Ауыл

Гүлдара қымыз әзірлейді

Ауданда мал шаруашылығы жыл санап өркендеп келеді. Шаруалар малдың санына емес, сапасына ден қоя бастады. Төрт түліктің етін айтпағанда, оның сүтінен жасалатын өнімдерге қазір сұраныс көбейді. Қалауын тапқан шаруалар осы сұранысты өтеудің жолында уақытпен санаспай еңбек етуде.

Жылтыр ауылындағы жас отбасы Жолмұрат пен Гүлдара соңғы жылдары қолға биелерін үйретіп, ата-анасының кеңесімен қымыз әзірлеп отыр. Бабалардан мирас болған осындай кәсіптерге жастардың бет бұруы қуантады, әрине. Әсіресе, өнімі брендке айналған жылқы жанынан жастарды көру жарасымды.

— Келіншегім Гүлдара Әйтеке би ауданында дүниеге келген. Ауылдағы күнделікті тірлік бізге таңсық емес. Алайда кермеге құлын байлап, бие сауып, қымыз әзірлейтіндер бүгінде әлі аз. Ата-анамның  көмегімен осы істі тәуекел етіп қолға алдық. Қазір алты бие бар. Күніне оларды екі сағат сайын саууға өрістен әкелемін. Сауатын да, қымызды әзірлейтін де келіншегім. Дайын қымызымыз негізінен өзімізге ішуге арналған. Артылғанын аудан орталығына апарып сатамыз, — дейді Жолмұрат.

Жолмұрат Құлекенұлы ауылдағы мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Бұл тірлікті өзінің бос уақыты, яғни  осы үш ай жазда қолға алатынын айтады.

Қазір  аудан орталығы Шалқарға қатынас жолы қолайлы ауылдардың көбінде қолындағы малының сүт өнімдерін ұқсатып, күнделікті нәпақасына айналдыратын ағайындар баршылық. Таза өнімге қала халқының сұранысы да өте жоғары. Бұны Шалқарда әр сенбі сайын өтетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде көреміз.

Аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Айбек Сембайдың айтуынша, шұбат, қымыз, құрт-ірімшік әзірлеп, қосымша табыс табатындар қатары артуда. Олардың алғашқы сапында шұбатымен танылған қала іргесіндегі «Азамат» шаруа қожалығы тұр. Қала демекші, аудан орталығында тұрып-ақ бие сауып, қымыз сатуға талпынып жатқан азаматтар да бар екен. Олармен әңгіме алдағы уақыттың еншісінде.

Біз айтқан жастардың тірлігі қалай дегенде де көпке үлгі.

 Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар ауданы.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button