Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

«Хан моласы» мемориалдық кешені

Атажұрт

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Қазақстанның киелі орындарының географиясын» жасауды тапсырған еді. ҚР Ұлттық музейі жанынан құрылған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығы жақын күндері «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» жобасының 100 нысанының тізімін ұсынды. Нысандар «Археологиялық және архитектуралық ескерткіштер», «Ірі орта ғасырлық қалалық орталықтар және Қазақ хандығының астаналары»,  «Діни және ғибадат орындары», «Тарихи тұлғаларға қатысты киелі орындар», т.б. санаттарға бөлінген.

Тізімге тарихи тұлғаларға қатысты 20 киелі орын енген.  Солардың бірі —Әбілқайыр ханға арналған «Хан моласы» мемориалдық кешені.

Бұрынғы деректерге сай, халқымыздың алмағайып заманда ел басқарған дана хандарының бірі, даңқты қолбасшы Әбілқайыр бейітін қазақтар екі ғасырға жуық уақыт зиярат еткен. Тек ХХ ғасырдағы дүрбелеңдерден кейін ғана зиярат ету тоқтаған.

«Хан моласы» қорымын 1979 жылы «Үркер» романын жазуға әзірлік барысында жазушы Әбіш Кекілбаев іздеп келген. Онда хан бейітін көрсете алатын ақсақалдардың көзі тірі еді. Алайда, сол уақыттағы кеңес билігінің қазақтың даңқты перзенттеріне деген көзқарасы салдарынан, хан қабірі басына белгі қою мүмкін болмады.

Ал Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты этнология бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Серік Әжіғали бастаған зерттеушілер бұл жерде зерттеу жұмыстарын 1998 жылы бастады.

 «Хан моласы» — көне қорым. Ол облысымыздың Әйтеке би ауданындағы Толыбай елді мекенінен 90 шақырым қашықтықта орналасқан. Зерттеу жұмыстары басталғанда, мұнда тек төмпешіктер мен кей тұстардағы құлап жатқан құлпытастардан басқа ештеңе көзге ілікпейтін. Бір кездегі күмбезді тамдар жермен-жексен болған… Ал Әбілқайыр хан сүйегінің осы қорымда жатқанын ел аузындағы деректер ғана емес, орыс зерттеушілерінен қалған жазба деректер де растайды. И. Крафт 1898 жылы «Хан моласының» Торғайдан 80 шақырым жерде екенін, хан қабірінің басында өсіп тұрған ағаш барын жазып қалдырған, сондай-ақ қазақтардың ол жерді қасиетті орын санайтынын да атап көрсеткен.

«Хан моласы» қорымында зерттеу жұмыстары, әсіресе, 2007 жылдан бастап кешенді түрде жүргізілді. Бұл жұмыстарға тарихшылар,  этноархеологтар, этнографтар, сәулетшілер, топырақтанушылар, геофизиктер, антропологтар, генетиктер, тағы да басқа мамандар тартылды.

Қорым 16 гектар жерді алып жатыр. Егер 1998 жылы 700 бейіт анықталса, кейінгі зерттеулерде қабірлер саны мыңға жуықтады. Деректерде Әбілқайыр ханның қыпшақ дәстүрімен жерленгені айтылған. Яғни қару-жарағы өзімен қоса көмілген. Қабір басына ханның ұлы Нұралы 12 ағаш еккен деседі. Зерттеушілер хан қабірін осы деректерге сүйеніп іздеген еді.

Ұзақ жылдар бойғы зерттеулер нәтижесінде хан қабірі нақты анықталғаннан кейін, бұл жерде Әбілқайыр ханға арналған мемориалдық кешен ашу жөнінде шешім қабылданды. Бұл шешім Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс, 2015 жылы жүзеге асты. Осы жылдың 2 қазанында мемориалдық кешеннің ашылу салтанаты өтті.
Әбілқайыр ханға арналған мемориалдық кешен тұрғызу мақсатында республикалық деңгейде конкурс жарияланып, белгілі сәулетші Бек Ыбыраев ұсынған нұсқа мақұлданған болатын. Кешен Әбілқайыр хан кесенесі мен үш бөлікті алып ескерткіштен тұрады. Ескерткіштің биіктігі — 23 метр. Әр бөліктің астыңғы жағында «Әбілқайыр хан» деген жазу бар және Ұлы Даланы жайлаған барлық қазақ руларының таңбалары салынған.

Кесененің биіктігі 15 метрге жуық. Диаметрі — 8,5 метр. Құрылысты жүргізген мамандардың айтуынша, бастапқы сараптамалық жұмыстар кезінде тереңдіктен көне кесененің қалдығы табылған. Оны сақтап қалу үшін кесене диаметрі ұлғайтылып, сегіз қырлы етіп салыныпты. Құрылыс жұмыстарына Маңғыстаудан әкелінген ағылай тасы пайдаланылды. Бұл тастың қасиеті — Күн мен желге мүжілмей, керісінше, беки түседі…

 И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button