АуылӘлеумет

Байнассайда калифорниялық қоян өсіріледі

Байнассай ауылдық округінде жергілікті тұрғындар «Алконд» шаруа қожалығының басшысы Денис Кривцановты жақсы таниды. Шаруашылықта қоян өсіріледі.

Ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес түрімен айналысатын Денисті жергілікті тұрғындар қоян өсіруші ретінде жақсы біледі. Оның бұл кәсіппен шұғылданғанына көп уақыт болған жоқ. Десе де Денис шаруаның ретін біледі, өз ісін шебер меңгеріп алыпты.

Кәсіпкердің ата-анасы да кезінде қоян асырап, сатқан. Сондықтан бұл кәсіп Дениске жастайынан таныс. Өсе келе ол ойланбастан осы кәсіптің тізгінін ұстайды.

Былайынша айтқанда, әке-шешесінің бұл ісін бірден жалғап әкетіпті.

Қазір Дения жалпы саны 300-ге жуық қоянды күтіп-баптайды. Оның 200-ге жуығы — ересек қоян, ал қалғандары — көжектер. Үй қояндарының арасында калифорниялық түрін де кездестіруге болады.

Денис қояндарды жасына қарай бөліп бағады.  Көжектерін де анасынан ерте айырады.

Қоян өсіруге ерекше күтімнің қажеті жоқ. Қоян — тез көбейетін жануар. 12 көжекке дейін туатын қояндар бар, — дейді Денис.

Денистің қояндары үшін күніне 2 қап жем қажет. Қорасындағы ірілі-ұсақты малы мен қояндары үшін ол шөпті өзі орады.

Денис қоян етін аудан орталығындағы «Чапаев» жеке кәсіпкерлігі мен байнассайлықтарға тұрақты өткізіп тұрады. Табысына өзінің көңілі толады.

Ол алдағы уақытта қояндарының санын мыңға жеткізуді жоспарлап отыр.

 

  Шолпан ҚУАНЫШЕВА,

Мәртөк ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button