Спорт

Қосымша минуттың құны

Премьер-Лига

 «Ақжайық»-«Ақтөбе» — 2:2

 Қос таймға қосылған қосымша уақыттың алтыншы минуты жерлестерімізге бармақ тістетіп кетті. «Ақтөбе» бұл кездесуде екі рет алға шығып, екі рет қайта теңесуге мәжбүр болды. Әсіресе, ойынның негізгі уақыты түгесілгеннен кейін қақпаға еніп кеткен голдың өкініші көпке дейін естен кетпес-ақ.

Рас, ойын алаң иелерінің белсенділігімен басталды. Соңғы 10 тур бойы жеңіске жете алмай жүрген оралдықтардың турнир кестесінде өздерінен бір саты ғана жоғары тұрған «Ақтөбеден» үш ұпай олжалап қалуға тырысуы түсінікті де. Бірақ, қонақтарға да ұпай ауадай қажет екендігі және белгілі. Жерлестеріміз ұйымдастырған қарсы шабуылдардың бірінде алаң иелері ойын ережесін бұзды да, айып добы белгіленді. Қақпадан жиырма шақты метр жерге қойылған доптың айып алаңында жүргендердің ортасына тасталатындығына ешкімнің де күмәні болмаған секілді еді. Бірақ Томаш Шимкович тіпті де басқаша қимыл жасады. Ол теңбіл допты қиястай теуіп, қақпаның оң жағындағы тоғыздықты дәл нысанаға алды. Мұндай соққыны күтпеген қақпашы Денис Төлебаев еш әрекет жасай алмай қалды — 0:1.

Бірінші тайм осы есеппен аяқталды. Ойынның екінші бөлігі де алма-кезек шабуылдармен жалғасты. 50-минутта «Ақжайықтың» жұлдызы жанды. «Ақтөбенің» айып алаңында жүрген оралдық Азат Ерсалимовтің аяғына тиген доп үйреншікті заңдылық бойынша әлдебір пасқа айналуы тиіс еді. Бірақ Азат басқаша әрекет жасады. Ол допты тура қақпаға қарай әуелете тепті де, біздің қорғаушыларымыз да, қақпашымыз Андрей Сидельников те қапы қалды, көзді ашып-жұмғанша жібек тор бүлк ете қалды — 1:1.

Арбасулар мұнымен де тынған жоқ. 80-минутта стадионды ақтөбелік футболшы Джозеф Нейн дүр еткізді. Ешқандай гол әңгіме болуға тиіс сияқты емес тұста, қарсыластар қақпасынан шамамен 25 метрдей жерде жүрген ол алдына келе қалған допты сол аяқпен шірене тепті. Мұны басқалар тәрізді қақпашы Денис Төлебаев та күтпеген еді. Қуатты соққының екпінімен зырқыраған доп жібек торды тағы бір тулатты — 1:2.

Әсіресе, алаң иелері ұтылып жатқан шақта қос таймға жалғанатын қосымша минуттардың тым көбейіңкіреп кететін сәттері бар. Бұл жолы да солай болды. Сол ұзақтау қосымша уақыттың алтыншы (!) минутында жерлестеріміз қолда тұрған жеңістен айырылды да қалды. Айып алаңына ентелей енген Предраг Говидарицаның үш-төрт метр жерден жасаған соққысына Андрей Сидельников еш қайран жасай алмады — 2:2.

Осылайша ойын тең аяқталды.

«Ақжайық»-«Ақтөбе» — 2:2

Гол авторлары: Томаш Шимкович, 24-минут (0:1); Азат Ерсалимов, 50-минут (1:1); Джозеф Нейн, 80-минут (1:2); Предраг Говедарица, 90+6 (2:2).

«Ақжайық»: Денис Төлебаев, Предраг Говедарица, Коронель Ортиз (Джон Дельгадо, 60-минут) Йован Николич, Константин Дудченко, Иван Антипов (Еркін Тапалов, 67-минут), Юрий Перцух, Андрей Шабаев (Әбілқайыр Зұлфықаров, 87-инут), Дмитрий Шмидт, Мейрам Сапанов (капитан), Азат Ерсалимов.

«Ақтөбе»: Андрей Сидельников (капитан), Олександр Воловик, Томаш Шимкович (Антон Шурыгин, 90+4-минут), Джозеф Нейн, Марко Обрадович, Фог-Поррье Жереми (Муарем Муарем, 56-минут), Кристиан Колчак, Берік Айтбаев (Саят Жұмағали, 51-минут), Игорь Зенькович, Кирилл Шестаков, Руслан Валиуллин.

26 шілде 2017 жыл. Орал қаласы, П.Атоян атындағы стадион. 2000 адам.

Қазірге дейін «Ақтөбе» 21 кездесу өткізіп, 4 рет ұтты, 6 рет тең ойнады, 11 ойында жеңіліп қалды. 23 гол соғып, өз қақпасына 31 доп жіберіп алды. Ұпай саны — 18.

Біздің мергендеріміз:

Игорь Зенькович — 6 доп (1 допты пенальтиден соқты);

Юри Мамуте — 3;

Душан Савич — 2;

Бауыржан Байтана — 2;

Жуниньо — 1;

Кирилл Шестаков — 1;

Кассиано — 1;

Витор Жуниор —1;

Марко Обрадович — 1;

Томаш Шимкович — 1;

Джозеф Нейн — 1.

(Үш допты қарсыластарымыз өз қақпаларына өздері соғып алды: Д.Чертов, «Оқжетпес»; С.Граховац, «Астана»; Б.Шадманов, «Тараз»).

Бірінші кезеңнің соңғы турының алдындағы ойын кестесіне үңілсек, 51 ұпаймен «Астана» қара үзіп келеді. «Қайрат» — 44 ұпай, «Ордабасы» — 41 ұпай.

4-5 орындарда 31 ұпайдан жинаған «Тобыл» мен «Ертіс» тұр.

6-8 орындардағы үш команда — «Қайсар», «Шахтер», «Тараз» 24 ұпайдан жинады.

«Атырау» 21 ұпаймен 9-орынға көтерілді.

18 ұпайдан жинаған «Ақтөбе» мен «Оқжетпес» 10-11 орындарды бөлісіп тұр.

12-орын иесі — 16 ұпайы бар «Ақжайық».

Бірінші кезеңнің соңғы 22-турында «Ақтөбе» өз алаңымызда «Қайрат» командасын қабылдайды.

Басқа кездесулер:

29 шілде, сенбі: «Шахтер» (Қарағанды) — «Тараз»; «Атырау» (Атырау) — «Тобыл» (Қостанай).

30 шілде, жексенбі: «Оқжетпес» (Көкшетау) — «Қайсар» (Қызылорда); «Астана» (Астана) — «Ордабасы» (Шымкент); «Ақжайық» (Орал) — «Ертіс» (Павлодар).

Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button