«Ақтөбе — құтты мекен»Мәдениет

Қазанғап мұрасының шырақшысы

Белгілі өнер зеттеушісі, күйші, Құрманғазы атындағы І республикалық конкурстың лауреаты (1983 жыл), орта мектептердегі ән-күй сабағына арналған «Мұрагер» бағдарламасының авторы Әбділхамит Райымбергенов — туған жеріне жиі қатынайтын жандардың бірі. Ол Қарабұтақ топырағында дүниеге келген.

— Әкем де, анам да — педагогтық қызметте болған адамдар. Қазір Ақтөбеде анам, бауырларым тұрады. Оларға жиі келемін, — дейді ол.

— Әкеңіз Ысқақ Райымбергенов кезінде Ақтөбедегі педагогикалық училищеде халық аспаптары оркестрін құрып, дәстүрлі өнердің өрістеуіне үлес қосты, сондай-ақ, облыстық басылымдарға осы тақырыпта мақалалар да жазып тұрыпты…

— Иә, мен күйшілер әулетінде туып-өстім. Атам Райымберген Жолекенов — Қазанғаптың өзінен күй үйренген, оның төл шәкірттерінің бірі. Сәдуақас Балмағамбетов, Жүсіп Сейілов, Жәлекеш Айпақов сынды өнер қайраткерлері біздің үйімізге жиі келетін. Сондықтан Қазанғап туралы әңгімелер маған бала күнімнен таныс. Үйде бес бала едік. Бәріміз де өнерге, әсіресе домбыраға жақын өстік… Атам мен әкем қазір Ақтөбенің Қызылжар ауылы маңындағы қорымда қатар жатыр. Ал анам жуырда  85 жасқа толды. Бұл қуанышты Ақтөбеде атап өттік.

— «Мен қазақпын» халықаралық телевизиялық мега жобасының іріктеу турында біздің өңірде дәстүрлі ән, терме жанрларынан гөрі, күйшілік өнердің шоқтығы биік екеніне тағы бір көз жеткіздік. Жеңімпаз күйшіні анықтау қазылар алқасына өте қиынға соқты. Бұл жөнінде сіз не айтар едіңіз?

— Расында, біздің өлке — қазақтың үлкен бір күйшілік мектебінің отаны. Кезінде Ахмет Жұбанов: «Батыс өлкенің қазақтары керемет әншіден гөрі, орта деңгейдегі күйшіні артық көреді» — дегенді бекер айтпаса керек. Күй тілін түсіну оңай емес. Күйді жан-жүрегің сол күймен үндесіп тұрса ғана қабылдай аласың. Ақтөбе өңірінде тамырын тереңге жіберген, сонау көнеден келе жатқан күйшілік өнердің көші тоқтап қалмай, жалғасын тауып отыр. Осыған қуанамын.

«Бұл дәстүрдің тамыры қайда?» дегенде, әрине, ең алдымен, Қазанғап бабамыз еске түседі. 1984 жылы Қазанғапқа арналған «Ақжелең» атты еңбегім жарыққа шыққан еді. Мен осы бағытта өмір бойы ізденіп келемін десем де болады. Әсіресе, соңғы жылдары Қазанғаптың шығармашылығына, ұстаздары мен шәкірттерінеқатысты зерттеу жұмыстарын тереңдетіп, көп уақытымды сол зерттеулерге арнадым. Бұйыртса, «Қазанғап» атты үлкен еңбек ұсынғым келеді. Бұл — менің туған жерге тартуым, оның рухани қазынасының толыға түсуіне қосқан үлесім  болмақ. Жақын жылдардың бірінде қолдарыңызға тиеді деп ойлаймын.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button