Дербісәлі Беркімбаевтың туғанына 180 жылдығы аталып өтеді
Өз заманының тегеурінді тұлғасы бола білген Дербісәлі Беркімбаевтың даталы мерекесін атап өтуге орай Хромтау ауданында кең көлемді шаралар ұйымдастырылуда. Аудан әкімі Аманғали Бердалиннің төрағалығымен алдағы ұйымдастыру шаралары пысықталды. Оған мекеме басшылары мен ауылдық округ әкімдері қатысты. Тамыз айының аяғында өтетін мерейлі шарада 16 ақ боз үй тігілмек. Ғылыми конференцияда Санкт-Петербургтен, Алматыдан, Астанадан келетін белгілі ғалымдар Дербісәлі Беркімбаевтың өз заманында атқарған істерін саралап, ұрпаққа тағылым етпек. 180 жылдыққа орай аламан, тоқ бәйге өткізілмек. Оған Ақтөбе, Қызылорда, Қостанайдан сәйгүліктер қатыспақ. Сол секілді қазақша күрестен жарыс өтеді, оған әр ауданнан екі палуан қатыстыру ойластырылуда. Сонымен қатар 14 ақын айтыста сөз сайыстырмақшы. Осы істің басы-қасында жүрген Арынғазы Беркімбаев «Ата ортақ, абырой ортақ» деп Дербісәлі атаның 180 жылдығына орай оның есімі берілген көшені аббаттандыру және әр ауыл үйлері жанынан баннерлер ілу туралы өз ұсынысын білдірді. Мерекеге дейін Дербісәлі Беркімбаев тұрып, қызмет жасаған Жаманқалаға барып, мешітте Құран оқытып, тағзым ету және киелі Ойсылқараға бару жоспарланған.
Жақсылық АЙЖАНОВ.



