Ауыл

Шаруалар шабындықта жүр

«Қыстың қамын жаз ойла» демекші, алдағы қысқа дайындықтың ең маңыздысы — мал азығын әзірлеу. Қазір ауданымыздың барлық ауылдық округтерінде шөп ору науқаны қызу жүріп жатыр.

Бүгінгі күні ауданда шаруалар мал азығын дайындауға белсенді кірісті. Олардың дәл қазіргі міндеті — алқаптағы бітік шыққан шөпті шашау шығармай жинап алу.  Себебі, көктемгі жауын-шашын мен қар суы шабындық жерлерде шөптің мол шығуына септігін тигізді. Бұл — бірінші кезекте күнкөріс үшін көктемнен бастап техникасын жөндеп, жаздай шөп шабуға дайындаған шаруалар үшін нақ осы кезде аянбай қимылдап қалудың сәті.

Шаруалардың бұл бағытта дамыл таппай жұмыс істеп, қысқы мал азығын дайындау жұмыстарына күн сайын мониторинг жасап отырған құзырлы органдар бізге мәлімет ұсынды. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы С.Сағымбаевтың айтуынша, бір жарым жылдық мал азығы қорын дайындау тапсырмасына сәйкес ауданда 172500  тонна шөп орылып, тасылуға тиіс.  Бүгінгі күні соның нақты дайындалғаны — 129396 тонна. Ол бұл істе белсенді ауылдық округтерді тілге тиек етті. Олардың қатарында Абай, Қызылсу, Ақжар, Қопа, Табантал, Тасөткел секілді ауылдық округтер шөп шабу және оны тасымалдау ісінде көш бастап тұр. Мәселен, бүгінгі күнге дейін Қопа ауылдық округінде 12 мың тоннадан аса шөп орылған. Мұндай көлемдегі істі Бөгетсай, Табантал ауылдарының тұрғындары да атқарған. Бөлім басшысының мәліметінше, Хромтау қаласындағы жеке үйлердің тұрғындары шаруашылықтардан шөпті сатып алады.

С.Сағымбаев бүгінде 71168 тонна шөптің тасылғанын мәлімдеді. Яғни, бұл көрсеткіш ауданда қазір — 55,4 пайыз. Атап айтсақ, оның ішінде қыстаққа тасылғаны — 46970 тонна, ал жұртшылыққа бүгінгі күнге дейін 24198 тонна шөп жеткізілген.

Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары ауданда мал басының көбейгені байқалады. Ауыл шаруашылығы құрылымдары бұл бағытта жүйелі жұмыстар тындырып жатыр. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша «Несие серіктесі» акционерлік қоғамы арқылы 59 миллион теңгеге шаруашылықтармен шарт жасалды. Өңірде «Алтын асық», «Құлан», «Ырыс» бағдарламалары бойынша да нақты жұмыстар атқарылып жатыр.

Бүгінгі күні аудандағы жетекші ауыл шаруашылығы құрылымдарының жұмысы көңіл көншітеді. Мәселен, «Агрофирма Тау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі иелігіндегі  қондырғының  қуаттылығы жылына 6000 тонна, тәулігіне 20 тоннаға жабдықталған. Қазіргі  кезеңге тәулігіне 10 тонна ғана сүт өңделгендіктен, 50 пайызға жетпейтін көлемді селолық округтерде ұйымдастырылған ауылшаруашылық кооперативтері мен жеке тұрғындар есебінен толықтыру ұйымдастырылуда.

Ауыл шаруашылығы бөлімінің берген мәліметінше, бүгінгі күні ауданда 18 кооператив құрылды. Барлық кооперативтердің иелігінде 2283 ірі қара, 16 мың гектардан астам жер телімі бар. Кооперативтер де қысқы мал азығын дайындау ісіне қызу кіріскен.

«Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білетін» шаруалар, бұл істе ауызбіршілік танытып, қарқынды түрде іске кіріскен. Себебі, олар қыр астында қылтиып қаһарлы қыстың тұрғанын біледі. Ал алты ай қысқа тыңғылықты дайындалған шаруалардың ісінде ғана береке болатыны рас.

Ләззат ӘБДІРОВА,

Хромтау ауданы.  

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button