Рухани жаңғыру

Бәрі де болашақ үшін

Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 2025 жыл­дан бастап латын әліпбиіне көшуіміз керектігін және болашақта барлық саладағы іс-қағаздар мен оқулықтар да осы қаріппен жазылуы тиіс екенін айтты.

Сондай-ақ, Үкіметке қазақ тілін латын әліпбиіне көші­ру­дің нақты кестесін жасауды тапсырып, бұл жұмысты қазірден бастан қолға алу қажеттігін атап өткен болатын.

Жалпы, бұл мәселе біраз жыл бұрын көтерілген еді. Сондықтан санамызда «ерте ме, кеш пе, еліміз латын әліпбиіне көшеді, соған дайындала беруіміз керек» деген салмақты ой сақталып келді. Бүгін сол үкілі үміт сәулесінің куәсі болып отырмыз. Бұл жазу — елдігіміз бен егемендігімізді айқындайтын, халықтың сауаттылығын танытатын көрсеткіш деп білемін. Себебі, латын әліпбиі әлемдегі ең танымал жазулардың бірі саналады, яғни, болашағы зор.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз мақаласында: «…Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес.

2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет. Алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуге тиіс» деді. Бұл істе жалпы ұстаздар қауымына артылар жүктің салмағы ауыр екенін де білемін. Бірақ, еліміздің, жас ұрпақтың болашағын ойласақ, латын әліпбиіне көшу жұмыстарын барынша жедел жүргізу — уақыт талабы. Сондықтан Елбасының шешімін қолдап, оның ары қарай жүзеге асуына үлес қосуымыз қажет.

 А.Бекниязова,

Ырғыз аудандық білім бөлімінің бас маманы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button