университетінің  орталықтары. Соңғы үш орталықтың мамандары Ақтөбе қаласына және аудандарға барып, дәріс беруде. Бүгінде облыс орталығымен бірге бес ауданда арнайы орталықтар ашылған. Мұндай орталықтар Шалқарда, Мұғалжарда, Мәртөкте, Алғада, Хромтауда бар. Мұғалжар ауданында даярланатын мұғалім санының көптігіне байланысты екі  қалада —  Қандыағаш пен Ембіде ашылыпты. Жақында мұндай оқу орталығын Темір ауданында да ашу жоспарланып отыр.

Үш деңгейлі үш айлық және алты айлық курстар

Елбасы Жолдауда: «Мектептердің және мұғалімдердің деңгейі, әсіресе ауыл мен қалада әртүрлі. Білікті педагогтердің жетіспеу проблемасы да бар. Сондықтан осының барлығын ескеріп, ағылшын тілін кезең-кезеңмен енгізуіміз керек» деген болатын. Соған байланысты ағылшын тілінде сабақ беретін кадрлар мәселесін даярлық курстарын ұйымдастыру арқылы шешуді жоспарлап отырмыз.

Курстарда оқу мерзімдері екі түрлі болады. Бірінде үш айдан үш рет, яғни үш кезеңде оқытылса, бірінде үзіліссіз алты ай бойы оқытылады. Үш айдан соң бірінші кезеңді бітіргендігі туралы сертификат беріледі. Тамыз айынан бастап мұғалімдер үш айлық курстың екінші деңгейін оқып жатыр. Олар бұл кезеңді желтоқсанның 2-сі күні  бітіреді. Үшінші кезең 2018 жылдан бастап оқытылады, — дейді облыстық білім басқармасының қызметкері. Оның айтуынша, үш кезеңнен тұратын үш айлық курстан өтетін мұғалімдер мектептегі жұмысынан қол үзбейді. Түске дейін мектепте болса, түстен кейін курста білімін жетілдіреді. Олардың ыңғайына қарай оқу кестесі жасалған.

Айта кету керек, тіл үйрену курстарына 1 жыл жұмыс өтілі бар жас мұғалімдерден бастап қабылданады.

Мемлекеттік қолдау: Сақталатын жалақы және 30 пайыз үстемеақы

 Ауылдардан келіп оқып жатқан мұғалімдердің іссапар шығыны төленеді. Бұл мақсатта олардың еңбекақыларына ай сайын 45 мың теңгеден қосылады. Ал Назарбаев университетінің оқу орталығында дәріс алып жатқан мұғалімдерге одан да көбірек, шамамен 100 мың теңгеден астам ақша төленуде.

Сондай-ақ, мұғалімдер мектепте жұмыс істемесе де,  жалақылары сақталады. Сонымен қатар, сол мұғалімнің орнына сабақ берген адамға да жалақы төленеді. Курстың екі деңгейінен (А және Б деңгейлері) өткеннен кейін оларға сертификат беріледі. Сертификат алған педагогтердің еңбекақылары өседі: оларға жалақыларының 30 пайызы қосылады.

Кейбір мұғалімдер: «2019 жылға дейін өзіміз ақша төлеп, ағылшын тілін үйреніп аламыз деп жүр едік. Мемлекеттің көмегінің арқасында тегін оқып жатырмыз» деп мәз болуда.  Ал кейбірі сабақтан шығып, курсқа барудың қиындығын айтады. Іссапар шығындары үшін беріліп жатқан 45 мың теңгені азсынатындар да бар. Дегенмен, мемлекет тарапынан педагогтер үшін бар жағдай жасалып жатыр, — дейді Гүлжан Құлыбекова.

Эксперимент: 74 мектеп және 8-сынып 

Облыста 408 мектеп бар. Жаңа оқу жылынан бастап 1,2,5,7-сыныптың оқушылары 12 жылдық білім беру жүйесі бойынша білім алуда. Екі жылдан соң барлық сыныптар осы жаңа жүйеге көшуі тиіс.

— Көпшілік үштілділік дегенде тек ағылшын тілі ғана үйретіледі деп түсінеді. Әйткенмен, бұл — қате пікір. Мемлекет басшысы Жолдауда: «…Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді», —  деген болатын. Мектептердің бәрінде  мемлекеттік тіл — қазақ тілін оқытуға ерекше мән беріледі. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің сағаттары сақталды. Сондай-ақ, орыс мектептеріндегі қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің сағаттары да сол күйінде қалып отыр. Қазақ тілі, қазақ әдебиеті пәндерімен бірге, Қазақстан тарихы пәні де қазақ тілінде оқытылады, — дейді бөлім басшысы.

Жалпы үш тілде білім беру жүйесін енгізу елімізде бұдан он жыл бұрын қолға алынды. Осы бағытта республиканың әр өңіріндегі 33 мектеп-гимназия, мектеп-лицей жұмыс істеп, педагогтер өзара тәжірибе алмасты. Сол мектептердің бірі — Ақтөбе қаласындағы №21 мектеп-гимназия. Аталған білім шаңырағында 7-сыныптан бастап математика, биология пәндері ағылшын тілінде өтеді. Сондай-ақ, қазақ тілі мен қазақ әдебиеті, ағылшын тілі пәндері тереңдетіліп оқытылуда. Орыс тілі мен орыс әдебиеті пәндері орыс мектептерінің бағдарламасымен оқытылып жатыр.

Ағылшын тілін үйрету мақсатында эксперимент жұмыстары 2007 жылы қолға алынды. Сол жылы пилоттық жоба бойынша 3 мектеп жұмыс істеді. Олар: Ақтөбе қаласындағы №9, №21 мектеп-гимназиялар және  жасөспірімдерге арналған Ақтөбе облыстық мамандандырылған «Білім инновациясы» лицей-интернаты (бұрынғы облыстық мамандандырылған қазақ-түрік лицейі). Өткен жылы өңірде 2 мектеп үш тілде сабақ беріп, 6 мектеп эксперимент режимінде жұмыс жасаған болатын. Биыл олардың саны 74-ке жетті. Осы 74 мектепте 8-сынып оқушыларына физика, информатика, химия, биология пәндерінің бірін немесе екеуін (таңдау бойынша) ағылшын тілінде оқыту жоспарланып отыр. Эксперимент өткізу үшін арнайы дайындалған оқулықтар бар, — дейді Гүлжан Құлыбекова.

P.S: Сонымен, біздің облыста екі мектеп — Назарбаев зияткерлік мектебі, жасөспірімдерге арналған Ақтөбе облыстық мамандандырылған «Білім инновациясы» лицей-интернатының мұғалімдері төрт пәнді — физика, химия, биология, информатиканы ағылшын тілінде өткізуге дап-дайын. Олар бірнеше жылдан бері үш тілде сабақ өткізіп келеді. Бұл жаңа жүйе Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесі болғандықтан, Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебінің дайын болуы заңдылық. Ал халықаралық талаптарға сай, бәсекеге қабілетті жас ұрпақ тәрбиелеуді елімізде ерте бастан, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап қолға алған білім шаңырағы — жасөспірімдерге арналған Ақтөбе облыстық мамандандырылған «Білім инновациясы» лицей-интернаты болып отыр. Аталған білім ордасы Ақтөбе қаласында ашылған жылы-ақ, яғни 1993 жылдан бастап ағылшын тілін меңгерген пән мұғалімдерін ғана жұмысқа қабылдады. Бастапқы жылдары оқушыларға ағылшын тілін жетік меңгерген түріктер білім берсе, кейін олардың орнын білім шаңырағының талабына сай келетін өзіміздің мамандар алмастырды.

Сонымен, екі жылдан соң енгізілетін әдіске әзірге екі мектеп қана дайын. Облыста 408 мектептің 295-і орта мектеп екенін ескерсек, бұл мектептердегі жоғарыда аталған төрт пәннен сабақ беретін педагогтердің бәрі аз ғана уақытта ағылшын тілін меңгере ала ма? Тағы бір мәселе: осы 295 мектептің 97-сі — шағын жинақты орта мектеп. Шағын жинақты мектептердің мәселесі тіптен көп екені белгілі. Мұндай мектептерде ағылшын тілін қоса меңгерген кадр түгілі, пән мұғалімдерінің өзі жетіспей жатады. Арнайы жабдықталған пәндік кабинеттер де аз. Ал әлемдік тәжірибенің озық үлгісі саналатын 12 жылдық білім беру жүйесіне көшуге лайықты мектептегі педагогтердің сапалық құрамы жоғары деңгейде және мектептердің материалдық-техникалық базасы мықты болуы міндет.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button