Басты жаңалықтарМәдениетРухани жаңғыру

Қазақстанның киелі жерлері — ұлттық мақтанышымыз

Ұлы Дала киелі жерлерге толы. Ол жерлерді қадірлеп-қастерлеу — ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүріміз. Киелі атаулының тамырына балта шабуға барын салған кеңес өкіметі кезінде де қазақтың ақыны:

«Ал менің әлі сапарым қанша алдымда,
Күш құяр жанға жолымда сәуле — бар ма, шам?
Әлі де біраз жолым болмайтын секілді-ау,
Оғыланды тауда бір түнеп қуат алмасам», — деп жырлады (Ф. Оңғарсынова, «Оғыланды».)

Ал Тәуелсіздік жылдарында бұл бағыттағы жұмыстар күрт жанданды. Соның ішінде, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында сандаған тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандар жаңғыртылғанын көпшілік біледі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымының ерекше маңыздылығын атап өтті. «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі — неше ғасыр өтсе де, бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол — ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі» — деді Елбасы.

Мақалада халық санасына жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіру мақсатында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы қолға алынатыны және оның ауқымды жоба болатыны айтылды.

Осыған орай «Ақтөбе» газетініңредакциясында «Қазақстанның киелі жерлерінің белдеуі — рухани жұтаңдықтан сақтайтын қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыз» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оған облыстық сыртқы байланыстар және туризм басқармасының басшысы Ермек Кенжеханұлы, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің экономика және туризм кафедрасының аға оқытушысы, өлкетанушы Райгүл Серғалиева және облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекцияның бас инспекторы Фархад Досмұратов қатысты. Дөңгелек үстелді «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы жүргізді.

 Қазақстанның сакралды картасы екі кітапқа бөлінеді

Бауыржан Бабажанұлы: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Елбасы Үкіметке «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын әзірлеуді тапсырды. Жобаны әзірлеу барысында үш мәселе қамтылуы керектігі атап көрсетілді. Солардың бірі — ішкі және сыртқы мәдени туризмнің осы қастерлі мұраларға сүйенуі тиістігі. Осы бағытта біздің аймақта қандай жұмыстар жасалып жатыр? Әңгімені осыдан бастасақ?

Ермек Кенжеханұлы: Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын әзірлеуді тапсыра отырып, өз мақаласында идеяның түпкі мақсатын: «Мәселе еліміздегі ескерткіштерді, ғимараттар мен көне қалаларды қалпына келтіруде тұрған жоқ. Идеяның түпкі төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Яссауи мавзолейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді. Мұның бәрі тұтаса келгенде халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайды», — деп атап көрсетті. Бұл аталған жобаның ауқымы өте кең және маңызы өте зор екендігін айғақтайды.

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын әзірлеу барысында қолға алынған істерге келсек, ең алдымен, облыс әкімінің өкімімен жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына белгілі географ, тарихшы ғалымдар, өлкетанушылар енді. Киелі жерлер картасы туристік маршруттарды дамытуға басымдық беріле отырып әзірленетіні белгілі. Осыған байланысты іріктеліп алынатын нысандар макросакралды және микросакралды болып екіге бөлінеді. Макросакралды нысандар тізіміне біздің облыстан Абат-Байтақ қорымы, Қобыланды батыр кесенесі, Есет батыр кесенесі, Әйтеке би ауданындағы Әбілқайыр хан атындағы мемориалдық кешен, басқа да тарихи-мәдени ескерткіштер мен табиғат ескерткіштері ұсынылды. Бұл нысандар арасында XIV-XV ғасырлар ескерткіші болып табылатын Абат-Байтақ кесенесі, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында, қайта қалпына келтірілгені белгілі. Бүгінгі күні деАбат-Байтақ қорымы айналасында — абаттандыру жұмыстары, ал «Қобыланды батыр» мемориалдық кешенінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар, микросакралды нысандар тізімін құру мақсатындағы жұмыстар да басталды.

Макросакралды және микросакралды кітаптарға нысандаріріктеп-ұсынуда: табиғи-ландшафты нысандар; археологиялық және сәулет ескерткіштері; ғибадат орындары саналатын діни нысандар және тарихи тұлғалармен, саяси оқиғалармен байланысты орындар болуы керектігі секілді нақты критерийлер назарға алынады.

Райгүл Серғалиева:Мен сөзімді мынадан бастағым келеді: КСРО кезінде біздің өңірдің географиясы да, тарихы да терең зерттелмеген. Мысалы, КСРО тұсында жасалған карталарда Елек өзені көрсетілген де, оның сағалары көрсетілмейді, яғни, мүлде зерттелмей, тіпті аталмай қалған. Тәуелсіздік алғаннан кейін, осындай олқылықтардың орнын толтыру мақсатында, іздену жұмыстарына кірістім. Ауыл-ауылды аралап, жергілікті мамандар мен көнекөз қариялардан деректер жинастырып, көп іздене жүріп, «Ақтөбе облысының географиясы» оқулығын жазып шықтым. 90-жылдардың ортасында еліміз бойынша үш облыста ғана осындай оқулық жазылған екен: Ақтөбе, бұрынғы Семей, Батыс Қазақстан облыстары… Сәл кейінірек қолыма Қазақстанның туристерге арналған картасы түсті. Картаға біздің облыстан ешқандай нысан енгізілмеген. Мұны көргеннен кейін: «Жер көлемі жөнінен республика бойынша екінші орындағы облыс бола тұра, бұл қалай?» — деген сұрақ туындады. Географ ретінде мен, әрине, бізде тіпті әлемдік деңгейде танытуға лайық орындар бар екенін жақсы білемін. Ол жерлерде зерттеу жұмыстары да жүргізілген. Айталық, Шалқар ауданы аумағындағы Шуылдақтан акуланың тістері табылған. Бірақ, осы ғажап орындар, оларда жүргізілген зерттеулердің қорытындылары лайықты деңгейде насихатталмайды. Бұлар жөнінде алыстағы турист түгіл, ақтөбеліктердің өздері аз біледі не мүлде естімеген… Осы іске де өз үлесімді қосуға тырыстым. Айдарлыаша қимасының деректерін толыққанды жеткізе алатын бірден-бір адам — белгілі геолог Ефим Книжникпен кездесіп, айтқандарын мұқият қағазға түсірдім… Яғни, осы жұмыстармен 90-жылдардың басынан бері айналысып келемін. Бүгінде табиғат ескерткіштері мен тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеу, тізімге алу, қорғау мақсатындағы істер, бұрынғы КСРО кезеңімен салыстырғанда, едәуір алға жылжыды. Енді «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы ішкі туризмді дамытуға үлкен серпін береді деп үміттенемін.

Фархат Досмұратов:Елбасы мақаласында: «Біз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз» — деп атап көрсетілгендей, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы»—алғаш рет қолға алынып отырған ауқымды жоба. Бұған дейінгі «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында да ел рухын көтерген көптеген іргелі істер жүзеге асқан болатын. Бастапқыда үш бағыттан тұрған бағдарлама кейіннен алты бағытта іске асырылған еді. Осы бағдарлама аясында республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға Қобда ауданындағы Абат-Байтақ, Мұғалжар ауданындағы Қарағұл тамы, Ырғыз ауданындағы Жаныс тамы, Байғанин ауданындағы Індібай тамы сынды ескерткіштер кешенді түрде зерттеліп, қалпына келтірілді,

Бүгінгі күні «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» Тұжырымдамасының жобасы жасалды. Макросакралды нысандар бойынша алдын ала тізімге еліміздің түкпір-түкпірінен жүзден аса орын енгізілген.

«Қазақстанның киелі жерлерінің картасына» енгізілетін орындарды іріктеу барысында барлық аймақтарға арнайы экспедициялар шығатыны хабарланған еді. Сакралды нысандар мен киелі жерлерге зиярат ете барудың нақты тәжірибесі де назарға алынбақ. Әрине, біз сол экспедициялар жұмыстарының қорытындысын асыға күтеміз.

 18 туристік бағыт бар…

Бауыржан Бабажанұлы: Ішкі туризмді дамыту мақсатында қандай нақты істер мен жоспарлар бар? Осы орайда облыс аумағында тіркелген тарихи-мәдени және табиғат ескерткіштеріне тоқталсақ?..

Фархат Досмұратов: Бүгінде облысымыз бойынша 659 тарихи-мәдени ескерткіш тіркеуге алынған. Оның 9-ы — республикалық маңызы бар, ал қалғандары жергілікті маңызы бар ескерткіш саналады. Облыс аумағындағы тарихи ескерткіштер, әрине, бұл тізіммен шектелмейді. Айталық, Қарғалы ауданы бойынша ресми тізімге 134 ескерткіш енген, ал біз кейінгі зерттеулер арқылы ескерткіштер санын 300-ге дейін жеткізіп отырмыз. Бұл — бір ғана ауданның мысалы.

Облыс аумағындағы Абат-Байтақ қорымы, Дәуімшар, Қарасақал, Асан-Қожа, Балғасын, Қарағұл тамы секілді кешендер — қайталанбас ескерткіштер. Абат-Байтақ кесенесіне кезінде Кастанье, Рычков секілді алыстан келген зерттеушілер де таңдана қараған.

Сонымен қатар, Доңызтау-Үстірт аймағынан Қызылүйік аталатын көне сақ-сармат дәуірінен қалған діни орын табылды. Бұл — биіктігі 12 метрге, қабырғасының қалыңдығы 7 метрге жеткен, дөңгеленте салынған алып ғимараттың орны. Қызылүйікте де «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында зерттеулер жүргізілді.

Ойыл ауданы орталығында орналасқан Көкжар жәрмеңкесін де ерекше айтуға болады. Жәрмеңке тұсындағы сауда орындары, көне ғимараттар, көне мешіт те әлі күнге дейін бар. Әрине, әр ескерткіш жөнінде айтар болсақ, ұзақ әңгімеге айналар еді… Негізінен, солтүстік аудандардан гөрі, оңтүстік аудандар көбірек зерттелген.

Сондай-ақ, ескерткіштерді қорғау мәселесіне азырақ тоқтала кеткім келеді. Осы әңгімеде айтылғандай, Абат-Байтақ қорымында қазір абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өкінішке қарай, қорымды қоршау барысында тиісті талаптар ескерілмей отыр. Әр ескерткіштің қорғау аймағы, қоршау нүктелері нақты белгіленеді. Қоршау жұмыстары кезінде осыған мән берілуі керек.

1992 жылы елімізде «Тарихи-мәдени объектілерді қорғау және пайдалану туралы» Заң қабылданды. Осы заңның 39-бабы бойынша аумақтарды игеру кезінде тарихи-мәдени нысандарды бұзып алмау үшін, барлау-зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл талап Жер Кодексінің 127-бабында да көрсетілген. Әйтсе де кейде өрескел жағдайларға жол беріледі. Мысалы, Бекқұл баба ауылында жеке адамдарға жер телімдері беріліп жатыр.  Соған байланысты инфрақұрылымдар өткізу кезінде екі археологиялық ескерткіш, яғни көне қорғандар бүлініп отыр.

Райгүл Серғалиева:Облысымызда 18 табиғат ескерткіші бар болса, олардың үшеуі, нақты айтқанда, Айдарлыаша, Жаманшың және Шуылдақ әлемдік деңгейде маңызды саналады. Мысалы, Ырғыз өңіріндегі Жаманшың — теңдесі жоқ алапат құбылыстың бізге жеткен ізі, Жер ғаламшарының бір кездегі алып «жарасының» орны. Бұдан 700 мың жыл уақыт бұрын бұл жерге метеорит келіп құлап, бірнеше сутегі бомбасының қуатына тең жарылыс болған. Өкінішке қарай, ол жер қорғауға алынбаған, метеорит құлауынан пайда болған тектиттер тоналып жатыр деп есітеміз.

Айдарлыаша қимасы — дүниежүзіндегі ең маңызды үш геологиялық ескерткіштің бірі. Жер планетасының миллиондаған жылдар бойғы дамуы, дәуірлер алмасуындағы өзгерістер, тіршіліктің пайда болуы — осының бәрін ғалымдар Айдарлыашадан «оқи» алады. 1996 жылы Қытайда өткен дүниежүзілік геологтар конгресінде Айдарлыаша корбон мен пермь дәуірлерінің ескерткіші ретінде аталды. Әлем геологтары бұл жерді қорғауға алуды сұрап, Қазақстанға хат та жолдаған. Кезінде «Зере-тур» фирмасының басшысы Ботагөз Қыранбаеваның өтініші бойынша Айдарлыашаға қатысты қолдағы деректерімді олармен бөлістім. Білуімше, бұл жерге арнайы туристік бағыт ұйымдастырылған.

Ермек Кенжеханұлы: Алдымен мәліметтерге тоқталсам, өткен жылы облысымызға 84 мың турист келген. Олардың 10 мыңы — шетелдіктер. Туризм саласы бойынша 1,5 миллиард теңге пайда түскен.

Бүгінгі күні өңірде: Ақтөбе қаласы бойынша — 5, аудандар бойынша — 13, яғни барлығы 18 туристік бағыт сызбасы әзірленіп-бекітілген. Ырғыз ауданы бойынша — екі туристік бағыт, басқа аудандар бойынша бір-бір бағыттан әзірленген. Ырғыз ауданы бойынша екі бағыттың бірі — жаңа айтылған Жаманшың болса, екіншісі — Ырғыз-Торғай резерваты. Ырғыз-Торғай қорығы да — туристер үшін ерекше тартымды жер.

Сонымен қатар, әнші Димаш Құдайбергенге арналған тағы бір бағыт әзірленді. Бұл — Димаштың шетелдік тыңдармандары үшін қолға алынған іс. Олардың арасында әншінің туған жерін көріп, Димаш туралы көбірек білуге тілек білдірушілер болса, осы бағытты ұсынуға дайынбыз.Ал табиғи және тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау мәселесіне келсек, бұл — басқа басқармалар құзырындағы іс.

Бауыржан Бабажанұлы: Өлкемізді таныстыру, ішкі туризмді дамыту үшін әзірленген осы бағыттар неліктен жұртшылық арасында танымал емес?

Ермек Кенжеханұлы: Ақтөбе — жер көлемі жөнінен еліміздегі ең үлкен аймақтардың бірі. Облысымыздың жер көлемі кейбір шетелдік мемлекеттер аумағынан үлкен. Осы артықшылықтың, бір жағынан, туризмнің дамуына кедергі тұсы да бар. Өйткені алыстан келген қонақтар жергілікті туристік бағыттарға қызығушылық танытқандарымен, облыс орталығынан тым ұзай қойғылары да келмейді. Айталық, біз жақын бағыт ретінде Қобда ауданына саяхат жасауды ұсынамыз. Бұл — «батырлар мекені» аталып кеткен, Әлия туған, әйгілі Қобыланды батырдың асыл сүйегі жатқан өңір. Исатай батырдың кесенесі, сонымен бірге, еліміздегі көнеден жеткен ескерткіштердің ең маңыздыларының бірі саналатын Абат-Байтақ та — осында. Алайда, біз жақын деп есептейтін осы бағыт бойынша барып-келу жолы 500 шақырым болады екен. Шетелдік туристер мұның өзін қиындау көреді… Ал Ырғыз, Байғанин, Шалқар, Әбілқайыр хан жерленген Әйтеке би жағына жолдың қашықтығы бұдан 2-2,5 есе артық.

Оның үстіне, кәсіпкерлеріміз де көп жағдайда тез пайда әкелетін салаларға ғана қызығушылық танытатыны белгілі, ал туризм саласына қаржы салуға тәуекел ететіндер өте сирек.

Бауыржан Бабажанұлы: Сонымен қатар, туризм саласын дамытуда маман мәселесінің ерекше маңызды екені түсінікті…

Ермек Кенжеханұлы: Ақтөбеде үш оқу орны туризм саласы бойынша мамандар даярлайды. Бұлар — Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті және Қазақ-орыс халықаралық университеті. Жыл сайын үш оқу орнынан жалпы саны 60-80 жас туризм саласының маманы болып шығады. Бірақ олардың басым бөлігі басқа салаларда еңбек етіп жүр. Өйткені өз мамандықтары бойынша іс бастау оңай емес. Оған үлкен қаражат, уақыт керек. Ал Ақтөбедегі санаулы туристік фирмалар мен мейманханалар жаңа қызметкерлерді қайта-қайта қабылдай бермейді.

Райгүл Серғалиева: Түлектеріміздің қайда жүргені жөнінде мәліметтер бізде де бар. Көпшілігінің басқа салаларда жүргені рас. Басқа мамандықтар секілді, бұл мамандыққа да бейім, талант, ықылас керек. Өкінішке қарай, оқу іздеп келген жастардың бойынан ондай қасиеттер сирек байқалады. «Әйтеуір диплом алсам болды» деген оймен келетіндер көбірек. Үмітімізді ақтаған студенттердің саны 10-15 шамасында ғана…

Әрине, үйретуге, оқытуға барымызды саламыз. Туризм саласының маманы тарихты да, географияны да, кәсіпкерліктің мән-жайын да жақсы білетін, бірнеше тіл меңгерген, сөзге шешен, жан-жақты адам болуы керек. Туризмнің дамуына, мысалы, кейде бір өсімдіктің өзі үлкен серпін беруі мүмкін. Жастарға осы жолда ізденіс, ұмтылыс көбірек қажет.

Ермек Кенжеханұлы: Биылдан бастап облыста экскрусия жүргізушілерге арналған курс ұйымдастыру ісі қолға алынды. Тілек білдірушілер арасынан 15 адам іріктеліп, қазір курста оқып жүр. Курс аясында туристік бағыттарға енген нысандар тарихы, тіл үйрету, практикалық сабақтар, басқа да дәрістер қамтылады.

Бауыржан Бабажанұлы: Елбасы мақаласында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын әзірлеуде жұртшылықпен ақылдасу керектігі де айтылған. Осы ретте көкейге түйген қандай ұсыныс-ойларыңыз бар? Мысалы, Қобда ауданындағы Күмістөбе деген жерде кезінде Нұралы ханның ордасы болған. Дегенмен, Күмістөбе тарихынан хабардар жандар өте аз. Тіпті енді 20 жыл шамасында оны айтатын адам табылмай қалуы да мүмкін…

Райгүл Серғалиева: Микросакралды нысандар тізіміне қатысты ұсыныстар арасында Ақтөбе іргесіндегі Бекқұл баба мен Ойылдағы Сүлеймен ата қорымдары міндетті түрде болуы керек. Бекқұл баба — Есет Көкіұлының кәрі нағашысы. Ауызша сақталған деректерге сай, Есет батыр — Бекқұл бабадан, ал Бекет ата Есет батырдан бата алған. Бұл есімдер халық жадында бір-бірімен байланысты болған, осы жайт, яғни олардың есімдерінің бір-бірімен байланыстылығы да киелі құндылық ретінде қаралып, кейінгі ұрпақ одан хабардар болуы тиіс. Өз дәуірінде Бекқұл баба да даңқты тұлға болған деп ойлаймыз. Өкінішке қарай, әрірек заманда өмір сүргендіктен, ол туралы деректер сақталмаған.

Сондай-ақ, Сүлеймен ата — халық жадында әулие ретінде қалған адам. Сынықты ұстамай, қол тигізбей салған. Тіпті дәрігерлердің өзі сынықпен жүрген адамға: «Сүлеймен атаны еске алдың ба?» — деп ескертіп жатқанына талай куә болдық.Ел аузында Сүлеймен әулиенің арғы атасы Қалабай туралы аңыздар айтылады. Қалабай бабаның кеудесіне мүйіз тәріздес қатты бір зат өсіп шығады екен де, алдына келген науқастарға содан үгітіп алып беріп, талайды құлан-таза айықтырған деседі. Халқымыз ежелден адам бойында да Алланың әмірімен тылсым күш-қуаттың болатынына сенген. Ақтөбе жұрты Сүлеймен ата зиратын зиярат орнына айналдырған.

Фархат Досмұратов:Біз Ақтөбе қаласы бойынша туристік бағыттарға қала аумағындағы Бақытжан Қаратаев пен Нұрпейіс Байғаниннің зираттарын енгізуді ұсынамыз. Өз еліміздің басқа аймақтарынан келетін қонақтар мен ақтөбеліктер, әсіресе, жастар үшін бұл өте маңызды деп ойлаймын. Екеуі де — ұлтқа еңбегі сіңген белгілі тұлғалар. Олардың есімдері кейінгі ұрпақ үшін «туған жер» ұғымының бір бөлшегіне, өшпес өнегеге айналса дейміз. Екі зират та біздің мекеме тарапынан қорғауға алынған.

Сонымен қатар, облысымызда көне өркениет ошақтарының орны саналатын жерлер бар. Солардың бірі — Доңызтау-Үстірт аймағы, мұнда белгілі ғалым Серік Әжіғали ұзақ жылдар бойы зерттеулер жүргізді. Ал Ойыл ауданынан табылған, қола дәуіріне жататын Құмсай қорымы  —  еліміз аумағындағы көне қорымдардың ішіндегі ең ірілерінің бірі, ол 160 қорғаннан тұрады. Археологтардан естуім бойынша, облыс аумағынан табылған жерлеу ғұрпына қатысты ескерткіштердің ішіндегі ең ежелгісі де — осы қорым. Ойыл өңірінен 40-60 қорғаннан тұратын үлкен қорымдар табылып жүр. Бұл аталған өңірдің көне замандардаүлкен бір орталық болғанын айғақтайды.

Бауыржан Бабажанұлы: Елбасы мақаласында тарихи-мәдени мұраны жұртшылыққа таныстырып, насихаттауда мультимедиялық тәсілдерді кеңінен пайдалану керектігі атап өтілген. Осы бағыттағы жұмыстар жөнінде не айтар едіңіздер?

Райнүл Серғалиева: Расында, насихаттау дегенде, біздің өнімдеріміз тек үлкен-үлкен альбом түрінде болып келеді. Қызыл-жасыл, әдемі әрі ішіндегі деректері де толыққанды болғанмен, бағасы өте қымбат, 5-10 мың теңге тұратын ондай дүниелерді алуға көпшіліктің шамасы жете бермейді. Бұл жағынан бізге Көкшетау өңірінен үлгі алып, туристерге шағын ғана кітапшаға көп деректі жинақтап ұсынуды үйрену керек.

Ермек Кенжеханұлы:Қазір насихаттау жұмыстары әлеуметтік желілер арқылы, сондай-ақ, visitaktobe.kz сайты арқылы да жүргізіліп жатыр. Туристік бағыттардың интерактивтік картасы жасалды. Бұл бағыттағы жұмыстар алда да жалғаса беретін болады.

Индира ӨТЕМІС.

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button