Әдебиет

Ақтөбеге ода

Бәкір Тәжібаев

Ақтөбеге ода

Дүрілдетіп ел-жұрты той тойлайтын

Ақтөбеден бүгетін сыр болмайтын.

Домбырамды күйімен күмбірлетіп,

Кезім келді аянбай бір толғайтын!

 

Дәнінен өркеш таулар орнатқанда,

Атақ-даңқы оранып мол мақтанға,

Арындаған еңбекте Ардагерлер

Ақынына мадақ жыр жолдатқан да!

 

Ақтөбенің айтулы даласын паң,

Ақ тарысын көргенде — қаларсың таң!

Кешкіғұрым комбайн көп оттары,

Шақырады жұлдыздар арасынан!

 

Самсап моншақ Ақтөбе биігінде,

Сәуле шашып, сыйламас сыйын кімге!

Ол — жалынды Ерліктің белгісі ғой,

Сезіміңді бөлейтін иірімге!

 

Арай нұрға малынып әр таңында,

Алтын масақ — алқасы алқабында,

Әсем сазын жаныма жалғадым да,

Аққу әнді сызылтып салмадым ба?!

 

Қиялменен өлкесін шарлағанда;

Хромтауы — Құрыш тау барлағанға!

Мұғаджар тау — сары алтын қармағанда,

Төрт түлік мал қайысқан маң даламда!

 

Бүгін де көп өсірген сол сүйікті ел:

Академик — диқаншы Берсиевтер,

Құрметті жылқышы — Дәуғариндер,

Төкпе жырдың қордасы — Байғаниндер!

 

«Шалқар», «Байтақ» көлдерін көлкіп жатқан,

Елім сүйіп емірене еткен мақтан!

Ақтөбенің көлбеген аймағынан,

Сан ғажайып суреті көлбең қаққан.

 

Алыс тұстан асығып жеткенімде,

Хикая қып қозғайтын өткенін де:

Исатайдай батырдың қаны тамған,

«Шейітсайы» — «Қиылдың» бөктерінде.

Бұл күндері жайнаған сол аймақтан,

Жалау байлап жаныма кетпедім бе!

 

Келбетінен кербездік байқалатын,

Көгілдірлі белбеудей айқаратын —

«Елек», «Қобда», «Ырғыз», «Жем», «Сағыз», «Ойыл»

Қайнауынан мол ырыс жайқалатын!

 

Сырым болса бойыма сақтағаным,

Жырым болса тойына баптағаным,

Ақтөбені Алыпқа балап тұрып,

Шат-күйімді шалқыта ақтарамын!

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button