АуылСпорт

Қосестекте «Ақбидай» жазғы спартакиадасы өтті

Қарғалы ауданында «Ақбидай» жазғы спартакиадасын өткізу игі дәстүрге айналған. Биыл аталған шара Қосестек ауылдық округінде өтті.

Аталған шараға аудан әкімінің орынбасары Ерлан Блиев, аудандағы мекеме басшылары мен қызметкерлері, спортшылар, аудан тұрғындары қатысты.

Қосестек ауылындағы саябақ ортасында орналасқан спорт алаңына әр ауылдық округтің әкімдері жетекшілік еткен спортшылар  жиналып, әдемі, жинақы киіммен сапқа тұрып, өздерін таныстырды. Шараның ашылуында Қосестек ауылындағы «Балауса» балабақшасының бүлдіршіндері мың бұрала би биледі.

Жазғы спартакиада бағдарламасы аясында аудан спортшылары  Президенттік көп сайыс, жеңіл атлетика,  футбол, волейбол, тоғызқұмалақ, асық ату, ат жарыс, жалпы саны 17-ге  жуық спорт түрінен сынға түсті.

Спортшылардың, әсіресе, ат үстіндегі жарыста қарқыны мықты болды. 11 шақырымдық бәйгеге Степной ауылдық округі бір ат,  Желтау ауылдық округі екі ат, Қоcестек ауылдық округі 8 атты үкілеп қосып, кең даланы дүбірлетті. Нәтижесінде өзгелерден оза шапқан Қосестектің шабандозы 1-орынды иеленсе, Желтаудың шабандозы 2-орынды еншіледі. Ал степнойлықтар 3-орынды қанағат тұтты. Ат үстіндегі аударыспақтан степнойлық Асылжан Әділов шеберлік танытып, қарсыластарының алдын аттан аударып, кейінгілерін ұтқыр ұпай санымен жеңе білді. Қиқуы мол ат жарыста жергілікті кәсіпкерлер тойтөбеге келгендерге желден жүйрік жануардың қымызын тегін таратты.

Осылайша бір күндік спартакиада кеш бата аяқталып, шара соңында жеңімпаздар марапатталды. Қорытындысында жалпы командалық сайыста алаң иелері  Қосестек командасы 1-орын, Желтау селолық округі 2-орын, Степной командасы 3-орынға ие болды.  Команданың барлық мүшелеріне арнайы Диплом, Алғыс хаттар табысталды.

Қорыта айтқанда, ауыл жастары үшін маңызы зор биылғы спартакиада ойдағыдай өтті.

Бір айта кетерлік жайт, Қосестек ауылына спартакиада өтіп жатқан уақытта биылғы «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық іріктеу кезеңінің жеңімпазы, «Ардағым» шаруа қожалығының жетекшісі Қали Исмайыловтың Астана қаласына байқауға қатысар сапары алдында «Хабар» телеарнасының  түсірілім тобы келді.

Осылайша қос қуанышқа кенелген қарғалылықтар жазғы спартакиададан ерекше көңіл күймен тарасты.

Бақыт  ИМАШЕВ,

 Қарғалы ауданы.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button