ЖаңалықтарЭкономика

Несие беруде банктердің белсенділігі артты

Биыл қаңтар-маусым аралығында облыс банктері жалпы сомасы 139,9 миллиард теңге несие берген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда — 90,9 пайыз. Бұл туралы кеше Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі облыстық филиалының директоры Перизат Әсімбетова бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне «Облыстың қаржы нарығындағы жағдай» тақырыбында өткізген брифингте мәлім болды.

Қазір облыста 20 екінші деңгейлі банк қызмет көрсетуде. Олардың 96 құрылымдық бөлімшесі бар. Соның 23-і аудандық жерлерде қызмет көрсетеді.

Облыстағы банктермен берілген несиелер жайында айтар болсақ, бірінші жартыжылдықта банктердің белсенділігі байқалады. Яғни, биыл қаңтар-маусым айларында облыс банктері жалпы сомасы 139,9 миллиард теңге несие берді. Бұл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 90,9 пайызға өскен. Берілген несиелердің 11,6 пайызы немесе 16,2 миллиард теңге шағын кәсіпкерлік субъектілеріне берілген. Бұл көрсеткіште де өсім байқалады, — деді П.Әсімбетова.

Банк басшысының айтуынша, бірінші жартыжылдықта Ұлттық валютада несиелер 128,1 млрд теңге сомасында берілген. Ал шетел валютасында қарыз 11,8 млрд теңге сомасында берілген. Несие алушылардың көбісі — заңды тұлғалар.

Банктер арқылы берілген несиелердің салалық бөлігінде ең үлкен сома сауда, өнеркәсіп, құрылыс салаларына тиесілі. Бұл орайда өсу үрдісі сауда саласы бойынша — 2,2 есеге, көлік саласы бойынша — 86,7 пайызға, құрылыс саласы бойынша — 5,2 есеге, ауыл шаруашылығы бойынша — 3,0 есеге байқалады. Ақтөбе облысы бойынша берілген несиелер үлесі республика бойынша  берілген несиелердің жалпы сомасынан 2,9 пайызды құрайды. Өткен жылдың қаңтар-маусым айларымен салыстырғанда көрсеткіш 81,2 пайызға өсті, — деді Перизат Әсімбетова.

Брифинг кезінде несиелік берешектер, депозит нарығына қатысты да сөз болды. Биыл өткен 6 айдың қорытындысы бойынша тартылған депозиттердің жалпы көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8076,9 млрд теңгені құрап, өсім 74,8 пайызға жетті. Бұл орайда республика бойынша тартылған депозиттердің жалпы көлемінде облыста тартылған депозиттердің үлесі — 5,1 пайыз.

2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биыл 6 айда банктердің, «Қазпошта» акционерлік қоғамы және уәкілетті ұйымдардың айырбастау пункттері арқылы қолма-қол шетел валютасы нарығында тұрғындар тарапынан  валютаның негізгі түріне, яғни АҚШ доллары, евро және Ресей рубліне сұраныстың артқаны байқалды. Сонымен қатар, ұсыныс та төмендеді. Тұрғындардың АҚШ долларын сатып алу көлемі 19,8 пайызға өсті. Бұл — барлық валюта түрін сатып алудың жалпы көлемінен — 54,1 пайыз. Ал сату көлемі 68,8 пайызға төмендеді, — деді банк басшысы.

Перизат Әсімбетова өз сөзінде есепті кезең ішінде тұрғындардың еуро валютасын сатып алу көлемі де салыстырмалы түрде өскенін, ал сату көлемі төмендегенін айтты. Осыған ұқсас жағдай Ресей рублі бойынша да қалыптасты.

Брифингте микроқаржы ұйымдарына қатысты да сөз болды. Қазіргі таңда Ақтөбе филиалында 2 микроқаржылық ұйым есептік тіркеуден өткен. Олар — «Ақтөбе ауыл микрокредит» микроқаржы ұйымы» қосымша жауапкершілігі бар серіктестік пен «Болашақ» микроқаржы ұйымы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Есепті кезең ішінде аталған ұйымдармен заңды тұлғаларға 57100 мың теңге, ал жеке тұлғаларға 723240 мың теңге берілген.

Елімізде қаржылық қызметтерде тұтынушылардың құқықтарын қорғау және қаржы ұйымдарымен қаржылық қызметтерді көрсету мәселелері бойынша халық үшін Ұлттық банкпен өзара қатысуда «ҚҰБ Online» мобильді қосымшасы былтырдан бері жұмыс жасайды. Бүгінде сол мобильді қосымшада «Қаржылық қызметтерде тұтынушылардың құқықтарын қорғау» деген жаңа бөлім жұмыс жасайды. Перизат Әсімбетованың айтуынша, осы бөлімде пайдаланушыларға микроқаржылық ұйымдармен, бағалы қағаздар нарығының субъектілерімен, зейнетақы қорымен, сақтандыру ұйымдары, екінші деңгейлі банктермен көрсетілетін қызметтерді тұтынуға қатысты құқықтары туралы түсініктеме ала алады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button