«Ақтөбе — құтты мекен»Басты жаңалықтар

Жаңарған Ақтөбе

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік

АҚТӨБЕНІҢ ТӘЖІРИБЕСІ — ӨЗГЕЛЕРГЕ ҮЛГІ 

 Ақтөбеде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту мақсатында берген тапсырмалары жүйелі орындалып жатыр.

Біздің облысқа жұмыс сапары барысында Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылып жатқан бірқатар жобалармен танысып, бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді. Сондай-ақ, Премьер-Министр Ақтөбенің тәжірибесін басқа облыстарға да тарату қажеттігін айтты.

Қазірдің өзінде облыс орталығында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында  бірнеше ғимарат еңсе тіктеді. Әлі де салынып жатқан құрылыстар бар. 2016-2018 жылдары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жапы құны 28 миллиард теңгеге бағаланған жобалар жүзеге асырылатын болады.

Олардың арасында жедел медициналық жәрдем бекеті ғимараты, қалалық балалар стоматологиялық емханасы, мұз сарайы, жекпе-жек сарайы, футбол манежі, 7 балабақша құрылысы бар. Төменде бірнеше ірі жобаларды ұсынып отырмыз.

 ӨНЕР ОРТАЛЫҒЫ 

Тұңғыш Президент атындағы орталық саябаққа қарсы бетте сән-салтанаты келіскен 1200 орындық концерт залы бар Өнер орталығы салынды. Бұл бірегей жобаның Батыс Қазақстанда теңдесі жоқ.

Қазір  Ақтөбеде 15 мәдени мекеме бар. Олар әр жерде орналасқан. Өнер орталығын салудағы мақсат — осы, біріншіден, сол мекемелерді осы орталыққа шоғырландыру болса, екіншіден, үлкен сыйымдылықтағы зал ашу. Өйткені Ақтөбеде үлкен зал жоқ. Ең үлкен залдың өзі 500 адамға ғана арналған. Ал Өнер орталығындағы залдың сыйымдылығы — 1200 орындық. Сол сияқты, мұнда түрлі көрмелер секілді әртүрлі шараларды өткізуге арналған көптеген орындар бар.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салынып жатқан құрылысты «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ қаржыландырды. Ғимараттың жалпы құны — 1,5 миллиард теңге. Құрылыс жұмыстарын «Интерстиль» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп жатыр. Орталық үшін берілген жердің жалпы аумағы 2,9 гектар болса, ғимараттың алаңы — 5 765,76 шаршы метр.

ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІ

Ақтөбе қаласында заман талабына сай салынып жатқан үш қабатты музейдің   еліміздің батыс аймағында баламасы жоқ. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында еңсе тіктеп жатқан ғимарат құрылысына 635 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Музейдің жалпы алаңы — 2 гектар.

Құрылыс жұмыстарына «Туған жерге тағзым» акциясы аясында меценат, «Алтын Қыран» компаниялар тобының құрылтайшысы және бас директоры Исламбек Салжанов көмек көрсетті.

Айта кету керек, бұдан екі жыл бұрын апатты жағдайдағы облыстық тарихи-өлкетану музейі жабылып қалған болатын. Содан бері аймақтың шежірелі тарихынан сыр шертетін жәдігерлер шағын көрмелерде ғана таныстырылды.

Облыстық тарихи-өлкетану музейі 1929 жылы ашылды. 100 мыңнан астам жәдігерге музей ғимараты тарлық еткен-ді. Оның үстіне, ғимарат ескі әрі апатты жағдайда болатын. Сол себепті, онда өлкеміздің тарихы мен табиғатын, мәдениетін, өзіндік ерекшеліктерін көрсету мүмкін болмады. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен сән-салтанаты келіскен жаңа құрылыс салынып жатыр. Мұнда 10 экспозициялық зал бар. Сондай-ақ, ең жоғарғы бөлігінде конференцзал ашылады, — дейді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева. Оның айтуынша, қазір музей қорын толықтыру мақсатында тарихи жәдігерлер сатып алынуда. Ғимаратта қор сақтау орнымен бірге, жәдігерлерді қалпына келтіру жұмыстарын жүргізетін арнайы бөлме қарастырылған. Сондай-ақ, музейде ұлттық қолөнер бұйымдарын, кәдесыйлар сататын арнайы дүңгіршіктер жұмыс істейтін болады. Музей ғимаратында техникалық, қызметтік-әкімшілік, көрсетілім залдары да бар.

Құрылысқа жергілікті бюджет пен кәсіпкер Исламбек Салжанов тең қаржы бөлді. Қазір негізгі құрылыс жұмыстары аяқталды. Ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстарына жауапты мекеме — «Элитстройсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Олар негізінен жергілікті құрылыс материалдарын пайдаланды. Тек ғимараттың қасбетіне арналған мәрмәр тастар ғана шетелде жасалған, — дейді  облыстық сәулет, қала құрылысы және құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Иманалин.

Алдағы уақытта мұражай алдындағы екі ашық алаңда конкурстар өткізуге болады. Сонымен қатар, мұнда 60 көлікке арналған автотұрақ, субұрқақ салыну жоспарланып отыр.

«МЕЙІРІМ»

 Ақтөбеде «Мейірім» жастарды әлеуметтік бейімдеу орталығы ашылды. Белгілі кәсіпкер Кеңес Рақышев пен оның зайыбы Әсел Тасмағамбетова қолдауымен бой көтерген «Мейірім» орталығында 16-29 жас аралығындағы Жасөспірімдер үйінің түлектері тұрады.

Бұл орталықтың дизайн, архитектура, жабдықтау, абаттандыру жөнінен Қазақстанда теңдесі жоқ.  Жалпы аумағы — 4 389,8 шаршы метр. Жоба құны — 4 миллиард теңге. Мұнда 5 корпус орналасқан. Оның төртеуінде екі қабатты жатақханалар болса, ал бесіншісі — әкімшілік корпус. Жалпы алғанда, орталықта бір бөлмелі 80 пәтер бар. Әр пәтердің ауданы — 43 шаршы метр. Әкімшілік бөлігінде шағын цехтар ашылған (шаштараз, тігін және аяқкиім жөндеу цехтары, гүл дүкені).

Орталықтың ашылғанына Жасөспірімдер үйінің түлектерінен кем қуанған жоқпыз. Себебі, 23-29 жастағы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған жастардың проблемасы еліміз бойынша өзекті болып отыр. Қаншама жылдан бері  шешімін таппаған мәселе шешілді.

Жастар 23 жасқа толған соң жасөспірімдер үйімен қоштасады. Сол кезден бастап өз күнін өзі көруге тура келеді. Дегенмен, бірнеше жыл мемлекеттің қамқорлығында болған балаларға дербес өмір сүру оңай түспейді. Орталықтың ашылуы жастардың пәтер алуына да септігін тигізеді. Өйткені олар пәтер  жалдап, ақша шығындамайды, — дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Қайрат Алдажаров.  Оның айтуынша,  бүгінде орталыққа 91 тәрбиеленуші қабылданды, болашақта 112 тәрбиеленуші тұрады.

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ АКАДЕМИЯСЫ

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бой түзеген сәулетті ғимарат —шығармашылық академиясы. Инвесторы — «Қазхром» ТҰК. Мердігер мекеме — «Ақтөбеэлектросетьстрой» ЖШС. Жобаның сметалық құны — 1 миллиард 350 миллион теңге. Ғимараттың жалпы ауданы — 11 700 шаршы метр.

Бұл қосымша білім беру мекемесі 4-17 жас аралығындағы балалардың танымдық қызығушылықтары мен шығармашылық мүмкіндіктерін арттыру мақсатында ашылды. Қазір мұнда 30-дан астам үйірме жұмыс істейді.

Олардың арасында болашақ сәулетшілер мен дизайнерлерді даярлауды мақсат еткен 4D school сәулет және дизайн студиясы бар. 

Дәстүрлі халықтық және әлемдік мәдениет арқылы рухани-моральдық және көркем-эстетикалық тәрбие беруге бағытталған театр шеберханасы, би үйірмесі, балет студиясы бар. «Disney Dream» кеме жасау шеберханасы кеме дайындалғанға дейінгі барлық техникалық қызмет түрлерін үйретеді, — дейді шығармашылық академия директорының міндетін атқарушы Шамшат Жұбай.

Сондай-ақ, шығармашылық академиясында робототехника, «Aspan» авиа және ракета жасау шеберханалары, автомодель үйірмесі, гимнастика, таэквон-до және қазақша күрес үйірмелері, «Эспиранто» шет тілдерді дамыту мектебі

жұмыс істейді. Тәрбиеленушілердің көшбасшылық қабілеттерін дамыту мақсатында «World Stars» лидерлер клубы ашылған. Бейнелеу факультеті — қосымша білім берудің сұранысқа ие бағыттарының бірі. Мұнда балалар сурет салуды, өз ойлары мен сезімдерін әртүрлі техникада жеткізуді үйренеді.

Шығармашылық академиясында күмбезді аспаны бар планетарий де бар. Онда келушілер Күн жүйесіндегі барлық планеталарды тамашалай алады. Сондай-ақ, 3D форматындағы танымдық фильмдер көрсетіледі. Ғимараттың төбесінде телескопымен обсерватория орналастырылды, — дейді Шамшат Жұбай.

Ғимаратта 400 адамға арналған көрермен залы, қысқы саябақ бар.

НЕКЕ САРАЙЫ

Жеке кәсіпкер Зәмзәгүл Баймағамбетова салып жатқан Неке сарайы да мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында еңсе тіктейді.

Неке сарайының сәулеттік келбеті ерекше болады. Қазір зәулім сарайдың іші-сырты, айналасының бәрі ерекше үлгіде әсемделіп, безендіріліп жатыр.

Екі қабатты ғимараттың әр қабатының биіктігі  4,5 метр болады. Сондай-ақ, жертөлесі де қоса салынды. Осы үш қабаттың жалпы көлемі — 6 мың шаршы метр. Жалпы бөлінген жер көлемі — 1 гектар.

Сарайда төрт неке қию залы болады. Яғни, бір мезгілде төрт жұп некесін қия алады. Сондай-ақ, азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің қызметкерлері үшін арнайы кабинеттер жасақталады. Мұрағаты да талапқа сай салынады.

Зәмзәгүл Хамитқызының айтуынша, мұнда шаңырақ көтеретін жастар үшін не қажеттің бәрі табылатын болады. Той көйлектерін сататын салон, әсемдік салоны осы ғимаратта орналасады. Мейрамхана да заман талабына сай жабдықталатын болады.

Неке сарайының жобалаушысы — «Богомолов Проект Групп» ЖШС-ның маманы Татьяна Долгополова. Жеке кәсіпкердің бұл жобалаушы мекемемен бірлесіп жұмыс істегеніне он жылдан асыпты. Ғимараттың құрылысына жауапты мекеме — «Стройком+сервис» ЖШС.

 ЖЕДЕЛ ЖӘНЕ ШҰҒЫЛ МЕДИЦИНАЛЫҚ БЕКЕТІ

 Батыс-2 ауданында қалалық жедел және шұғыл медициналық жәрдем бекеті бой көтереді. «Туркуаз» түрік компаниясы жүргізіп жатқан бұл құрылыс та мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынуда. Құрылыс А және Б блоктардан тұрады. Мұнда тікұшақ қонатын алаң, автотұрақтар да болады. Дәрігерлердің тынығу орны мен арнайы ақпарат қабылдау бөлмелері қарастырылған. Бұл бекетті пайдалануға берудің арқасында науқастар шұғыл әрі сапалы медициналық көмек ала алатын болады.

Жедел жәрдем бекеті үшін берілген жалпы жер көлемі — 1,9 гектар. Құрылыс алаңы — 4133,2 шаршы метр. Жоба құны — 2,4 млрд теңге.

 КӨЗ ЖАРЫҒЫ

Енді ақтөбеліктер көз ауруларын емдету үшін Ресейге сабылмай-ақ, Ақтөбеде емделетін болады. Облыс орталығында ашылатын «Көз жарығы» офтальмология орталығының еліміздің батыс аймағында баламасы жоқ. Сол себепті, онда тек өзіміздің облыстың ғана емес, сондай-ақ еліміздің өзге де өңірлерінен келген науқастар ем қабылдайтын болады.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қолға алынған бұл жобаны қаржыландырушы — «Дару» оңалту орталығы» ЖШС директоры Ғалымжан Елеуов.

Жобаның жалпы аумағы — 5 271,1 шаршы метр. Бұл құрылысқа 3,2 миллиард теңге инвестиция тартылды.

Орталықтың емханасы тәулігіне 500 адамды қабылдай алады. Сондай-ақ, стационарлық ем алу үшін 60 кереуеттік орын жасақталады. Орталық заман талабына сай шетелдік құралдармен жабдықталатын болады.

Орталыққа қажетті медициналық аппараттар Америка, Германия, Жапония елдерінен әкелінеді.

Мамандар арнайы оқытылып, тәжірибе жинайды. Балалар мен ересектерді мемлекеттік тапсырыс аясында тегін емдеуді жоспарлап отырмыз, — дейді «Дару» оңалту орталығының директоры Ғалымжан Елеуов.

Орталықтағы жоғары білікті мамандар көз ауруларының күрделі түрлерін емдеп, ота жасайды. Отадан кейінгі оңалту шаралары да осында өтеді. Науқастардың  дәрігерлердің үнемі бақылауында болуы да емді нәтижелі етпек.

ЖЕКПЕ-ЖЕК САРАЙЫ

Ақтөбенің Батыс-2 шағын ауданында орналасқан Жекпе-жек сарайы «Туған жер» республикалық форумы аясында пайдалануға берілмек. Сол күні мұнда Қазақстан Президенті Кубогы үшін дзюдодан халықаралық турнирдің ашылу салтанаты өтеді.

Аталған спорт кешені бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салынды. Қаржыландырушы«Нектар» өндірістік кооперативі. Жоба құны — 1,5 миллиард теңге. Сарайдың жалпы көлемі — 5878,6 шаршы метр.

Мұнда болашақ чемпиондарды тәрбиелеу үшін барлық жағдай жасалған.  Спорттың жекпе-жек түрлерімен қатар, футбол, волейбол, баскетбол, басқа да секциялар болады. Көрермендерге арналған орын саны — 720. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған да арнайы орындар бар.

ХОККЕЙ МОДУЛІ 

Қысқы спорт түрлерін дамыту мақсатында 11-шағын ауданда «Олимп» хоккей модулі еңсе көтерді. Бұл спорт ғимараты Мемлекет басшысының «Туған жер» жобасы аясында салынды. Біздің облыста бұрын-соңды қысқы спорт түрін дамытуға арналған мұндай спорттық ғимарат болған жоқ.

Хоккей кешенінің құрылысына 544,1 миллион теңге жұмсалды. Оның жартысы жергілікті бюджеттен бөлінсе, қалғанын «КТП» ЖШС бас директоры Всеволод Щегельский қаржыландырды.

Жалпы аумағы — 3197 шаршы метр. Ғимаратта хоккей спортын тамашалау үшін 200 адамға арналған орын бар.

Мұнда орнатылған хоккей қорапшасы жоғары халықаралық стандарттарға сай және оны құю жөніндегі жұмыстарын арнайы Мәскеу қаласынан шақыртылған фирма жүзеге асырды. Олар бұған дейін Сочиде өткен Олимпиада ойындарының және Алматы қаласында өткен Бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындарының мұз айдындарын құйған.

Спорт кешенінде балалар таңғы сағат 7.00-ден бастап, кешкі сағат 19.00-ге дейін мәнерлеп сырғанаумен, шорт-трекпен, хоккеймен тегін айналысады.

Айта кету керек, мұнда хоккейшілерді ғана емес, мәнерлеп сырғанау мен шорт-трек бойынша болашақ чемпиондар шынығады.

Аталған ғимарат қысқы спорт түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің құзырына берілді.

МҰЗ САРАЙЫ

Ақтөбеде қысқы спорт түрлерін дамыту мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Батыс-2 шағын ауданында мұз сарайының құрылысы басталды.

2500 орынға арналған кешенді келесі жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жобаның жалпы құны — 3,5 миллиард теңге.

ДЕНСАУЛЫҚ САЯБАҒЫ

Соңғы уақытта Ақтөбеде шаһардың сәулеттік келбетін арттыра түсетін саябақ, гүлзарлар көптеп ашылып жатыр. Солардың бірі —  Батыс-2 ауданында орналасқан «Денсаулық» саябағы.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына тарту етілген бұл жобаны ақтөбелік дәрігерлер жүзеге асырған болатын.  Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев бастамашы болған бұл саябақ республикада медицина қызметкерлерінің қолдауымен ашылған алғашқы саябақ болуымен де ерекшеленеді.

Өткен жылы Батыс-2 шағын ауданынан аумағы 1,4 гектар болатын жерге саябақ құрылысы басталды. Дәрігерлер саябақтың аумағына 1500-ден астам ағаш екті. Көшеттердің басым бөлігін былтыр денсаулық сақтау қызметкерлері мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған халықаралық форум кезінде отандық медицина қызметкерлері мен шетелдерден келген қонақтар өз қолдарымен екті. Мұнда 50-ден астам атаулы ағаштар бар. Оларды академиктер Төрегелді Шарманов, Жақсылық Досқалиев, Қазақстанның Еңбек Ері, Ұлттық нейрохирургия орталығының басшысы Серік Ақшолақов және алыс-жақын шетелдерден келген қонақтар екті. Бүгінде бұл ағаштар саябаққа ерекше көрік беріп тұр.

Мұнда шағын футбол алаңы, велосипед тебуге арналған жол, жүгіру жолы бар. Сондай-ақ, қазір саябақта басқа спорт алаңдары салынып жатыр.

P.S.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік — бюджеттің кіріс бөлігін толықтырады. Бұл мақсаттағы ауқымды жобалар Ақтөбеде алдағы уақытта да іске қосылатын болады. 

 Әзірлеген Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button