Спорт

Үшінші голдың үлесі

Чемпиондар Лигасы

Сурет «Астана» ФК сайтынан

Сәрсенбі күні Чемпиондар Лигасының үшінші іріктеу кезеңіндегі бірінші ойынын өткізген «Астана» жанкүйерлерді риза етті. Әсіресе, қосымша уақытта соғылған гол зор қуаныш сыйлады.

Бұған дейін футбол білгірлерінің басым бөлігі польшалық «Легияны» көбірек дәріптеп келгені белгілі. Расында да поляктар кездесуді еркінсіп бастады. Бірақ жерлестеріміз өздерінің осал команда емес екендіктерін бірінші таймда-ақ танытты. 36-минутта Джуниор Кабананга есеп ашса, оны 44-минутта Иван Маевский және бір еселеді.

Кездесудің екінші бөлігінде қонақтар бүкіл айла-шарғыларын пайдаланып бақты. Сөйтіп, 79-минутта Армандо Садику қақпашы Александр Мокинді қап қалдырды. Дегенмен, астаналықтарды бұл есеп қанағаттандырмайтындығы түсінікті еді. Олар соңғы минуттарға дейін шабуылдаудан тынбады. Ақыры қосымша уақытта, 94-минутта Патрик Твумаси қарсыластар қақпасына тамаша гол енгізіп, көңілді бір демдеді. Айта кетелік, Патрик Твумаси екінші кезеңдегі екі кездесуде де қарсыластар қақпасына бір-бір голдан соққан болатын.

Әрине, іріктеу кезеңінің төртінші сатысына берілетін жолдаманың тағдыры келесі аптада сырт алаңда өткізілетін екінші ойында нақты шешіледі. Дегенмен сол кездесуге тәуір доп айырмашылығымен барғалы отырған жерлестерімізге артар үмітіміз зор.

«Астана» (Астана, Қазақстан) — «Легия (Варшава, Польша) — 3:1

Гол авторлары: Д.Кабананга, 36-минут (1:0); И.Маевский, 44-минут (2:0); А.Садику, 79-минут (2:1); П.Твумаси, 90+4 минут (3:1).

«Астана» төмендегі құрамда ойнады: Александр Мокин, Игорь Шитов, Марин Аничич, Ласло Кляйнхайслер (Срджан Граховац, 80-минут), Серікжан Мужиков, Джордже Деспотович (Роман Муртазаев, 20-минут; Евгений Постников, 89-минут), Иван Маевский, Патрик Твумаси, Юрий Логвиненко, Джуниор Кабананга, Дмитрий Шомко.

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button