Әлеумет

Мол әсер алдық

Астанада өтіп жатқан халықаралық ЭКСПО көрмесіне Ойыл ауданынан арнайы делегация барып қайтты. Аудан әкімі аппаратының басшысы Саян Сүлейменов бастаған топтың құрамында аудандағы бірқатар мектептердің директорлары мен мекемелердің басшылары, жекелеген қызметкерлері болды. Олардың арасында Астана қаласын бұған дейін көрмегендер де бар еді.

Әлем көз тігіп отырған Астанаға жету оңай болмады. Жазғы маусымда жайшылықта теміржолға билет табыла бермейтін-ді. Оның үстіне көрме өтіп, жолаушы көбейіп тұрған шақ. Әуе жолы қызметін екінің бірінің қалтасы көтермесі тағы анық. Сондықтан арнайы автобус ұйымдастырылды. Бұл да жеңіл  шаруа емес, жол ұзақ еді. Бірақ  өзге таңдау болмады.

Сондықтан сапар қиыншылығын біле тұра, жолға шықтық. Мұның өзі, бір жағынан, ел көріп, жер көруге жақсы да болды. Қаншама елді мекендердің үстімен өттік. Ұзақ жүріске түсіп, жұма күні түске таман Астанаға да ат басын тіредік-ау.

Бұрын бұл қаланы көрмегендер көрмеге дейін қаланың сәулетті орындарын аралап жүргенді жөн көрді. Сондықтан көптің қалауымен Ханшатыр ойын-сауық орталығына бардық. Оның іргесіндегі этноауылда ұлтымыздың талай тарихи жәдігерлеріне куә болдық.

ЭКСПО қалашығы ауылдан барған бізге ертегідей көрінді. Әсіресе, жасыл энергия өндірудегі өздерінің технологиясын ұсынған елдердің көрмелері бірінен-бірі өтеді. Немістердің электр қуатымен жүретін көліктері, қытайдың ғажайып таңдай қақтыратын тамашалары, жапондардың қуат көздерін үнемді пайдалану әдістері, швейцариялықтардың көкөністің қабығы сынды қалдықтардан да биоотын өндіру тәжірибелері кім-кімді де тамсандырады. Африка мен Үндістанның павильондары нағыз қайнаған сауда алаңындай әсерге бөледі.

Көрменің бәрін аралап шығу оңай да емес екен. Шынын айтсақ, шаршатты да, бірақ одан тапқан олжамыз көп еді. Мол әсер алдық.

Жалпы Астана сапарынан риза боп қайттық. Көрмеден соң да кешкі қалада серуендеп, Астананың түнгі салтанатын тамашаладық. «Бәйтерек» кешеніне көтерілдік. Хоккейден ҚР Президентінің кубогы үшін өтіп жатқан жарыстың соңғы сәтін көріп, сүйсіндік. Теледидардан көргендей емес, хоккейді тікелей көрудің әсері бөлек болады екен.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button