«Ақтөбе — құтты мекен»Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

Туған жер, берерім көп менің саған…

Еліміздің түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шетелдерден жеткен жерлестеріміздің басын қосқан «Туған жер» республикалық форумы Ақтөбе қаласындағы Қобыланды батыр атындағы орталық стадионда мерекелік бағдарламамен жалғасты. Салтанатты шараға ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова мен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.

«Туған жер» форумы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың барша қазақстандықтарға арнаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан туындаған болатын. «Рухани жаңғыру — азаматтардың рухын көтеру, жаңаша ойлап, жаңа биіктерді бағындыру, түптеп келгенде еліміздің өркениеттің көкжиегіне ұмтылуы деп білеміз», — деген жүргізушілер Ақтөбеге арнайылап келген мәртебелі қонақтар форумның ажарын ашып, маңызын көтере түсетінін ерекше атап өтті.

Бұл күні стадион іші халыққа лық толды. Салтанатты мерекелік шарада форум қонақтары арнайы жайылған кілемнің үстімен өтіп, құрметті орынға жайғасты. Бұл кезде стадионның орталық алаңында мектеп оқушылары мен студенттер қолдарына түрлі түсті планшеттер  ұстап, әртүрлі көркемдік бейнелерді көпшілік назарына ұсынды. Патриоттық рухтағы әуеннің ырғағымен «Рухани жаңғыру», «Туған жер», «Қазақстан», «Астана», «Ақтөбе» сынды композициялық жазулар, сол сияқты қыран құсты бейнелеген көріністер көз қуантып, көңілді шаттандырады. Әрине, бір-ақ сәтте көрсетіліп өтетін мұндай көріністерді көрермен назарына тартымды етіп ұсыну үшін мектеп оқушылары мен студенттердің біраз тер төгіп, бірнеше күн дайындықтан өткені, ең бастысы — бұл жұмыстардың артында көптеген өнер ұжымдарының үлкен  еңбегі жатқаны белгілі.

Сахна төріне шыққан  Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театр әртістері мен облыстағы би ұжымдары өнерпаздары «Алтын заман» әнінің ырғағымен хореографиялық және театрландырылған көріністі жұртшылық назарына ұсынды.

Мерекелік салтанатта ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова ақтөбеліктерге арналған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын оқып берді.

Сахнаға шыққан күміс көмей әнші Жадыра Арыстанова «Жайнай бер, жастар, жаңаша» әнімен Ақтөбе аспанын әнге бөлесе, әнші-термеші Айгүл Елшібаева «Сүгірдің термесін» орындады. Сол сияқты туған жердің төсінде ән салып, жерлестерін қуанышқа бөлесем деп келген әншілер Әліби Қадырбай, Есет Сәдуақасов, Жанар Айжановалардың орындауындағы әндерді жұртшылық жылы қабылдады.

Ақтөбе облысының көршілес Ресей Федерациясымен достығы ежелден үзілмей келеді. Сол сияқты, Ақтөбе мен Татарстан Республикасы арасында да әлеуметтік-экономикалық, мәдени қатынастарды нығайту мақсатында көптеген игі шаралардың жүзеге асырылып жатқаны мәлім. «Туған жер» республикалық форумына Татарстаннан өнер ұжымының арнайы келуі де арадағы мызғымас достықтың белгісі болса керек. Стадион сахнасында «Сорнай» фольклорлық ұжымы өнер көрсетті.

«Туған жер» республикалық жерлестер форумына арналған мерекелік шарада «Ауылым» атты музыкалық-театрландырылған көрініс әнші Нұрболат Абдуллиннің орындауындағы «Біздің ауыл тамаша» әніне сәйкестендіріліп ұйымдастырылды. Сахнаға шыққан «Аққу» би ұжымының мүшелері мен актерлер ою-өрнек бейнеленген кілемшені ұстап, би ырғағымен ауыл тынысын бейнеледі. Бұл көріністің сәтті орындалуына «Әлия гүлі», «Арай» би ұжымдары мүшелерімен қатар, музыкалық колледж оқушылары да өз үлестерін қосты.

Мерекелік думан «Ақтөбе әуендері» тақырыбымен одан әрі сабақтаса түсті. Бұл кезде сахнаға шыққан әншілер — Өркен Сағиев, Қарат Игіліков, Жұлдыз Өскенбаева, Жанар Айжанова, Марат Әйтімов, Мирас пен Құралай Бекжановтар, Жұлдыз Нұрқасымова, Арман Төлесінов, Жәнібек Бекбосыновтар «Асыл арман», «Жанарым», «Елігім-еркем», «Ақтөбе»,  «Город на белом холме» сынды әндерді әуелете шырқады. Осы кезде стадионның жасыл алаңына шыққан «Артист», «Тагридис», «Талисман» сынды өнер ұжымдары әнді бимен көркемдеп, композициялық көрініспен сахнаны ерекше күйге бөледі.  Қанат пен Света Айтбаевтардың орындауындағы «Астана вальсі» де кештің ажарын аша түсті.

Қазақтың дарынды композиторы Ахмет Жұбановтың «Қарлығаш» әні мерекелік думанның көрігін қыздырды.

«Туған жер» республикалық форумына Ақтөбе қаласындағы бірқатар мектептің, сондай-ақ «Медиа-Про», «Жайдарман», «Сұңқар», «Саз» вокалды топтары мен «Самрұқ», «МегаСтарс» би ұжымдарының жас өнерпаздары да өз үлесін қосты.

«Жастық энергия», «Батылдық» тақырыптарында көрсетілген музыкалық-театрландырылған көрініс ерекшелігімен сипатталды.

Жерлестер форумының мәртебелі мейманы — әлемге танымал әнші Димаш Құдайбергеннің аты аталып, сахна төріне шақырылғанда жастар жағы тік тұрып қарсы алды. Ақтөбеліктерді айтулы шарамен құттықтап, өнеріне бас иіп жатқан жерлестерінің ыстық ықыласы мен зор қошеметіне ерекше алғысын білдірген Димаш Ақтөбе аспанын әнге бөледі.

Мерекелік думан «МузАрт» тобы мүшелерінің орындауындағы «Өз елім» әнімен аяқталды. Осы сәтте стадион аумағында мерекелік отшашу ұйымдастырылды.

Арайлым НҰРБАЕВА. 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button