БілімБасты жаңалықтар

Қамқорлық және міндет

Тамыз кеңесі

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен Ақтөбе қаласындағы №60 орта мектептің базасында «Қазақстанның үшінші жаңғыруы — білімнің үлесі» тақырыбында қаланың білім беру қызметкерлерінің дәстүрлі педагогикалық тамыз кеңесі өтті. Кеңес басталғанға дейін облыс басшысы мектеп ішінде жасақталған қаладағы білім берудің жайын баяндайтын арнаулы көрмені аралап көрді. Мұндағы әр оқу орындарының жетістіктеріне, оқушылардың қолөнеріне, қаладағы аула клубтарының жұмыстарына, туризм мәселесіне назар аударды. Білім саласы қызметкерлерінің пікірлерін тыңдады.

Қалалық педагогикалық форумның салтанатты ашылуына облыс әкімімен бірге, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, еңбек ардагерлері, ата-аналар қауымдастығы мен ұстаздар қатысты.

Елбасының халыққа Жолдауында айтылған Қазақстанның үшінші жаңғыруына байланысты білімнің үлесі, міндеттері туралы негізгі баяндаманы қала әкімінің орынбасары Лаззат Оразбаева жасады.

Өткен оқу жылының жаңа білім беру міндеттерімен байланысты өз ерекшеліктері, қиындықтары болғанын айта келіп, баяндамашы жаңа оқу жылында атқарылмақ жұмыстарға тоқталды. Жаңа оқу жылында дәріс беру бірқатар сыныптар бойынша жаңартылған білім мазмұны бағдарламасы аясында оқытылатынын айтты.

Қазақ, орыс және аралас мектептердің жұмысына талдау жасағанда баяндамашы кейінгі жылдары мемлекеттік тілде оқытатын оқу орындарына баратын шәкірттердің санының өсіп отырғанына нақты деректер келтірді.

Сонымен бірге, Лаззат Оразбаева қала мектептерінің оқу базыларының жақсарғанын да айтып өтті. Әсіресе, облыс әкімінің тапсырмасына байланысты қаладағы үш ауысымда шәкірттер оқитын мектептердің азайғанын мәлімдеді.

— Жаңа оқу жылында бес мектеп ашылғалы отыр. Соның арқасында бірсыпыра мектептердің үш аусылымдылығы азаяды. Өйткені халық тығыз орналасқан аудандардағы жаңа мектептерге оқушылар ауысады, — деді қала әкімінің орынбасары.

Баяндамашының айтуынша, болашақ шәкірт балабақшалардан мектепке дайын болып бару керек. Бұл міндетті мектепке дейінгі балалар мекемелері шешеді. Сондықтан қалада балабақша тапшылығын жоюға бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Соның бір дәлелі — бүгінгі күні қалада 74 жекеменшік балабақша жұмыс істейді. Мемлекеттік-жеке серіктестік жолымен шешіліп жатқан бұл жұмыстар әлі де жалғастыра түсуді қажет етеді. Баяндамашы таяудағы үш жылдың ішінде қалада балабақшаға деген кезек толық жойылатынын мәлімдеді.

Әрине, бұл жерде баяндамашы облыс, қала әкімдерінің қаланың білім саласының күрделі проблемаларын шешуге, мектептердің базаларын, мұғалімдердің материалдық жағдайларын жақсартуға  жылма -жыл елеулі қолдау көрсетіп отырғанын нақты деректер келтіре отырып  әңгімеледі.

Жалпы орта білім беретін мектептердегі шәкірт білімінің деңгейін бірыңғай ұлттық тестілеу сынағы анықтайды. Биылғы жылы бұл сынақтан қала 81,6 балл жинап, облыс бойынша 7-орында тұр. Демек білім беру ісінде әлі де жетілдіре түсетін тұстар көп. Жаңаша оқытуда, оның ішінде үш тілдік мәселесінде ойландыратын жайлар жеткілікті.

Биылғы қалалық педагогикалық тамыз кеңесінде бұл жиынды жылдағыдан өзгеше түрде өткізуге талпыныс байқалды. Сахнаға қаладағы жалпы білім беретін мектептердің, мектепке дейінгі мекемелердің жетекшілері, айтулы оқу орындарындағы білікті жекелеген ұстаздар еркін шығып, өз тәжірибелерін, пікірлерін ортаға салды. Үш тілділік туралы мәселе қозғаған Назарбаев зияткерлік мектебінің ұстаздары Тілектес Шұғаева мен Бекназар Төлемісов әңгімелерін үш тілде — ағылшын, орыс, қазақ тілдерінде өрбітті.

Жылдағы тамыз кеңесінің дәстүрі бойынша мұнда да озат ұстаздарды марапаттау рәсімі болды. Ең әуелі тамыз кеңесі алдында алғаш рет білім саласында «Edu Tech» стартап жобаларының байқауы өткізілгені, оның қорытындысы шығарылғаны айтылды. Ол жүлделерді байқаудың комиссия төрайымы Г.Айдарханова тапсырды. Бірінші орынға берілген 300 мың теңгенің сертификаты  №23 мектептің, екінші орынға тиесілі 250 мың теңге қалалық техникалық шығармашылық орталығы, 200 мың теңгенің сертификаты №21 мектептің ұжымдарына табысталды.

Бұл күні қала педагогтарының үлкен тобы шоқ-шоқ гүл шоқтарымен құттықталып, Алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтардың сертификаттарына ие болды. Олардың ішінде №32 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Несібелі Ізімбетова, №31 «Күншуақ» балалар мекемесінің меңгерушісі Алмажай Тәжиданова, №20 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Роза Молдашева, №25 мектептің ұстазы Анна Чуб, тағы басқалары бар.

Қалалық білім саласы қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесінде сөз сөйлеген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ұстаздар қауымын құттықтап, жаңа оқу жылындағы алда тұрған міндеттерге тоқталды.

— Облыстың білім саласында Ақтөбе қаласының алатын орны бөлек. Себебі негізгі оқушылар, мектептер, жаңалықтар, өзгерістер, инновациялар, технологиялар осы жерде. Сондықтан біз қаланың бүгінгі өтіп отырған тамыз кеңесіне ерекше көңіл бөлеміз. Ұстаздар қауымы тек шәкірттерге білім, тәрбие беріп қоймайды, сонымен бірге қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысады. Елбасының саясатын қолдап, жергілікті биліктің  тапсырмаларын орындауға үлес қосады. Мұның бәрін біз күнбе күн көріп жүрміз. Сондықтан сіздерге айтатын алғысымыз шексіз, — деді облыс басшысы.

Мұнымен бірге, облыс әкімі мемлекеттің білім саласына жасап отырған қамқорлығына айрықша тоқталды. Бұл салаға бөлінетін қаржының алдағы уақытта да төмен болмайтынын, қазіргі салынып жатқан білім саласына қатысты құрылыстардың, білім ордаларының материалдық базасын жақсартуға байланысты жұмыстардың алда да жалғасын табатынын жеткізді.

— Әрі кеткенде үш жылдың ішінде апатты жағдайдағы, үш ауысымдағы мектептерді ғана емес, нормадан артық бала оқитын мектептерді де болдырмауға алға айқын мақсат қойып отырмыз. Биылдың өзінде 6 жаңа мектеп балаларға есігін ашады. Мұнымен бірге және 6 мектептің құрылысы жалғасуда. Таяудағы екі-үш жылдың ішінде кем дегенде 15-20 мектеп салуымыз керек. Бұдан бөлек қалған мектептердің бәрін күрделі жөндеуден өткізу қажет, — деді Бердібек Машбекұлы.

Облыс әкімі Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауында қозғалған мәселелердің негізінен білім саласына байланысты шешілетінін айрықша атап көрсетті. Бұл жерде колледждердің көп міндеттер шешетінін алға тартты. Олар заман талабына  сай мамандар даярлауы керек. Облыстың өндіріс салаларына жаңа мамандық иелері қажет. Облыс әкімі осы жерде Ақтөбе рельс-арқалық зауытының жаңа мамандық иелеріне зәру болып отырғанын мысалға келтірді.

Соңында облыс әкімі №9 орта мектеп гимназиясына, №41 және №56 орта мектептерге биология кабинеттерін жасақтауға әрқайсысына 3 миллион теңгенің сертификатын тапсырды.

Қалалық тамыз кеңесіне қатысушыларға Новый орта мектебінің өнерпаз ұстаздар қауымы өз өнерлерін көрсетті.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.  

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button