Қарттар үйі — қилы тағдырлар мекені

1 қазан – Халықаралық қарттар күні

Жетімі мен жесірін жатқа телміртпеген қазақ қарттарын да қадірлей білген. Алайда, қатыгез қоғамның үргедек үрдісіне ілескен, ата-бабамыздың салт- дәстүрінен қол үзе бастаған қазіргі ұрпақтан ба, әлде, кеңестік кезеңдегі солақай саясаттың салқынынан тамыр тартқан жатбауырлықтың әсері ме, қарттарымыздың көзтүрткі болуы көрініс беріп қалуда екені жасырын емес. Бұны отбасылық құндылықтардың бәсі түсе бастағанының дәлелі демеске де лаж жоқ. Қараусыз қалған қарттарды мемлекет қамқорлығына алу да осындай олқылықтың орнын толтырудың қамы екені сөзсіз. Қарапайым қазақы ұғыммен «қарттар үйі» деп аталатын Ақтөбе облысының қарттар мен мүгедектер интернат үйі де осы бағытта жүйелі жұмыс істеп келеді. Біз осында соғып, қарттар үйін паналаған қам-көңіл жандардың жағдайымен танысқанбыз.
Қаланың шеткері Сүт зауыты ауданында орналасқан қарттар үйінің ауласына аттағанда-ақ, мұнда жинақылық пен ұсынақтылықтың қолтаңбасы аңғарылды. Аулада артық-ауыс жатқан зат жоқ, көшеттермен көмкерілген, әңгімелесіп отыратын орындар таза. Ал салынғанына 45 жылдай уақыт болған интернат үйінің ғимаратының іші де мұнтаздай. Орын-орнымен қойылған кеңселік және жұмсақ жиһаздар талғамға сай.
Интернат үйінің директоры Ермек Бейісқалиевтің айтуынша, бұл ғимарат сол кездің өлшемімен 300 тұрғынға арналған екен. Қазіргі стандарт бойынша мұндағы жатын бөлмелері 250 тұрғынға сай келеді. Бір, екі және үш адамдық бөлмелер мұндағыларға таршылық етпейді. Соның 150-і — қарттар да, 100-і — мүгедектер. Мұнда тұратындардың алды 90 жастан асқан. Қамкөңіл қарттарды бағып-күтуге, денсаулығын қадағалауға бас дәрігер Гүлмира Нұртазина бастаған жеті дәрігер, 20 медбике қызмет етеді. Олар қарттар үйінің тұрғындарының күн сайын денсаулығын тексеріп, қажетсінгендерге медициналық көмек көрсетіп, тексерулерден өтулеріне ұйытқы болады. Жалпы қарттар үйінде 170 қызметкер жұмыс істейді. Соның барлығы осындағы қарттар мен мүгедектердің қажетті тұрмыстық жағдайын жасауға, олардың қалыпты өмірін қамтамасыз етуге ықтиятты. Мұнда төрт мезгіл тамақ беріледі. Киім-кешегі өздерінің қалаулары бойынша сатып алынады. Жуынатын орын бар. Тіпті тұрғындардың бірі қаза болған жағдайда қамқоршысы жоқ болса, өздері ұжым болып, олардың ұлттық әдет-ғұрпына сай ақтық сапарға шығарып салады. Қатаң сырқаттарды арнайы жедел жәрдем көлігімен қалалық емханалардан медициналық тексеруден өткізу де қарттар үйінің дәрігерлерінің міндетіне кіреді. Қарттар үйінде спортпен айналысуға, физикалық ем алуға да жағдай бар.
— Ғимаратты өз күшімізбен жеңіл-желпі жөндеп, ұстап отырмыз. Облыс басшылығынан ғимараттың төбе жабындысын күрделі жөндеуге, есіктерін, еденін ауыстыруға 156 миллион теңге қаржы сұралды. Жобалық-құрылыс құжаттары дайын. Биыл қарттар үйіне 301292 мың теңге бөлінді. Ғимарат газбен жылытылады, асхана да газбен жұмыс істейді. Газ плиталары, дербес жылу қазаны ауыстырылды. Жиһаздарды да үнемделген қаржы есебінен ішінара ауыстыруға қол жеткіздік, — дейді облыстық қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйінің директоры Е.Бейісқалиев.
Оның мәлімдеуінше, интернатта көркемөнерпаздар үйірмесі жұмыс істейді, заманауи музыкалық аппарат сатып алынған. Оған 15 адам қатысады, әжелер ансамблі десе де болғандай. Мұнда сондай-ақ, қолөнерімен айналысатындар да, тігін тігетіндер де, тоқумен айналысатындар да бар. Бұрындары ішімдік ішіп тәртіп бұзатындар да кездесіп қалады екен. Қазір ішкі тәртіп қатайтылған. Инспектор Төлбай Садықов төрағалық ететін ішкі бақылау комиссиясы жұмысының арқасында қазір айғай-шу шығарушылық сап тыйылған, өзара түсіністік қалыптасқан. Ұжымдағы ахуалдың өзінен интернат үйінің қызметкерлерінің қамкөңіл жандардың көңілі көтеріңкі, жүзі жарқын болуына жұмыла жұмыс істейтіні көрініп тұр.
— Бізде тұратын қарттар мен мүгедектердің әрқайсысының тағдыры атан түйеге жүк болғандай ауыр, әрқилы. Мұнда ешкім де еріккеннен келмейтіні белгілі. Сондықтан оларға жылы көзқарас, ілтипатты қызмет көрсету басты міндет болып табылады. Біздің қызметкерлердің барлығы дерлік психолог деу орынды. Олар өмір иықтарына артқан ауыр тағдырлы адамдардың көңілін табуға тырысады, шама-шарқынша тұрғындардың қасы мен қабағына қарайды десем артық айтқандық болмас. Солай талап етіледі де. Осында тұратындардың арасынан көңілдері жарасып, отбасын құрып жатқандар да кездеседі. Қазірдің өзінде он отбасы тұрады. Оларға бөлек бөлме бөліп, отбасылық өмір кешулеріне жағдай жасап отырмыз, — дейді ол.
Біз де қилы тағдырлы қарттар мен мүгедектердің бірқатарын әңгімеге тартқанбыз. Олардың қай-қайсысы да интернат үйіндегі тұрмыстық жағдайға ризашылықтарын білдірді. Қартайғанда паналатып, ас-суын алдына тосып, денсаулығын қалтқысыз қадағалап отырған интернат үйін ұстап отырған Елбасына, Үкіметке алғыстары шексіз, әрине.
— Мен өз өмірімде үш рет тұрмыс құрдым. Жазмыш солай болған болар, әртүрлі жағдайда бірге болуды жазбады. Балаларым да болды. Бірақ, есейе келе олардан көз жазып қалдым. Екінші жолдасымнан Сергей деген ұлым, Украинада болған соңғы төңкеріс кезінде Киевте тұрды, кейін хабар-ошар үзілді. Ал Саша Ауған соғысына қатысқан-ды. Ресейдің Тверь қаласында тұратын. Одан да байланыс үзілді. Кезінде пәтеріне паналатып, оны маған қалдырмақшы болған соңғы шалым мен Мәскеуге ауру апамды күтуге кеткенде жас келіншекті қолына кіргізіп алып, далада қалдырды. Сонан соң осында келуіме тура келді. Мен еңбек жолымды Петропавл қаласында үлкен зауытта жұмысшы болып бастадым. Осында келген соң ауруханада медбике болдым, емдеу мекемесінің директорының шаруашылық істері жөніндегі орынбасарына дейін көтерілдім. Еңбекте де, қоғамдық жұмыста да ылғи алда жүрдім. Бірақ қарттық келгенде соның бәрі көрген түстей болды да қалды, мен осында тұрған 20 жылға жуық уақытта жеті директор ауысты. Ермек Сламғалиұлы — өте қайырымды адам. Ойлайтыны біздің қамымыз, тіпті құдды оның ата-әжелері, бауырлары сияқтымыз. Көлгірсіп отырғаным жоқ, шыны солай. Менің шындықты бетке айтатын мінезімді осындағылардың бәрі біледі. Бір мың болғыр азамат, — дейді интернат үйінің қарт тұрғындарының бірі Людмила Мартынюк.
Интернат үйінің тұрғыны Зина Тамбаева: Мен Ресейден келіп, қала маңындағы «Пригордное» кеңшарында сауыншы болып жүргенде Жантөре деген азаматпен кездесіп, отау құрдық. Жилянка ауылында баспанамыз болды, бала да сүйдік. Ұлым Ауғанстандағы соғысқа қатынасып, аман келді. Бірақ жаман ортаға түсіп, арақ ішіп, бұзылды. Алдымен шалым Жантөре қайтыс болды. Кейіннен ұлымнан айырылдым. Сөйтіп жүргенде көзім көрмей қалды. Мен құдайдай сенген көршім үйлеріне паналатқаны үшін өздерінің дүкендерінде жеңіл-желпі жұмыс істеткені, кір-қоңын жудырғаны өз алдына, анасы арақ ішіп алып, сабайтынды шығарды. Содан бір реті келгенде қашып шығып, шіркеуге бардым, олар уақытша бейімделу орталығына жеткізді. Сол жерде көзіме операция жасатып, жанарым көретін болды. Кейін зейнетақы алар кезде қол қойып жүргенде, құдайдай сенген көршімнің көзімнің көрмейтінін пайдаланып, үйді сату жөніндегі құжатқа қол қойдырып алып, үйімді сатып жібергенін білдім. Бірақ күресуге дәрмен жоқ, оған көп жүру керек. Ал осында бегалылық Айтқали Мәдиевпен танысып, екі жарты бір бүтін болуды шештік. Ол — өте сабырлы адам, өткен-кеткенді айтып, әңгімелесіп, шер тарқатысамыз.
Айтқали Мәдиев, интернат үйінің тұрғыны: Мен Қобда ауданы Бегалы ауылының тумасымын. Кезінде кеңшарда жұмыс істедім, отбасылы да болдық. Екі балам қайтқан соң әйелім бірге тұрғысы келмеді. 1997 жылы осында орналастым. Қалада інім тұрады, олардың өздері балалы-шағалы. Тұрақты келіп, жағдайымды біліп тұрады. Қазір Зина екеуміз бас құрап, бірге тұрып жатырмыз. Шүкір, жағдайымыз жақсы. Қызметтеріне дән ризамыз.
— Мен Қарақалпақстанда туып-өстім, сол жақта үйлендім. Еліміз егемендік алғаннан кейін ата-бабамыздың атамекені Ақтөбеге келдім. Зайыбым қарақалпақ қызы еді, артымнан келмекші болатын, уәдесінде тұрмады. Өзім Бершүгірде жұмыс істедім. Кейін қатерлі сырқатқа шалдығып, біраз емделуге тура келді. Дәрігерлер де дауасын таба алмады. Әйтеуір, сәті түсіп, жазылып кеттім. Барар жерім болмаған соң осында орналасуға тура келді. Қарақалпақстанда жыршылық-термешілік дәстүр үзілмей келеді ғой. Мен де шама-шарқымша терме айтатынмын. Сол дағдымен осында өтетін мәдени шараларға қатысып тұрамын, терме айтамын, қамкөңіл жандардың бір сәт болса да көңілдерін аулағаныма еңсем көтеріліп қалады, — дейді термеші-жыршы Дүйсенбай Тілеуімбетов.
Басқа ұлттардың тарихи отанына кетуіне байланысты мұндағы тұрғындардың қазақтармен салыстырғандағы арасалмағы теңесіп қалыпты. Балаларына, немерелеріне басы артық салмақ болмас үшін келетіндер де кездесетін көрінеді. Интернат үйі тұрғындарының осында тұрып жатқаны үшін зейнетақысының белгілі бір бөлегі ұсталатын жаңа ереже енгізілгеннен кейін шығып кетіп, туысқандарын сағалағандардың өзі кейін қайта сұранған жайттары де болыпты. Мұның өзі мұндағы тұрмыстық жағдайдың олардың көңілінен шығатынын аңғартса керек. Десек те қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйі тұрғындарының арасында қазақтардың көбейіп бара жатқаны көңілге кірбің түсіргені рас. Жаһанданудың аранына құлап, жатбауыр болып кетпесек неқылсын деген қауіп те алаңдатары сөзсіз. Қарттар үйіндегі барлық жақсы жағдайдың өзі қазыналы қартың мен жанары жәутеңдеген мүгедек туысыңды бауырға тартатын қазақы қасиетті алмастыра алмайтыны белгілі, әрине.
Сатыпалды СӘУІРБАЕВ,
журналист.
Ақтөбе қаласы.



