Рухани жаңғыру

Эволюциялық даму ғана өркендеуге жол ашады

Томағасы шешілген сәтте төңіректі бір сүзіп өтіп, сонау биіктіктен қара жердегі қарайғанды қатесіз танитын қыран бүркіттің қырағылығы — оның өзіне ғана тән ерекше қасиеттерінің бірі. Елбасымыздың өткенді ой елегінен өткізіп, даналықтың дүрбісінен қарағандай салмақпен саралай білетін қасиетін, алдағыны ақыл-парасатпен болжай білетін көрегенділігін дәл осы қыранның қырағылығына ұқсатамын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы — көрегенділікпен жасалған кезекті батыл қадамдарының бірі.

Мақалада тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың алты бағыты атап көрсетілген. Солардың бірі — Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы.

Осыған байланысты әлемдегі оқиғаларды ой елегінен өткізіп, қорытынды жасау арқылы ауқымды дүниетанымдық, рухани жұмыстар жүргізу керектігі де мақалада айтылған. Расында, бұл — ерекше назар аударатын мәселе. Біз мамыражай тірлікке,бейбіт заманға бой үйреткеніміз соншалық, кешегі тарихты естен шығарып та алған секілдіміз. Патша өкіметінің отарлау саясатының озбырлығы мен өктемдігі, талай нәубет жылдардың орны толмас зардаптары ұмыт бола бас­тағандай. Төңкерістердің түр-си­паты өзгергенімен, түгелдей жоқ болып кетпейтіндігін ескерткен Елбасы да мақаласында осыған ерекше мән берген болатын. Елбасы өз мақаласында: «Бүгінде революциялар өңін өзгертіп, ұлттық, діни, мәдени, сепаратистік перде жамылды. Бірақ бәрі де, түптеп келгенде, қантөгіспен, экономикалық күйреумен аяқталатынын көріп отырмыз», – деді. Бұл сөздердің қазіргі таңдағы кейбір құбылыстарға бағыттала айтылғанын байқау қиын емес. Соның ішінде, бүгінде ислам атын жамылғандардың жат пиғылынан үркуге әбден негіз бар. Себебі, олар­дың нақ көздегені — әлемге исламды таратып, оның кең қанат жаюына жол ашып, рухани игілікке қол жеткізу емес, жеке мүдделерінің жайы, жаһандық төңкеріс жасау, жаулап алу мен жаугершілік. Оның ішінде, еліміздің байлығына көз тігіп, сұқтана қарайтындар да жоқ емес.
Ұлттық сананың улануын өздерін«дін ұстанушылармыз» деп есептейтін кейбір жастардың әре­кетінен аңғаруға болады. Мы­сал­ы, ұл-қыздың ата-анамен бір дастарқанға отырмауы — көз көріп, құлақ естіген сұмдық жайт. Бұл рухани құлдыраудың бір көрінісі екені анық. Бірер уақыт намаз оқып, «ақиқат» тапқан кейбір жас­тар бұл әрекетін Исламның асыл құндылықтарымен байла­ныс­тырғылары келеді. «Намаз оқымай­тын адам —кәпір. Менің әке-шешем де солардың қатарынан» деп, міз бақпай «пәтуа береді». Һәм осы пиғылы үшін сауапқа кене­летіндігіне имандай сенеді. Құран­нан да, хадистен де ілімі аз жас­тарды өз мақсаттарына пай­­да­лануды көздейтін сыртқы күш­­тер­дің діттегені де осы. Сол себеп­ті, олар жастарды Ислам құн­ды­лығына емес, әдейі әсіре­діншілдікке бағыттауда. Алайда, әсіредіншілдік — дінсіздік сияқты қауіпті құбылыс. Бізге керегі — діндарлық. Бұл орайда, екі мәселе туындайды. Біріншіден, намаз оқымаған кәпір ме? Екіншіден, мұсылман емес адаммен қарым-қатынас қалай болмақ? Әрине, намаз — діннің тірегі. Десе де, «Лә иләһа иллә Алла, Мұхаммад расул Алла» деп айтып, жүрегімен «Алладан басқа Құдай жоқ, Мұхаммед — Оның елшісі» деп иман етсе, мұсылман болмақ. Мәселенің нәзік тұсын дұрыс түсінген жөн. Бес уақыт намаз оқу — парыз, бірақ оқымаған адамды кәпір деу шариғатта жоқ.

Екінші мәселе — мұсылман емес­ адаммен қарым-қатынас. Құран Кәрімде: «Дінде мәжбүрлеу жоқ…», — деп әмір етілген. Бұл аят: «Ислам дініне кіргізу үшін ешбір адамды мәжбүрлемеңдер. Яғни, он сегіз мың ғаламда Исламның ақиқат дін екенін көрсететін ашық та анық дәлелдер көп-ақ», — деп тұрғандай. Аталмыш аяттың түсу тарихы ансар сахабаның отбасына қатысты болса да, үкімі барша адамзатқа ортақ. Салим бин Ауф әулетінен болған Хусойни есімді сахабаның екі бірдей баласы насара дінінде болады. Әкесі — мұсылман, ал балалары —  насара. Хусойни Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с.) келіп: «Ол екеуін мәжбүрлеуіме бола­ды ма? Олар тек насара бола­мыз деп тұрып алды», — деп мұсыл­маншылықты мәжбүрлеп қабыл­датпақ ниетін білдіреді. Сонда аталмыш аят уахи етілген екен.

Сонымен қатар, Құран Кәрімде де Ибраһим пайғамбар (ғ.с.) Аллаға иман етпеген әкесіне: «Әй, әке­тайым! Шайтанға табынба! Аны­ғын­да, шайтан Рахман Аллаға бой­ұсынбаушы болды», — деп жұм­­сақ сөйлейді. Нұх және Лұт пай­ғам­­бар­лардың (ғ.с.) әйел­дері де, Құранда: «Алла Нұхтың әйелі мен Лұттың әйелін күпірлік етушілердің мысалы етіп келтірді. Ол екеуі Біздің құл­дары­мыздан екі ізгі құлдың неке­сін­де еді. Ол екеуі оларға қиянат жасады…», — деп баяндалғандай, намаз оқы­мақ былай тұрсын, тілдерін кәли­­маға келтірмеген еді. Қос пай­ғам­­бар да әйелдері кәпірлермен бірі­гіп, күйеулеріне қарсы қиянат ет­пейін­ше, бір шаңырақта өмір сүре берді. Демек, әке-шешесі, бауыр­лары­ның мұсылман болмауы олар­дан біржолата ат құйрығын ке­сіп, безіп кетуге себеп болмады. Бі­рге өмір сүруіне кедергі етпеді. Қала берсе, олармен қарым-қатынаста көркем мінез танытып, сабырлылықпен ғұмыр кешті. Сонда, әлгі жастардың Нұх және Ибраһим (ғ.с.) пайғамбарлардан да иманы мықты болғаны ма? Әрине, мәселенің бүге-шігесіне қанық болмаған адамның өзі пайғамбарлар адамзаттың ең абзалы екенін біледі.

Абайша айтқанда, адамзаттың барлығын сүю — мұсылманның міндеті. Ал әсіредіншіл жастардың бөтен дін өкілі тұрмақ, өз ата-анасына мінез көрсетуі —

үл­кен күнә. Ата-ананы ренжіту — екі дү­ние­де де адамды бақытсыз ете­тін ке­сір. Сондықтан, жастар әсі­ре­дін­шіл емес, діндар болса, дүм­ше уа­ғыз­шы­ны емес, дін тірегі Құран­ды дұрыс үйренсе екен деген ізгі тілек бар.

Туғанынан теріс айналып кетуге де дайын, екінің бірін дінсіз­ге балап, діннен бездіретін адасу­шы­лардың және бір сипаты — ата дәстүрді жоққа шығарып, ғасыр­лар бойына қалыптасқан мәде­ниетімізді мансұқтауы. Ғұрпы­мыздың біразын Аллаға серік қосу деп секем алдырып, өліге құран бағыштауға, қорымның маңынан өткенде немесе дұғадан кейін бет сипауға болмайды деген сияқты түрлі тыйымдарды санаға құйып алған олар тарихы мен тамырынан ат-құйрығын кескендей оңай бас тарта салуға әзір. Бұл да дініміз бен ділімізден, тілімізден айырып, жаппай құндылық ұғымынан жұрдай етуді қалайтын, жастарды жалған діндарлықпен жеңіл арбайтын сыртқы күштердің қитұрқы саясаты екені анық. Елбасының жаңғырған қоғамның қалыптасқан рухани кодын сақ­тап қалуға, ескі менталитеттің озы­ғы мен тозығын електен өткі­зе отырып, ұлттық сананың ашық­тығын қалыптастыруға, рухани жаң­ғы­руға жіті мән беруі де сон­дық­тан. Себебі тарихын танымайтын, өт­кенін қастерлемейтін, дәстүрін, мәдениетін мойындамайтын ұрпақты адастыру өте оңай.
Небір нәубетті бастан өткерген қазақ халқының егемендікті ең­сер­генімен, өткеннің орны толмас зар­­даптары, оның ішінде халық шы­­ғы­ны қалыпқа әлі келе қой­ған жоқ. Бір деректерде 1917-1918, 1921-1922 және 1929-1933 жылдардағы ашаршылықтар салдарынан қазақтың саны­ның 1 миллион 247,7 мыңға немесе 35,8 пайызға азайғандығы айтылады. Бұл — бүтін халықтың үштен бірі қырылды деген сөз.

Ал мемлекеттік саяси басқарма өкілдерінің 1933 жылғы есебі бо­йынша 47 578 қазақ босқын елін, жерін тастап, көршілес қарақалпақ жеріне кетуге мәжбүр болған. Әрі олардың 2357-сі — панасыз балалар. Әйткенмен, ол жақта да қиыншылық көріп, босқындардың тең жартысынан да аз бөлігі, дәлірек айтқан­да, 22 мың адам ғана аман қал­­ған. Өзгесі жұқпалы ауру, әр түрлі дерт­­тен қаза болып, тіпті кейбір дерек­терде бір ғана Хожелі ауданында бір айдың ішінде 200 адамның көшеде өлгендігі көрсетілген.
Қазіргі Сириядағы діни қақ­ты­ғыс­тар да қолдан жасалып отырған саяси ойын екені белгілі. Бүгінде сирия­лық­тар­дың оқ пен оттан қашып, босып кеткендерінің саны шама­мен 5 мил­лионға жеткен. Мыса­лы, Ливанның өзінде жер ауып келген мигранттар саны мил­лион­ға жеткен, ал Иорданияда 1 мил­лион 400 мыңнан астамсириялық жүр. Олардың көбінің күнкөрісі төмен. Адам­дары ашқұрсақ, күйсіз, қорғансыз. Кейбір бейресми деректер бо­­йын­­ша, ендігі жетінші жыл­ға жал­­­­ғас­қан Сирия елін­дегі аза­мат­тық со­ғыс салдарынан жүз мыңда­ған адам­ның өмірі қиылды. Мұндай мысалдарды, өкінішке қарай, әлемнің басқа елдерінен де келтіруге болады.

Ал қаупі төнген төңкерістерге төтеп берудің бірден-бір жолы — ұлттың тұтастығы мен халық­тың рух-жігерінің мұқалмас мық­ты­лығы. Осы орайда Елбасы мақаласындағы: «Біздің кешегі тарихымыз бұлтартпас бір ақиқатқа — эволюциялық даму ғана ұлттың өркендеуіне мүмкіндік беретініне көзімізді жеткізді. Бұдан сабақ ала білмесек, тағы да тарихтың темір қақпанына түсеміз. Ендеше, эволюциялық даму қағидасы әрбір қазақстандықтың жеке басының дербес бағдарынаайналуға тиіс», — деген ойларды көкейге мықтап түйіп, маңызын терең түсіне білейік.

 Төлеби ОCПАН, 
ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы,

облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button