БілімБасты жаңалықтар

Ұстаздарға құрмет көрсетілді

5 қазан — Дүниежүзілік ұстаздар күні мерекесінде облыстағы педагогтерге құрмет көрсетілді. Ақтөбе қаласындағы Шығармашылық академиясында салтанатты түрде өткен жиынға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты. Сондай-ақ, шараға 400-ге жуық мұғалім жиналды.

Жиында алдымен сөз алған Бердібек Сапарбаев елімізде мемлекет тарапынан білім саласына үлкен қолдау көрсетіліп жатқанын айтты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел басынан өткерген қандай қиын кезде де педагогтердің жағдайы үшін, білім беру мекемелерінің материалдық базасын нығайту үшін күш салғанын жеткізді. Сондай-ақ, облыс әкімі:

Мемлекет басшысы Ақтөбедегі жұмыс сапары кезінде де осы білім саласына байланысты барлық жайттарға — материалдық-техникалық базаны нығайту, жаңа білім беру мекемелерін салу, мұғалімдердің жағдайын жасау және оқулықтар мен әдістемелік әдебиеттердің қолжетімділігіне ерекше көңіл бөлді. Мұғалім мәртебесін көтеру, оларға үлкен қолдау көрсету — басты басымдықтардың бірі. Бұған экономикалық дағдарыс кезінде де мұғалімдердің жалақысының жыл сайын өсіріліп отырғаны дәлел, — деді.

Еліміздің әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енуі үшін білім саласының да көрсеткіштері жоғары болуы тиіс. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін елімізде нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Қазақстанның білім беру жүйесін бәсекеге қабілетті ету мақсатында көптеген игі жұмыстар атқарылуда. Оның айқын дәлелі — мектептерге енгізіліп жатқан жаңа стандарт — жаңартылған білім беру мазмұны, жастардың «Болашақ» стипендиясымен әлемнің дамыған елдерінде білім алуларына жағдай жасалуы. Мұның бәрі жас ұрпақтың ертеңі үшін жасалып жатыр, — деді Бердібек Машбекұлы.

Біздің облыста да білім сапасын көтеруге бағытталған бірқатар жұмыстар жүзеге асырылуда. Облыс бюджетінің 40 пайызы білім саласына тиесілі. Өңірде биыл 25 мектепті іске қосу мақсатында жұмыстар қолға алынып жатыр. Оның 10-ы қазірдің өзінде пайдалануға берілді. Жыл аяғына дейін 5-еуі ашылатын болады.

Бердібек Сапарбаев өз сөзінде педагогтердің ұлт болашағын тәрбилеудегі еңбегі туралы да тілге тиек етті.

Ұстаздар қашанда үлкен құрметке лайық. Ел ертеңі — жастарға саналы тәрбие, сапалы білім беруде педагогтердің үлесі зор.

Жалпы, біз көп жағдайда, әсіресе, мәдени көпшілік, спорттық шараларды ұйымдастыру барысында педагогтерден көмек сұраймыз, педагогтерден қолдау күтеміз. Мысалы, күні кеше ғана кең ауқымда өткен «Туған жер» республикалық жерлестер форумындағы мерекелік бағдарламаның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына да мұғалімдердің ықпалы көп болды. Сонда өнер көрсеткен  оқушылардың, студенттердің ізгі ісінің артында педагогтердің үлкен еңбегі  жатыр, — деді облыс әкімі.

Сондай-ақ ол сөзінде:

Форумды өткізуде Сәния Мұсақызының еңбегі ерекше. Сәния Мұсақызы — облыстағы бас педагог. Педагогтер үшін әр кез оның жаны алаңдаулы.

Жалпы форумды өткізу үшін 13 миллион теңге жұмсалды. Ел арасында форумды өткізуге байланысты түрлі пікірлер айтылды. «Ақша желге ұшты» деп сынағандар болды. Мұндай кең ауқымды шара Қазақстан бойынша алғаш рет біздің өңірде ұйымдастырылды. Оған әлемнің 21 елінен 300-ге жуық адам жиналды. Олар білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет салаларына қажетті құрал-жабдықтар сатып алу үшін 5 миллиард теңге берді. Сондай-ақ, форум аясында құны 75 миллиард теңге болатын 20 меморандумға қол қойылды. 29 аса күрделі ота жасалды. Міне, форумның — жемісі, — деді.

Сөзінің соңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев педагогтерді төл мерекелерімен құттықтап, бір топ ұстазды марапаттады. 4 педагог Ы.Алтынсарин атындағы  төсбелгімен, 2 педагог «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. 11 мұғалімге министрліктің Құрмет грамотасы, тағы 11  адамға министрліктің Алғыс хаты берілді.

Сондай-ақ, 19 педагогке облыс әкімінің Алғыс хаттарымен бірге 100 мың теңге сыйақы тарту етілді. Марапатталушылар қатарында Батыс Қазақстан аймақтық математика пәнінің мұғалімдері арасында ұйымдастырылатын «Математикалық регата» атты турнирде үш жыл қатарынан жеңімпаз атанған «Экстрим» командасының қатысушылары — М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-инетернаттың мұғалімдері — Бауыржан Жылгелдин, Нұрбек Абдуллин және Арыслан Құрашовтар да бар.

«Математикалық регата» жарысы педагогтердің өзара тәжірибе алмасуына, біліктілікті арттыруға септігін тигізеді. Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарында өткен аймақтық турнирлерде үш жыл қатарынан жеңімпаз атандық. Сондай-ақ, математика пәні мұғалімдеріне арналған республикалық сайыстардың бірнеше мәрте жүлдегеріміз.

Жалпы, «Математикалық регата» турниріне қатысатын «Экстрим» командасының құрамында 4 математика пәнінің мұғалімі бар. Төртіншіміз — Асхат Талғатұлы. Бастапқы жылы төртеуміз төрт мектепте болған едік. Қазір бәріміз де бір мектепте — Мақсұт Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық  дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатта еңбек етіп жатырмыз. Биыл біздің команда халықаралық деңгейде өткен жарыста ІІ орын иеленді. Қазір қаңтар айына жоспарланған республикалық турнирге қызу дайындалып жатырмыз, — дейді облыс намысын қорғап жүрген жеңімпаздар.

Шара барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Құлыбековаға «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін, М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық  дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттың мұғалімі, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы, ҚР білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгісінің иегері Ақжеңіс Жаналинаға  ҚР  Кәсіподақтар Федерациясының «Еңбек ардагері» медалін табыстады. Сондай-ақ, жиында облыста алғаш рет өткізілген «Білім саласының көшбасшысы» байқауының жеңімпаздары да марапатталды.

Жиын соңына ұстаздардың құрметіне ән мен биден шашу шашылды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.  

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button