«Ақтөбе — құтты мекен»Басты жаңалықтар

Жыл ағысы

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев берген тапсырмалар былтыр аймақта толығымен орындалды. Өткен жылы Ақтөбеге келген жұмысы сапары кезінде ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Мемлекет басшысының «Ұлт жоспары — 100 нақты қадам» бағдарламасын жүзеге асыруға әйелдердің белсенді қатысуын, рухани-адамгершілік және отбасылық құндылықтарды нығайту, отбасылық-демографиялық саясатты дамыту мәселелері талқыланған жиында  жалпы, қай салада болмасын, Ақтөбе облысында әйел адамдардың белсенділігі жоғары екенін ерекше атап өтті. Бұл — облысқа берілген жоғары баға.

Сонымен қатар, былтыр облыста «Туған жерге тағзым» акциясы аясында 817 миллион теңгеге 560 жоба жүзеге асырылды. Жергілікті атқарушы органдар биыл да облыстың алға бағытталған даму қарқынын одан әрі жалғастыру үшін Елбасының, ҚР Үкіметінің қолдауымен Мемлекет басшысының негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің төмендеуін болдырмау бойынша берілген тапсырмасын толықтай жүзеге асыруға күш салып жатыр. Сонымен, осы жылы атқарылған маңызды оқиғаларға көз тоқтатсақ…

 ОБЛЫС ТӘЖІРИБЕСІ — ӨЗГЕЛЕРГЕ ҮЛГІ

 18 тамызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы мәселелері бойынша кеңейтілген отырыс өтті. Отырыс барысында мемлекеттік даму бағдарламаларын іске асыру, рухани жаңғыру мәселелері талқыланып, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы есептер тыңдалды.

Кеңейтілген отырыста облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Президенттің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен облыс тұрғындарының әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз ету бойынша тапсырмаларының орындалуы туралы баяндады. Елбасы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың баяндамасын талқылау барысында кеңеске қатысып отырған өзге облыс басшыларына бірқатар әлеуметтік және экономикалық жобаларды іске асыруда осы өңірдің тәжірибесін қолдануды ұсынды.

ТӘЖІРИБЕНІ ТАРАТУ ҚАЖЕТ

Облысқа жасаған сапарында ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин  «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасының Ақтөбе облысында жүзеге асырылуы туралы сөз болғанда аталған ауқымдағы тәжірибені Қазақстанның өзге де өңірлерінде тарату қажеттігін атап өтті. Мәжіліс төрағасының қатысуымен Ақтөбеде Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің көшпелі отырысы өтті.

Сапар аясында Н.Нығматулин су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында ол тасқыннан зардап шеккендерге барлық тиісті көмектер көрсетілгенін, пәтер, жер телімдері берілгенін, ешкім назардан тыс қалмайтынын айтты.

АҚТӨБЕГЕ ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ КЕЛДІ

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев әлеуметтік жаңғырту бағдарламасының орындалуына арналған жиынға қатысып, облыста жасалып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді. «Ақтөбенің әлеуметтік-экономикалық жағдайымен таныстым. Жасалып  жатқан жұмыс көп. Құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ақтөбе облысында жасалып жатқан жұмыстарға жаның сүйсінеді. Жыл сайын Ақтөбеге келемін. Әр келген сайын ел игілігі үшін  жасалған, қолға алынған көптеген жұмыстардың куәсі боламын. Бұл — Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларының жоғары деңгейде орындалып жатқанының айғағы. Сондай-ақ, өңір экономикасының қарқынды дамуының, халықтың әл-ауқатының  артуының көрсеткіші. Бердібек Машбекұлына, ақтөбеліктерге ризашылығымды айтамын», — деді Б.Сағынтаев.

АЙМАҚТЫҢ МЕРЕЙІ АРТТЫ

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин жұмыс сапарымен Ақтөбеге  келді. Мәртебелі мейманның облысқа келудегі мақсаты — Ақтөбеде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуымен әрі  мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысу.

Қазір «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша пилоттық жобаны жүзеге асыруда Ақтөбе облысы республикада көш бастап тұр. Бұл бағытта Ақтөбе өзгелерге үлгі болмақ. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Үкімет басшысының бірінші орынбасары мен барлық облыс әкімдері орынбасарларына, бірқатар министрлік өкілдеріне мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағытында жүзеге асырылып жатқан жобаларды таныстырды.

МИНИСТРМЕН ТАЛҚЫЛАҒАН МӘСЕЛЕ

Ақтөбеге келген ҚР Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов Ақтөбе гарнизонында болып, облыс әкімімен бірге Есет батыр атындағы әскери алаңдағы оқу-жаттығу полигонына, №30238 әскери бөліміне және Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштері әскери институтына барды. Министр оқу орнының материалдық-техникалық қамтамасыз етілуімен, оның ішінде курсанттардың ұшу шеберлігін шыңдауға мүмкіндік беретін әуе техникасымен танысты. Сондай-ақ, ол жоспарланып отырған қару-жарақ қоймасы құрылысы орнын көрді.

Қорғаныс министрі мен облыс әкімі аймақ үшін бірқатар көкейкесті мәселелерді, оның ішінде Әскери институт аумағында орналасқан әуе техникасы музейіне келушілердің жаппай кіруін ұйымдастыру жайын да қарастырды.

14 886 ЖЕР ТЕЛІМІ БЕРІЛЕДІ

Биыл жеке тұрғын үй құрылысы үшін 14 886 жер телімін беру жоспарланып отыр.

Еліміз бойынша қазір 1 миллион 200 мыңнан астам адам жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер кезегінде тұр. Соның 134 631-і — Ақтөбе облысының тұрғындары (оның жүз мыңнан астамы Ақтөбе қаласынан жер алу үшін өтініш білдірген).

650 МЫҢ ШАРШЫ МЕТР ТҰРҒЫН ҮЙ САЛЫНАДЫ

 Биыл облыста  барлық қаржы көздерінің есебінен кем дегенде 650 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 6000 пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Оның ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жергілікті қаражат есебінен халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған бөлігі үшін жалдамалы тұрғын үй және жергілікті атқарушы биліктің кезекте тұрған өкілдері үшін жалдамалы баспана салу жоспарланған.

ИНВЕСТИЦИЯ ЖӘНЕ ЖАҢА ЖҰМЫС

Осы жылы өңірге 14,5 миллиард теңге инвестиция тартылып, 11 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделуде. Осы жұмыстарға сәйкес 546 жұмыс орны құрылымдалмақшы. Бұл қатарда қатты-тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын өндірістік кешен, рельс дәнекерлеу зауыты, жылыжай кешені құрылыстары бой көтермек.

Ақтөбе қаласы — республика бойынша агломерация орталықтарының бірі. Осыған байланысты құрылыс секторы стратегиялық басымдық ретінде дамудың жоғары қарқынына ие.

ЖОЛ ЖӨНДЕУГЕ — 7,8 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ

Биыл облыстық және аудандық маңыздағы көлік жолдарының құрылысына және жөндеу жұмыстарына қазынадан 7,8 миллиард теңге бөлінді.  Республикалық, облыстық және аудандық маңыздағы көлік жолдарының ұзындығы — 6 979,4 шақырым. Оның 5085,7 шақырымы —  облыстық және аудандық деңгейдегі көлік жолдары.

«АutoDELFIA» АУРУДЫҢ АЛДЫН АЛАДЫ

 Облыстық консультациялық-диагностикалық перинаталдық орталықтың базасындағы экстракорпоралды ұрықтандыру орталығында биыл экстракорпоралды ұрықтандырудың зертханасы ашылады. Бұл өз кезегінде болашақ ананың жатырына ұрықты орнатудан бұрын имплантация алдындағы генетикалық диагностикадан өтуге, хромосомдық аурулардың алдын алуға мүмкіндік береді. Бұл әдіс жүктілікті тоқтатуға және іс жүзінде балалардың генетикалық бұзылыстармен  дүниеге келуін жояды.

 65 БАЛАБАҚША АШЫЛАДЫ

Биыл облыста 65 балабақша салынады. Осылайша 3-6 жастағы балалардың мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылу көрсеткіші 95 пайызға жетеді. Ал 2018 жылдан бастап осы жастағы балапандардың барлығы балабақшада тәрбиеленетін болады.

Қазір облыста 559  балабақша мен шағын орталық бар. Оның 69-ы — жекеменшік балабақша.

ОРЫНБОРДА АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ КҮНДЕРІ ӨТТІ

Ресей Федерациясына қарасты Орынбор облысында Ақтөбенің күндері ұйымдастырылды. Шара аясында екі өңірдің басшылары бастаған делегация өкілдері келіссөздер жүргізіп, бірқатар мәдени-спорттық жиындарға, сондай-ақ, ауылшаруашылық жәрмеңкесіне қатысты.

ОМАРТАШЫЛАР КООПЕРАТИВКЕ БІРІКТІ

Облыс аймағындағы барлық омарташы кооперативке бірігіп жатыр. Қазір «Ақтөбе омарташылары» атауымен құрылған ауыл шаруашылығы кооперативінің құрамында 15 мүшесі бар. Олардың қатарына тек ақтөбелік емес, Батыс Қазақстан облысының омарташылары да қосылды. Болашақта кооператив мүшелерінің саны 25-ке жетпек.

10 ЖАҢА СУ ҚОЙМАСЫ САЛЫНАДЫ

 Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аймақта жұмыс істеп тұрған су қоймаларының техникалық жағдайын одан әрі жақсарту бойынша шараларды қабылдап, 2017-2021 жылдарға есептелген агроөнеркәсіп кешені саласындағы мемлекеттік бағдарламалар аясында 10 жаңа су қоймасының құрылысы салынатынын, бұл өз кезегінде  су қорының, суармалы жерлердің алқабын ұлғайтуға мүмкіндік беретінін айтты. Бірінші кезең барысында суармалы алқаптар көлемі 18700 гектардан 40 мың гектарға дейін ұлғаяды, ал екінші кезеңде олардың көлемі 70000-80000 гектарды құрайды. Бұдан басқа, 10 жаңа су қоймасы 600 миллион текше метрге дейін қар суын жинақтай алады.

 ЖАМБЫЛДЫҚТАР ЖЕТКІЗГЕН ӨНІМ

Ақтөбедегі Жамбыл облысының күндері аясында Ақтөбе және Жамбыл облыстарының тауар өндірушілерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне жалпы құны 105,5 миллион теңгені құрайтын 177 тоннадан астам ауыл шаруашылығы тауарлары ұсынылды.

КӨНЕ ТАРАЗДАҒЫ ҚАУЫШУЛАР

Таразда Ақтөбе облысының күндері өтті. Көне Тараз қаласында екі өңірдің жергілікті билік өкілдері мен іскер азаматтары тәжірибе алмасып, өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Облыстың Жамбыл облысындағы күндері аясындағы шаралар бес бағыт, яғни ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, білім, мәдениет, спорт салалары бойынша ұйымдастырылды.

ФОРУМ: ҚАЗАҚСТАНДЫҚ-ИЗРАИЛЬДІК ҚАТЫНАС

Ақтөбеде қазақстандық-израильдік бизнес-форум өтті. Израильдік қонақтар аймақтың экономикалық әлеуетімен, инвесторларға жасалып отырған жағдайлармен танысты. Бұған дейін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қазақстан Республикасындағы Израиль мемлекетінің Төтенше және өкілетті елшісі Михаэль Бродскиймен кездескен болатын.

В2В форматында өткен кездесу екі елдің іскер топтарының  арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты дамытуды күшейтуді көздеді. Бизнес-форумды облыс әкімдігі мен Қазақстан Республикасындағы Израиль елшілігі ұйымдастырды.

МАРҚАЛАР ЭКСПОРТҚА ШЫҚТЫ

Облыста қой етін экспорттау өзекті мәселе ретінде қаралуда. Ырғыз өңіріндегі «Алтын-Әсел» ЖШС-ынан биыл туған марқалардың алғашқы тобы Біріккен Араб Әмірлігіне жөнелту үшін шетелдік жүк автокөліктеріне тиелді. «Алтын-Әсел» ЖШС асылтұқымды қазақтың жартылай қылшық жүнді құйрықты қойын өсіреді. Мұнда жылына еркек қозылардан іріктеп қалдырылған 250 асылтұқымды қошқар, сондай-ақ, тұсақ қойлар сатылады. Былтыр 700 асылтұқымды тұсақ қой сатылса, биылдың өзінде 150 асылтұқымды тоқты қошқар сатылған.

АҚТӨБЕЛІКТЕР ҒАЛЫМЫН ҰЛЫҚТАДЫ

Ақтөбедегі Аққағаз Досжанова атындағы конференция залында Қазақстанның Еңбек Ері, нейрохирург Серік Ақшолақовқа құрмет көрсетілді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткен шараға Серік Қуандықұлы, академиктер  — Төрегелді Шарманов пен Жақсылық Досқалиев,  сондай-ақ медицина саласының қызметкерлері мен аудандардан келген өкілдер қатысты. Шарада Серік Ақшолақовтың өмірі мен кәсіби қызметі туралы фильм көпшіліктің назарына ұсынылды.

РЕСПУБЛИКАДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ЖОБА

Ақтөбеде әлеуметтік сала қызметкерлері үшін шағын отбасына арналған бес қабатты жатақхана пайдалануға берілді. Жетпіс пәтерлік бес қабатты жатақхананың 47-сі — екі бөлмелі, 23-і — бір бөлмелі. Үйдің жалпы көлемі — 2920 шаршы метр. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қолға алынған мұндай жобаны еліміз бойынша Ақтөбе  бірінші болып жүзеге асырды.

 ТАҒЫЛЫМДЫ ТОЙ

Байғанин ауданында Төлеген Айбергеновтің туғанына 80 жыл толуына арналған шаралар өтті. Небары 30 жасында құйрықты жұлдыздай ағып түскен дара талант Төлеген Айбергеновтің мерейтойы жыл басынан бері Алматыда, Астанада, Қарағандыда, Теміртауда және ақынның кіндік қаны тамған Қарақалпақстанда аталып өткен болатын.

Сол сияқты, биыл халқына адал қызмет еткен Дербісәлі Беркімбаевтың 180 жылдығына арналып екі күнге белгіленген іс-шаралар облыс орталығы — Ақтөбе қаласында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде Дербісәлі Беркімбаев кабинетінің салтанатты ашылуымен басталды.

ДИМАШ ҚҰДАЙБЕРГЕН — «SINGER» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРІ

 Ақтөбелік  Димаш Құдайберген қытайлық Хунань телеарнасының «Singer 2017» ән байқауының ақтық бәсекесінде өнер көрсетіп, бірінші орынды жеңіп алды. Шешуші бәсекеде Димаш Шаң Венжемен бірге Майкл Джексонның «The Way You Make Me Feel», «Erth song» және «Billie Jean» әндерін шырқады.

5 МЫҢ ЖАС «ЖАСЫЛ ЕЛГЕ» ҚАТЫСТЫ

Елбасының қолдауымен құрылған «Жасыл ел» бағдарламасы биыл 13-ші жыл ұйымдастырылып отыр. Өңірдегі «Атамекен» студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасақтарындағы 5 мың жас еңбек маусымында белсенділік танытты.

 ІСКЕР ӘЙЕЛДЕР ҮЛЕСІ — 55,4 ПАЙЫЗ

 «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының іскер әйелдер кеңесінің I бизнес-форумы өтті. Форумға облыстың барлық ауданынан 200 іскер әйел шақырылды. Мемлекет басшысы мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алға қойған негізгі мақсаты — кәсіпкерлік саласының дамуына серпін беру. Бүгінгі күні облыстағы 7 164 ұйым жетекшілерінің 22,2 пайызы — әйелдер. Ал кәсіпкерлік саласындағы әйелдердің үлесі — 55,4%. Олардың дені сауда, қоғамдық тамақтану, қызмет көрсету және ауыл шаруашылығы салаларында жұмыс жасайды.

ЭКСПО ЖӘНЕ ОБЛЫС КҮНДЕРІ

Астанадағы «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінде Ақтөбе облысының күндері өтті. Ол «Ақтөбе — құтты мекен» гала-концертінен басталды. Концертте Абдулхамит Райымбергенов, Марат Әйтімов, Света Айтбаева, Жадыра Арыстанова сынды белгілі шеберлер өнер көрсетті.  27 маусымда Ақтөбе күндері Димаш Құдайбергеннің «Бастау» концертімен жалғасты. Концертте әнші 100 пайыз жанды дауыста ән салды.

 АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫ 148 ЖАСТА!

ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы орталық демалыс және мәдениет саябағында Ақтөбе қаласының 148 жылдығына орай «Сүйікті қалам, Ақтөбе!» атты шоу-бағдарламасы ұйымдастырылды. Шара барысында Ақтөбенің даму жолы туралы фильм көрсетіліп, шығармашылық ұжымдар дайындаған концерттік бағдарлама ұсынылды.

ШАҺАР ЖӘНЕ 34 ШАҒЫН САЯБАҚ

Бұған дейін Ақтөбе қаласында 21 саябақ болса, олардың қатарын биыл тағы 34 шағын саябақ толықтырмақ. Кейбір пайдаланылмай тұрған жерлер енді тұрғындардың демалыс орындарына айналмақшы. Жаңа 34 саябақты облыстық басқармалар, қала әкімдігінің бөлімдері мен кәсіпорындар қала тұрғындарына тарту етпек. Бүгінгі күні қалада «Денсаулық» саябағы мен қаржыгерлер мен экономистердің, құрылысшыларға арналған парк ашылды.

 112 МЫҢ БАЛА ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ

Биыл өңірде қала сыртындағы 11 лагерь жұмыс жасады, оның 9-ы — жекеменшік иелігінде. Бұдан өзге мектеп жанынан 380 лагерь, 30 шатырлы лагерь өз жұмысын жалғастырды. Жазғы демалыспен оқушылардың 92 пайызы, яғни 112 мың бала қамтылды. Балалар Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватына және Ақтөбе облысының өзге де қорықтарына саяхат жасады. Сонымен қатар, Орынбор облысындағы «Күншуақ елі» бірегей оқу-сауықтыру орталығына оқу үздіктері, жоғары нәтижелерге қол жеткізген спортшы, зияткер балалар жіберілді.

«ҚАРОЙ-ШЕЙІТСАЙ-ҚАРОЙ» АВТОЖОРЫҒЫ АҚТӨБЕГЕ КЕЛДІ

 Атыраудан бастау алған «Қарой-Шейітсай-Қарой» автожорығы Ақтөбеге жетті. Басты мақсат — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұлт-азаттық көтерілістің басшылары Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы туралы тың деректер жинап, бабалар рухына тағзым ету. Ақтөбеге жеткен атыраулық делегацияны «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев бастап келді. Автожорықты ұйымдастырушылар Шейітсай бойында қазақтың қос батыры Исатай мен Махамбетті жақындастыру мақсатында топырақ алмастыру  рәсімін жасады.

КӨКЖАР ЖӘРМЕҢКЕСІНЕ — 150 ЖЫЛ

Ойыл ауданының орталығында Ұлы Жібек жолындағы  жаңғырған Көкжар жәрмеңкесінің 150 жылдығы ерекше атап өтілді. Оған Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарынан қонақтар келді. Даңқы өткен ғасырдың өзінде қазақ даласынан асып, әлемге танылған Көкжар жәрмеңкесінің 150 жылдығын  мерекелеу бұл — өткенімізді еске алу, жоғалтқанымызды түгендеу, жас ұрпақтың бойында  ұлтжандылықты қалыптастыру, туған жердің тарихын танудың қайтарымды қадамы.

 ТРИАТЛОН ЖӘНЕ ТҰҢҒЫШ ЧЕМПИОНАТ

Ақтөбе қаласында тұңғыш рет жүзу, жүгіру, велосипед жарыстарынан командалық триатлоннан қала чемпионаты өтті. Чемпионат  Ақтөбе су қоймасының «Саяхат» жағажайында басталды. Жарыстың бірінші кезеңі жүзуден болды. Суда жүзушілер 200 метр қашықтыққа жарысты. Күн жел, су толқынды болса да спортшылар бұл сайыстан сүрінбей өтіп, кезекті веложарысқа  берді. Велосипедшілер  жиырма шақырым қашықтыққа  жарысып, эстафетаны жүгірушілерге берді. Жарыс шарты бойынша жеңіл атлеттер 5 шақырым қашықтықты жүгіріп өтті.

Дайындаған Арайлым ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button