Құқық

Киік атқандар ұсталды

Жуырда облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясы мен «Охотзоопром» өндірістік бірлестігі рейд жүргізді. Аталған шара аясында инспекторлар Ойыл ауданы Ақшатау ауылының маңынан киік атқан азаматтарды ұстады.

Рейд кезінде Ақшатау ауылынан 20 шақырым қашықтықта мемлекеттік нөмірі Д 659 МТМ «Тойота Сюрф» автокөлігімен 4 бас киіктің аналығын атқан Шұбарқұдық ауылының  тұрғындары ұсталды. Олар — Төлепбергенов, Бекетаев және Ойыл ауданының тұрғындары Қадырбаев пен Қаржаулов. Тексеру кезінде көлік ішінен 4 мылтық, 1 дана «Белка» ойық ұңғылы атыс қаруы, 12 калибрлі аңшы мылтығы, 80 дана 12 калибрлі патрон тәркіленді. Айғақ заттар Ойыл аудандық ішкі істер бөліміне жеткізіліп, заң бұзған азаматтардың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Жалпы, жануарлар дүниесіне келтірген залал —1 589625 теңге, — деді облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының бас маманы, мемлекеттік инспектор Бекболат Жапаров.

Киік сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жануарлар қатарына жатады. Сондықтан оны атуға мүлдем тыйым салынған. Бекболат Байғалиұлының айтуынша, Ойыл аудандық ветеринарлық қызметінің мамандары киіктерді сою кезінде 7 эмбрион алған. Яғни, азаматтар табиғатқа үлкен шығын келтірген.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button