Экономика

Жанға жақын Астана

Экономикалық даму тұрғысынан  Ақтөбе облысының көш басында келе жатқаны айқын. Әсіресе, Елбасының биылғы «Жаңа онжылдық — жаңа экономикалық өрлеу — Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауын жүзеге асыруда белгіленген 12,5 миллиард теңге құрайтын 112 перспективалық жоспар жобаларының қолға алынуы өңір экономикасының қарқынды өркендейтіндігінің нақты белгісі.

Үстіміздегі жылдың өзінде осы белгіленген жобалардың 43 нысанын іске асыру көзделінсе, оның 26 өндірістік нысандары республикалық мониторингке енгізілген. Бұл дегеніңіз, белгіленген жоспар-шаралардың дер кезінде, сапалы орындалатындығын көрсетсе керек.

Бір қуанарлығы, облысымызда көрнекті орын алатын металлургиялық индустрия мен құрылыс саласына баса көңіл бөлінуде. Салынып жатқан көптеген мәдени-әлеуметтік, тұрғын үйлерге қажетті құрылыс материалдарының көпшілігі бұрын сырттан әкелінсе, енді оның 80 пайыздан астамы өз облысымызда жасап шығарылатындығына қол жеткізу көңіл көншітерлік.

Облыс экономикасының өркендеуін қатаң қадағалап, нақты есеп жасап отырған облыс әкімі, экономика ғылымдарының докторы Елеусін Сағындықов облыс еңбекшілерінің бүгінгі тыныс-тіршілігін де үлкен біліктілікпен, татымды танымдылықпен зерделеуде деп батыл айтуға болады.

Нақтылап айтсақ, «Балапан»  бағдарламасы бойынша биыл және келесі жылдары мектепке дейінгі бүлдіршіндерді тәрбиелейтін балабақшалардың салынатыны, бұрын сатылып кеткен нысандардың қайтарылып алынатыны бөбектерге деген қамқорлықтың белгісі. Ал мектеп оқушылары үшін жаңа мектептер салынып, көптеген оқу орындарының жөндеуден өткізілуі, мектептерді интернет желілеріне қосудың ұлғаюы, электрондық-интернет тақталардың орнатылуы жас ұрпақтың жаңа заманға сай өсу, өркендеу жүйесін жете меңгерсін деудің үлгісі.

Биыл Ұлы Отан соғысы жеңісінің 65 жылдығы ТМД елдері аумағында тойланады. Ұлы Жеңіс қарсаңында облыста белгіленген маңызды шаралардың бірінің іске асуына өзіміз куә болдық. Ол таяуда еңбек ардагерлері екінші тобының Елорда — Астана қаласымен танысып қайтуымыз еді.

Қазақтың жазиралы да жалпақ Сарыарқа аталатын кең даласының кіндік ортасына көрегендікпен орналастырылған Астана қаласы бізге тым асқақ, тым шырайлы да сәнді көрінді. Өңкей түзу де кең көшелер қатар-қатар салынған, бір-біріне мүлдем ұқсамайтын, сап түзеген тұрғын жайлар мен мәдени орындар көздің жауын аларлықтай. Осындай сәнді құрылыстар мекенін көргенде Жамбыл ақынның бала кезімізде жаттаған «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызып, салдырды, міне, сан қала» деген өлең шумақтары есіме түсті. Бас-аяғы он бір жылдай мерзімде сәулетті орталық салудың бас сәулетшісі Елбасының өзі болғаны жадымызда. Есіл өзенінің екі жағын бойлай орналасқан ғажайып ғимараттардың, демалыс орындарының тәртіппен орналасуын, тез де сапалы салынуын Бас сәулетшінің қатаң қадағалауымен жүріп жатыр деген сөздерді жиі естіп, оның айдай анық екендігін көргенімізде жүрегімізде жылылық ұялады.

Елбасы Н. Назарбаевты қазақ халқының бақытына, тәуелсіздігіміз үшін жаратылған жан екендігіне сендік. Жаратқан ием оған және оның сенімді серіктеріне қуат берсін, бірлігі бола түссін деп тіледік.

Үшінші мың жылдықтың қаласы атанған әсем Астананың көрікті жерлерін түгелге жуық аралап, қызықтадық. Айта берсе тауысып болмастай. Бізге қатты ұнағаны — Астана символына айналған «Бәйтерек» кешені болды. Өз жерлестеріміз салған, тек қана Жапониядан алдырып, дыбыссыз, жедел көтерілетін лифтіні ғана орнатқан кешенге шығып, айналаға көз салғанымызда алып Астана алақанымызда тұрғандай болды. Не деген ғажап дестік. Негізі 1830 жылы тұрғызылған қорғаннан, ескерткіштік бір-екі орын ғана болмаса, жұрнақ та қалмағанға ұқсайды. Оны айтамыз-ау, кешегі Целиноград-Ақмола атанған қаланың ескі орындары түгелге жуық жаңартылыпты. Бәйтеректен көз жібергенімізде кейінгі салынған Президенттің Ақордасы, «Думан» ойын-сауық орталығы, Бейбітшілік және Келісім сарайы, ерекше сәнмен қанатын кеңге жайған тұрғын-жайлық шағын аудандар, 7 мың орындық «Нұр-Астана» имандылық үйі, жоғары оқу орындарының ғимараттары, мәдениет және спорт сарайлары мен алаңдары, бәрі-бәрісі дәл қасымызда жайнап-жасарып тұрғандай сезілді.

Елордасы — Астананы салуда баршаның ұйғарымы, көптің күші мен білігі жұмсалып жатқаны белгілі. Қаламен танысып, көріп-білуді мақсат еткен еңбек ардагерлерінің тағы бір назар аударғаны — өткен жылы ғана ел орталығының 10 жылдығы тойлануының қарсаңында әр облыс құрылысшылары мен сәулетшілерінің салған тарту-таралғылары — кешендері болды. Соның ішінде ақтөбеліктердің халқымыздың батыр қызы Әлия Молдағұловаға қойылған ескерткіш кешені (көшірмесі) мен жамбылдықтардың биыл 100 жылдығы атап өтілетін халық батыры Бауыржан Момышұлына қойған ескерткіші, салған саябақтары ел астанасының, қала берді қазақ халқының айбынын асқақтатып-ақ тұрғандай.

Астықты өлке атанған Қостанай облысы еңбекшілерінің  Астанаға тартуы тым ерекше. Ол — «Отан қорғаушылар алаңына» қойылған «Ана» монументі. Жай күлімдеп, қос қолын соза, сәнді саусақтарымен ырыс толған күміс тостаған ұсынып тұрған ана бейнесі сомдалыпты. Оның биіктігі қырық метр болса, тұғыры айнала 101 шардан құрамдалып, біз көппіз дегенді білдіргендей. Ал ана мүсіні —Отан-Ана Отаны бірдің — тілегі бір, жүрегі бірді түсіндіргендей.

Күн сайын құлашын кеңге жайып, ерке Есілдің қос қапталын ала салынған асқақтаған Астана бізді жылы қарсы алды. Күн көзі жарқырай көтеріліп, жылы шырай танытты.

Бұл сапарда Астананы көруге шыққандар саны онша көп болмаса да, кекселік жасқа жеткен, жарты ғасырдан астам өмір жолдарын еліміздің өркендеуіне арнаған бұрынғы кеңес, партия, кәсіподақ қызметкерлері, дәрігерлер мен журналистерден, мұғалімдерден құралды. Олардың ішінде топ жетекшісі Лидия Винокурова, еңбек ардагерлері Қ.Сақтағанов, Ғ.Досмағамбетов, Б.Жолдыбаев, С.Әбуов, В.Мыслина, Х.Сарқұлова, М.Құлмағамбетова, т.б. жол сапардың көңілді болуына, аман-есен оралуымызға өз үлестерін қосты.

Сөз соңында, жыл өткен сайын ұлғайып, абаттанып, даңқы жер жүзіне жайыла бастаған Астана қаласын көріп қайтуға шыққан еңбек ардагерлеріне демеушілік көрсеткен облыс әкімі Е.Сағындықовқа, жол құнының бір бөлігіне мырзалық еткен «Ақмолатурист» АҚ бас директоры В.Жуковқа, сапарымыздың сәтті болуын бақылауында ұстаған облыс өкілі С.Кенеевке, қаланы қапысыз таныстырған экскурсия жетекшісі Баршагүл Ыдырысоваға шын пейілді алғысымызды білдіреміз.

Арыстан АЙМАҒАМБЕТҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button