МерекеӘлеумет

Қос мереке қуанышы

23 тамыз — Құрылысшылар күні!

Жыл сайын Қазақстанның 700 мыңнан астам құрылысшысы өздерінің кәсіби мерекесін ерен еңбекпен, ел игілігі үшін салынып жатқан алып құрылыстармен атап өтеді.

Тамыз айының екінші жексенбісіндегі бұл мереке жаздың ыстық аптабында, қыстың қаһарлы суығында құрылыс алаңынан табылатын қиын мамандық иелерінің мәртебесін көтеруге арналған.

Осындай құрметке лайық адамдардың бірі Балғожа Әйтпенбетов үшін биылғы құрылысшылар күні екі есе қуанышты. Ол осы қарсаңда өзінің жетпіс жасқа толу тойын атап өтті. Басқа еңбектерін былай қойғанда, кешегі кеңестік дәуірде Автомобиль жолдары министрлігінің Ақтөбедегі жол құрылысы материалдары комбинатына бас инженер,  Ақтөбе жүк тасымалы автобасқармасы бастығының құрылыс жөніндегі орынбасары, Ақтөбетрансстрой» зауытында, жол құрылысы тресінде, жол құрылысы материалдары бірлестігінде бас инженер ретінде жемісті еңбек етіп, содан кейін Ақтөбедегі іргелі кәсіпорындардың бірі — силикат-қабырғалық құрылыс материалдары зауытының бас директоры болып, облыс орталығындағы алып құрылыстардың сапалы болып бой көтеруіне тікелей үлес қосқан оның үлесін қазірге дейін бұрынғы әріптестері ерекше бөліп айтады.

Одан кейінгі тұстарда «Калибар-Ойл инженеринг» бірлескен кәсіпорнында директор, «Желдорстрой» акционерлік қоғамының құрылыс-монтаж бөлімшесінде директордың өндіріс жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. «Компания ГИС» акционерлік қоғамында бас директордың күрделі құрылыс және жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары болды. Соның барлығында да ол білікті басшы, іскер ұйымдастырушы, кәсіби маман ретінде көрінді.

Балғожа аға зейнет демалысында болғанымен, бүгінгі күні де құрылыс жұмыстарын айналып кете алмайды.

— Біздің жұмыс істеген кезімізде де көптеген әлеуметтік-тұрмыстық ғимараттар құрылыстары салынған. Ал қазіргі қарқын тіпті таңғаларлық десе болады. Өзіміздің сүйікті қаламыз — Ақтөбе күн сайын көркейіп, құлашын кең жайып келеді. Құрылыстардың сапасы да жоғары. Бұған мен қуаныштымын,— дейді ол.

Біз де Балғожа Әйтпенбетұлын қос мерекесімен құттықтап, бүгінгі көптеген жетістіктердің негізі аға буынның қолымен қаланғанын, сол қатарда өзі де алдыңғы лекте тұрғанын айтқымыз келеді.

  Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button