МерекеӘлеумет

Құрбан айт — барша мұсылманның ұлық мерекесі

Биыл Құрбан айт 1 қыркүйекке сәйкес келіп отыр. Дінімізде бұл мерекенің алар орны ерекше. Облыстағы барлық мешіттерде биыл Құрбан айт намазы таңғы сағат 07.30-да оқылады.

— Намаз соңынан халық бірін-бірі құттықтап, қуаныш-қызықты бірге бөлісіп, айтшылайды. Өйткені, мерекенің мәні де ұлт пен ұлысты, тума-туысты, барша халықты бауырмалдылыққа, бірлікке ұйыстыруында, кісіні кішіпейіл де кең, қайырымды бол деп үндеуінде жатыр. Сондықтан ренжіскен кісілердің қайта табысуы, ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім, жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, көмектесу, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады. Бұл күні жақындарыңызға кішігірім болса да сый-сыяпат жасаған абзал, — дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы, облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Төлеби Оспан.

Облыстың бас имамы құрбан айт мерекесінің мән-маңызы, құрбан шалу тәртібі төңірегіндегі сауалдарымызға жауап берді:

— Құрбан шалу кімдерге міндет?

— Біріншіден, мұсылман болуы; екіншіден, ақыл-есі бүтін және балиғат жасына толуы; үшіншіден, құрбан айт уақытында жолаушы болмауы; сонымен қатар, негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болуы сынды шарттарға, яғни осындай төрт шартқа ие жандарға құрбан шалу — уәжіп, міндет.

Құрбан шалудың уәжіптігіне мына аят-хадистер дәлел: Алла Тағала қасиетті Құранның Кәусар сүресінде: «Намаз оқы және құрбан шал», — деп бұйырады. Сүйікті пайғамбарымыз да хадисінде: «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерлерімізге жақындамасын!», — деген.

Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Өйткені, малды ғибадат үшін соятыны секілді, тұрмыстық қажеттілік үшін де союға болады. Құрбан шалу міндеттелген жандар мерекелік намаздан кейін құрбандықтарын шалып, етін тиісті адамдарға таратады. Осы жерде ескеретін жайт, айт намазы оқылмай тұрып, құрбандық шалуға болмайды. Егер намаздан бұрын шалынса, ол құрбандыққа саналмайды.

Мал шалғанда пенделердің ниетінің негізге алынатындығы туралы Құранның «Хаж» сүресінің 37-аятында: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін жалғыз нәрсе — жүректеріңізге ұялаған тақуалық»,делінеді.

— Құрбандыққа төрт түлік малдың қайсылары шалынады?

— Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе малының еркектері де, ұрғашылары да жарамды. Қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен, алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса, құрбандыққа жарамды. Алайда ешкінің міндетті түрде бір жасқа толған болуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады. Сондай-ақ, құрбандыққа дені сау, етті және дене мүшелері түгел мал шалынады.

— Құрбан шалушы ақтөбеліктерге құрбандық шалудың рәсімін толығырақ айтып берсеңіз?

— Құрбандық шалған кезде мына жайттарға назар аударған жөн, ең бірінші, құрбан шалынатын жер таза болуы керек. Малды соятын жерге ұрмай-соқпай апарып, оны құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызады. Сосын «Иә, Алла Тағалам, Ибраһим мен сүйіктің Мұхаммед пайғамбарлардан қабыл алғаныңдай, менің де құрбандығымды қабыл ала гөр!» деп, бата жасалады. Құрбан шалатын адам малды қинамай бауыздауға көңіл бөлуі керек. Малдың көзінше пышақты жалаңдатып қайрауға болмайды. Пышақ өткір болуы тиіс. Өйткені, пайғамбарымыздың: «…Құрбан шалатын адам пышағын жақсылап қайрасын, малды қинамай жұмсақ бауыздасын», — деген хадисі бар. Міне, мұның өзі асыл дініміздің адам тұрмақ, малдың өзіне жәбір көрсетпеу керек екенін ұқтырады емес пе?!

Малды құбылаға қарата жатқызғаннан кейін оң қолымен бауыздайды. Құрбан малын басқа адамға бауыздатқан кісі мал бауыздалып жатқанда «Бисмиллаһи, Аллаһу акбар» деп айтып тұрғаны жөн. Егер малды бауыздайтын кісі бауыздарда біле тұра, әдейі «бисмиллаһ» деп айтпаса, ол малдың еті желінбейді. Сондықтан «Бисмиллаһи, Аллаһу акбар» деп айтуы қажет. Малдың жаны бойынан толық шығып болғанға дейін оның терісін сыпыруға болмайды. Малдың қаны толық ағып біткенше күтіледі. Құрбан шалғаннан кейін сол маңайдың тазалығына да көңіл бөлу керек. Малдың қан-жынын ашық-шашық далаға қалдырмау керек. Бұл — құрбандық малына әрі құрбан құлшылығына деген құрметтің белгісі.

Сонымен қатар, ысырапқа жол бермеу керектігін құрбан шалушылар қаперіне алса екен дейміз. Малды бауыздап, оның тек етін ғана алып, қалған ағзаларын тастап кету дұрыс емес. Өзіңіздің шалған құрбандығыңыздың ішек-қарын, бас-сирағын тазалап алған дұрыс. Оның бір түйір еті де ысырап болмасын. Ысырап еткенді Алла Тағала жек көреді.

— Сойылған құрбандықтың еті кімдерге таратылады?

— Құрбан айтта шалған құрбандықтың етін бай болсын, кедей болсын өзінің жеуіне болады. Бұл жайында Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер». Ал, пайғамбарымыз құрбандығының үштен бірін – отбасына, үштен бірін – кедей көршілеріне, қалған үштен бірін садақа ретінде тарататын болған. Сондықтан құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату — мұстахап амал (ұнамды іс). Бірақ шалынған малдың етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға да рұқсат етіледі. Егер құрбандық шалған адам аса дәулетті болмаса және отбасында адам саны көп болса, онда құрбандықтың етін түгелдей өзіне қалдыра алады.

Ақтөбе қаласы бойынша құрбандық малын сату, сою және таратуға рұқсат етілген арнайы орындар:

  1. «Айбек» ЖШС, 41-разьезд, 06-А.

2.«Есік» ЖШС, Богословка трассасы, Лесхоз поселкесі.

3.«ТандемW» ЖШС,  ПОШ ауданы.

4.«Кішіқұм» мал сою алаңы, Мағаждан орман шаруашылығы, №11 жер телімі.

  1. Жеке кәсіпкер «Касымов К», Жаңақоныс селолық округі.

— Қала тұрғындарының көпшілігі қасапшының көмегіне жүгінетіні белгілі. Қасапшы ақысы ретінде құрбан малының етінен яки терісін беруге бола ма?

— Құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, бас-сирағын және сүтін сату дұрыс емес. Құрбан малының аталмыш бөлшектері сатылған жағдайда, құны кедейлерге садақа ретінде беріледі. Сондықтан, құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегін қасапшының ақысы ретінде төлеуге болмайды. Халифа Әли былай дейді: «Пайғамбарымыз түйелер құрбандыққа шалынған уақытта басында тұруымды және терілері мен жүндерін таратуымды әмір етті. Олардың бір нәрсесін қасапшы ақысы ретінде беруге маған тыйым салды. «Қасап ақысын біз өзіміз береміз», — деді».

— Қасиетті мерекеге дайындық қалай жүріп жатыр?

— Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен  биылғы Ораза айт мерекесін ұлттық сипатта атап өттік. Бұған жамағат та дән риза. Құрбан айт мерекесін жоғары деңгейде атап өту үшін қызу дайындық үстіндеміз. Бұл күні мешіт ауласына киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар ойнатылып, айттық дастарқандар жайылатын болады.

Және бір ерекшелік, былтыр Ақтөбе қаласының әкімдігі санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен талаптарды сақтау мақсатында құрбандыққа шалынатын малдарды сату, сою және таратуға рұқсат етілген арнайы орындарды бекіткен болатын. Игі бастама биыл да жалғасын тауып, мұндай мақсаттағы бес орын белгіленді.

Аталмыш орындарда мешіт қызметкерлері діни рәсімнің шариғат талаптарына сай өтуіне қатысты нұсқаулықтар айтып, діни рәсімдерді атқарады. Құрбандық еттері қаладағы мұқтаж отбасыларға таратылады.

Сөзімнің соңында барлық Ақтөбе жұртшылығын мұсылмандар үшін айтулы мереке – Құрбан айтпен шын жүректен құттықтаймын. Сондай-ақ, осы айтулы күнмен тұспа-тұс келген Конституция күні және жас өркендеріміз мектеп табалдырығын аттайтын Білім күні де баршаңызға құтты болсын! Жаратқан Ием құрбандықтарыңызды, құлшылықтарыңызды қабыл етіп, мақсат-мұраттарыңызды асыл еткей. Күллі мұсылман үмметін жарылқап, асыл дініміз исламға күш-қуат бергей!

    Сұхбаттасқан Индира ІЗБАСҚАН,

облыстық орталық «Нұр Ғасыр»

мешітінің баспасөз хатшысы.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button