Рухани жаңғыру

Латын графикасына көшу: күдік пен үміт және міндеттер

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Қазақстан — 2050» Демократиялық күштердің аймақтық коалициясы мен аймақтық «Мирас» кеңесінің бірлескен отырысында мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру мәселесі талқыланды.

Жиынды аймақтық «Мирас» кеңесінің төрағасы, ҚР Мәдениет қайраткері Еркін Құрманбек ашты. Өз сөзінде ол қазақ тілін латын қарпіне көшіру мәселесіне орай халық арасында түсіндіру жұмыстарын кеңірек жүргізудің маңыздылығына тоқталды.

Ал облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы, мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру жөніндегі облыстық жұмыс тобы жетекшісінің орынбасары Гүлайым Төлебаева сөзін:

—Әліпбиді өзгерту — өте маңызды іс, ол бір қаріптен екінші қаріпке ауыса қоюмен шектелмейді. Әліпбидің ауысуы халықтың ойына, санасына, дүниетанымына әсер етеді, сондықтан бұл істе қателік жіберуге әсте болмайды. Әліпби өзгерту жөніндегі шешім бекерден-бекер қабылданбайды, ондай шешім үлкен мақсат-міндеттерден туындайды. КСРО кезінде қазақ әліпбиі кирилл қарпіне көшірілді, мұның артында бір тілде сөйлейтін кеңес халқын қалыптастыру мақсаты тұрды. Қазақ тілін латын қарпіне көшіру мәселесі бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ, ұзақ жылдардан бері айтылып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты» — деп атап көрсетті. Бүгінде кирилл қарпін әлемде 250 миллион халық қолданатын болса, латын қарпін 5 миллиардқа жуық адам қолданады екен, — деп бастады.

Сондай-ақ, ол әліпбиді латын қарпіне көшіру екі кезең арқылы жүзеге асырылатынын атап өтті:

—Бірінші кезеңде жаңа графикадағы әліпбидің бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау, яғни бір үлгіге тоқтау керек. Қазіргі күні ұсынылған жаңа нұсқа талқыланып жатыр. Әр азамат оған байланысты өз пікірін білдіре алады, сан алуан пікір айтылып та жатыр, бұл — заңды. Әсіресе, тіл мамандары, филологтар пікірлерінің маңызы жоғары, — деді Гүлайым Тельманқызы.

Ол әліпбидің реформалануына қатысты жұртшылық көкейінде жүрген кейбір күдіктердің негізсіздігіне де тоқталды:

—Мысалы, көпшілікті «Кирилл қарпіндегі мәдени мұраны жоғалтып алмаймыз ба?» — деген сауал мазалайды. Алайда қазір — технологиялар дамыған уақыт, кез келген мәтінді бір әліпбиден екінші әліпбиге автоматты түрде аударуға мүмкіндік бар, — деді.

Гүлайым Төлебаева халықтың жаңа әліпбиге көшу әзірлігіне қатысты зерттеулер қорытындысын, сонымен бірге, жаңа әліпби қабылданғаннан кейінгі кезеңге жоспарланған іс-шаралар туралы да айтты.

Жиында осы мәселеге орай «Әзербайжандар» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының төрағасы Шахбаз Джамалов, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің кафедра меңгерушісі Тілектес Тоқсанбаева, т.б. өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Шахбаз Илалоғлы жаңа әліпби қазақ тілінің тазалығын, өз ерекшеліктерін сақтауға ықпал етеді деген үмітін жеткізді:

—Кезінде біз қазақ тілін сексен-тоқсан жастағы қария кісілерден үйрендік. Олардың қазақшасы — басқа да, бүгінгі жастардың қазақшасы басқаша естілетін секілді сезінемін. Жаңа әліпби қазақтың тіліне о бастағы тазалығын, тұнықтығын қайтарады деп ойлаймын. Сондықтан жаңа әліпбиге көшуден тек қана жағымды өзгерістер күту керек, — деді ол.

Жиында жаңа әліпбиге қатысты ұсыныс-пікірлерді #latyn хэштегі арқылы жариялауға болатыны айтылды.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button