Экономика

Жаңажол: экологтар сапары Қоршаған орта қалай қорғалуда?

Табиғат қорғау шараларын жүзеге асыру, экологиялық тазалықты сақтау — бүгінгі күннің маңызды мәселелерінің бірі болып келеді. Осы тұрғыдан келгенде экологтардың, әсіресе, жер байлығын өндірушілер жұмысына ерекше назар аударуы түсінікті де.

Өткен аптада облысымызда жұмыс бабындағы сапармен Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Сағынбек Мұташев болып, «ҚазақОйл Ақтөбе» және «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ секілді ірі компаниялардың жұмыстарымен танысты. Жаңажол мұнай-газ өндіру кешенінде болған кезінде ол мұндағы атқарылып жатқан экологиялық ауқымдағы шаралар жүйелерін бағдарлап, мамандармен өзара пікірлесті.

Қазіргі уақытта «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік компаниясында табиғат қорғау жұмыстары басымдық бағытқа ие болып отыр. Компанияда газды пайдаға жарату негізінен үш бағытта өрістетілуде, олар — ілеспе газды фракциялық қайта өңдеу, қышқылды газды күкірт өндірісінде пайдалану және Жаңажол газтурбина электр станциясында электр энергиясын өндіру. Бұдан басқа, тазартылмаған және тазартылған газ газ-мұнай шығару ұңғыларына айдалады, сондай-ақ газ отын түрінде өз қажеттіліктеріне пайдаланылады.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясы республикада алғашқылардың қатарында газды жүз пайыздық пайдалануды жүзеге асыру ісін қолға алды. Бұл мақсатта қысқа мерзім ішінде бірінші газ-мұнай өңдеу зауыты қайта жарақтандырылды, екінші зауыт салынды және газ өңдеу зауытының бірінші кезегі пайдалануға берілді. Зауыттың екінші және үшінші кезегінің құрылыстарын жүргізу жоспарлануда, бұл қоршаған ортаға ілеспе газдың әсерін азайта отырып, мұнайдың сапалы дайындалуын жақсарту мүмкіндігін тудырады. Сонымен бірге, тазартылмаған газды жер қабатына жылына бір миллион текше метр қуаттылықпен айдау үшін жаңа газ өңдеу зауытының құрылысын жүргізу жоспарлануда.

Астанадан келген эколог Сағынбек Хайдарұлына «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның бас директоры Сюй Кэцян, сондай-ақ оның орынбасары Тақталифум Есенғұлов Жаңажолдағы ахуал, атқарылып жатқан шаралар жөнінде баяндап берді.

Өзара пікірлесу барысында қоршаған ортаны қорғау жағдайына мониторинг жүргізу, табиғат қорғау шараларына бөлінетін қаржының өткен жылы азайып кету деректері туралы сөз қозғалды. Мамандардың айтуынша, қаржыландыру мөлшері кемуінің дәлелді себептері бар болып шықты. Біріншіден, 2009 жылы табиғат қорғау сипатына жататын шаралардың бірі — жер қабатына мұнай айдау үшін бірнеше шығынды объектілер іске қосылған, екіншіден, тендер жүруі барысында бәсекелестердің қызмет көрсету бағасын азайтуы да бұған септігін тигізіп отыр, алайда қаржы көлемі азайғанымен белгіленген шаруалар сапалы деңгейде атқарылған.

Комитет төрағасы табиғат қорғау шараларына бөлінген қаржының толық көлемде игерілуі маңызды екендігіне тоқталды, егер бұл шарт орындалмайтын болса, мұнай және газ өндіруге берілген  рұқсатты кері қайтарып алуға дейін шара қолданылатындығын айтты.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз»  акционерлік қоғамы өткен жылы өндірілетін газдың жалпы көлемінің тоқсан пайызына дейін пайдаға жаратуға қол жеткізді.  Атмосфераға шығарылатын қалдықтар біршама азайтылды. Жаңажол мұнай-газ кешенінде күкіртті өңдеу және өткізу ұлғайтылды.

— Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының арнайы іссапармен келуінің өзі мұнайлы аймақтардағы экологиялық ахуалға алаңдаушылық барын байқатады, — дейді «Тобыл-Торғай» экология департаментінің бастығы Ақылбек Дәдин, — Ақтөбе өңірінде мұнай-газ кәсіпорындары біршама жеткілікті, сондықтан жалпы жер байлығын өндіруге қатысты туындайтын проблемалар мұнда да табылады. «ҚазақОйл Ақтөбе» мен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамында өндірілетін газды толығынан пайдалануға көшу шаралары көзделген межеден кейінге қалуда. Мәселен, Ақтөбе жылу-электр орталығының қажеттілігі жылына 400 миллион текше метр газ деп есептелсе, «ҚазақОйл Ақтөбе» компаниясы сегіз миллиард текше метр газды құр босқа жағып отыр, ал мұндай ахуалмен экологтар мүлдем келісе алмайды.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы еңбек және қоршаған ортаны қорғау, төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің директоры Махамбет Санжанов экологиялық ахуалды оңалтуға 5 млрд. 300 млн. теңге бөлініп отырғандығын айтады. «Бұл қаржыға біз компрессорлық қондырғы орнату жұмыстарын бастамақшымыз, — дейді ол, — сол арқылы алау болып жанып тұрған газды жердің астына жібереміз».

Махамбет Ізімбергенұлының айтуынша, өткен жылы компанияда кәсіптік сырқаттар тіркелмеген. Акционерлік қоғамда ерікті медициналық сақтандыру арқылы жұмысшылар көптеген жеңілдіктерге ие. Вахталық әдіспен залалды деп аталатын өндірісте жұмыс істеушілерге сүт өнімдері беріледі.

Мұнда ең қауіпті газ — күкіртті сутегі болып саналады. Зауытта газды кептіру, тазарту, сығымдау, басқа да әр түрлі реттегі операцияларды жүзеге асыратын қондырғылардың жұмыс істеуі қауіпсіздік шараларына қатысты жұмыстарды жүзеге асыруға мүмкіндік тудыруда.

Аманбай Дүйсенов, «Жаңажол мұнай-газ өңдеу» кешені бастығының өндіріс мәселелері жөніндегі орынбасары:

— Кешеннің үшінші зауыты 2007 жылдың желтоқсан айында іске қосылғанын жұртшылық жақсы біледі. Оның жобалық қуаты жылына 6 млрд. текше метр газ өндіру болып белгіленген еді. Қазіргі уақытта жобаның бірінші кезегі жұмыс істеп, жылдық өнім өндіру 2 млрд текше метрді құрап тұр. Өзімізде газтурбина электр станциясы жұмыс істеуі — біздің ілгерілеуіміздің  бір көрсеткіші. Оның өнім беру қуаттылығы 45 мгв.

Жұмыс бағытымыздағы көзделіп отырған бір маңызды шаруа — жанып жатқан алауды сөндіру.

Сағынбек Мұташев мұнайшы мамандармен кең ауқымда әңгімелесіп, істеліп жатқан шаруалармен шектеліп қалмай, қоршаған орта тазалығына қатысты қандай да бағыттарды қолдауға, сергектікпен қатысуға шақырды.

Әлеуметтік сала — басты назарда

Сағынбек Мұташев компаниядағы әлеуметтік мәселелердің шешілу жайымен де танысты. Жалпы алғанда «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы облыстың әлеуметтік мәселелер жөніндегі проблемаларын шешуге ұдайы атсалысып келеді. Облыс әкімшілігі мен компания арасында жасалған экономикалық ынтымақтастық туралы меморандум — осы бағыттағы істердің алғышарты іспеттес болып отыр. Осы құжат тармақтарына сәйкес акционерлік қоғам жыл сайын әлеуметтік бағыттағы әр түрлі жобаларды жүзеге асыру үшін бес миллион доллар қаржы бөледі.

Бұл арада ерекше атап өтерлік тағы бір мәселе бар. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы 2006 жылдан бастап Жаңажол — КС-13 газ құбыры трассасы бойында орналасқан селолық елді мекендерді газ желісіне қосудың кешенді жұмыстарын атқарып келеді. 2007 жылы Ембі қаласы үшін дербес газ бөлу станциясы іске қосылды. Ал былтырғы жылғы маусым айында Бірлік және Құмжарған селоларын газбен жабдықтау үшін белгіленген газ құбыры жүргізілді. Осы бағытта Алтынды селосын газға қосу жұмыстары жалғастырылуда. Соңғы төрт жыл ішінде аталған жобаны жүзеге асыруға акционерлік қоғамның жұмсаған жиынтық қаржысы 142 миллион теңге болып отыр.

Облыс бойынша, оның ішінде Ақтөбе қаласында көгілдір отынды пайдалануға деген сұраныс жыл сайын өсе түсуде. Егер осыдан үш жылдай уақыт бұрын осы мақсатта шамамен алғанда 800 миллион текше метр газ қажет етілсе, 2009 жылы тұтыну көлемі 1,5 миллиард текше метрге дейін ұлғайды. Компания Ақтөбе жұртшылығын арзан отынмен толық көлемде қамти отырып, бұл міндеттерді табысты түрде жүзеге асыруда. Бүгінгі күні әрбір мың текше метр өнім бағасы бұрынғы 1838 теңгеден 1182 теңгеге дейін түсті. Бұл  жалпы тұтынушылар үшін айрықша атап өтерлік жеңілдік деуге болады.

Компания бұл аталған жұмыстардан басқа, өз қаржысына Кеңқияқтан Жаңажолға дейінгі аралықтағы автокөлік жолын жаңартты. Кеңқияқ поселкесі маңындағы Темір өзені арқылы салынған көпірді күрделі жөндеуден өткізді.

Акционерлік қоғам басшылығы алдағы уақытта да аймақтың әр түрлі әлеуметтік бағдарламаларын жүзеге асыруға өз қаржысын бағыттап отырмақшы.

… Сонымен, бүгінгі күні «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы өнім өндірумен қатар, қоршаған ортаны қорғау, өңірдің әлеуметтік мәселелерін шешуге қатысу секілді бағыттарға баса назар аудара бастағаны байқалады. Бұл — уақыт талап етіп отырған, көпшілік қажеттілігіне сай шаралар болғандықтан да, жыл сайын жаңарта, өрістете түсуді қажет ететіндігі және бір ақиқат нәрсе. Экологтар мен мұнай өндірісі басшыларының бірлескен ой түйіні де осы нүктеде тоғысты.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button