Құқық

Ресми заң бар… адамгершілік заңы ше?

Мәселенің басын бірден ашып алайық, бұл тек Орақбай Қадыровтың басындағы жағдай емес, өз Отанында, Қазақстанында  отырып, баспанасыз қаңғып жүрген көптеген қазақтардың мұңы, басты проблемасы.

Бәрін заң жолымен айтып, жіліктеп шығуға біздің қасымызда Салық Зиманов отырған жоқ, сондықтан көзбен көргендерімізді жазып, қолмен ұстаған құжаттарға сүйеніп әңгімемізді бастайық.

Орақбай Қадыров деген бауырымыз Қарақалпақстан Республикасының Қоңырат ауданынан 2002 жылы Елге оралған. Ресми тілмен айтқанда «оралман».

2002 жылы қала әкімі (сол кездегі) М.Аққағазов қол қойып, мөр басып берген құжат бойынша Орақбай Қадыров екі бөлмелі пәтер алады. Бұл жерде астын сызып, айтып кететін  бір нәрсе, ордер берілген кезде не болмаса пәтердің жағдайы туралы акт жоқ, не болмаса ешқандай комиссияның шешімі жоқ. «Алды» деген аты болмаса, үлкен бөлмесінің терезесі кірпішпен өріліп тасталған, едені жалаңаш, газы, суы мен жылуы, жарығы жоқ, қалған терезелері үңірейіп  әйнексіз тұрған «пәтерді» адам тұруға болатын мекен деп айтуға да болмайтын еді.

«Квота» дегенді нағыз қазақшаласақ, «үй алатын пұлың» деген сөз. «Елге келдім» деп  ағыл-тегіл қуанған ағайын осы қаржыны алды да, оңды-солды шашты. Қателік тап осы жерден басталды. (Сол квотаға, көшіп келген бауырлардың тілімен айтсақ, «мәшін» алғандар да, дача алғандар да баршылық).

Орақбай олай істемеді. Ол алған қаржысына берілген әлгі «пәтердің» «ауы мен бауын» түгендеді. Өзін «адаммын» деп сезінетін (маймыл емес!) кез келген азамат жасайтын нәрсенің барлығын жасады. Тастанды пәтердің еденінен бастап есігіне дейін жөндеді. Тырбынды, тырысты. Себебі, ауылда, Қарақалпақстанда қалған анасы мен оның қолында өздері қамқорлыққа алған бауыры Айгүл бар еді. (Айгүлдің анасы өмірден озған).

Алайда бір күні «жік шықты». «Екі құлағының тік» екенін біз айтпасақ та біліп отырған болуларыңыз керек. Бір кездері, «Қазақстан енді ел болмайды» деген оймен шетел асқан немістің де, орыстың да, тағы басқалардың Қазақстанда, Алғада үйі болатын. Орақбайға қалалық әкімшілік «берген» үй де сол бір шетелге кеткен адамдардың үйі болып шықты. «Ел болмайтын» Қазақстан аяғынан тұрып, еңсесін көтерді. Астана мен Алматыны былай қойғанда, облыс орталықтары мен оған жақын қалалардағы пәтерлердің құны аспандап кетті. Әлгі шетел асқандар бір кездері тастап кеткен пәтерлерін саудалап, әкелерінің құнын сұрайтын болды.

Гец   (аталмыш пәтердің қожайыны) те келді. (дұрысы — Алғада, ауылда қалған туысқандары). 2007 жылы басталған дау мен сот әлі күнге тыйылған жоқ, тыйылар түрі де жоқ.

Алғаш дау басталған кезде Ұлболсын апай  (Орақбайдың анасы) Гецтің өкілдерімен келісіп, 250 мың ақшасын төлейтін болып, оның 100 мыңын жинап та қойған болатын. Бірақ олар әр келген сайын пәтердің бағасын өсіре берді, өсіре берді.

Солай әуре-сарсаңға салынып жүргенде аудандық қаржы бөлімі Гецті сотқа берді.  Аудандық сот  қаржы бөлімінің шағымын қанағаттандырды.

Гецтің жекешелендіріп алған пәтері қалайша аудандық қаржы бөлімінің балансына өтіп кетті? Бұл — бірінші сауал.

Сот құжаттарында аудандық қаржы бөлімінің уәжі тайға таңба басқандай  көрсетілген: Гецтер Германия асып кеткен соң, пәтер қараусыз қалған, тоналған, суы, жарығы, газы қиылған, есік-терезе, еден дегендері жоқ. Айналасындағы адамдарға апатты жағдай туғызды. Ресми тұрғыдан алғанда, сот шешімі дұрыс.

Мұнан кейін аудандық қаржы бөлімі Қадыровтарды сотқа береді. Ал Қадыровтарға келгенде  пәтердің жағдайы есепке алынбайды. «Үйден шығу керек, себебі квотаны алып, басқа мақсатқа жұмсаған». Соттың бірінші шешіміне сүйенген аудандық қаржы бөлімі пәтердің қазіргі жағдайына неге тексеру жүргізбейді? Жасалған жөндеу жұмыстары неге ескерілмейді? Бұл — екінші сауал.

Енді квота жағдайына келейік: Ш.Уәлиханов көшесіндегі 16-үй «Оралмандар үйі» деп аталады. Ресми атауы «оралмандарды оңалту мен адаптациялау орталығы». 2005 жылы осы үй пайдалануға берілгенде, аудандық әкімшіліктен, облыстық көші-қон департаментінен келген шенеуніктердің «бұл үй сіздерге уақытша беріліп отыр, квота алып, пәтер алған соң босатасыздар, ендігі жылы келетін бауырларымыз да квотасын алғанша отыратын болады» дегендерін Алғаның қалың жұрты естіді. Бірақ осы уақытқа дейін аталмыш үйден көшіп кеткен ешкімді көрмедік. Қолымызда бар мәліметтерге сүйенсек, олар квоталарын да, азаматтықтарын да алып болды. Ендеше олар неге үйден шығарылмайды? Заң неге әркім үшін әрқалай? Аудандық  тұрғын үй-коммуналдық бөлімі қайда қарап отыр? Бұл — үшінші сауал.

Енді Қадыровтар отбасына келейік. Үй егесі Орақбайдың тұрақты жұмысы жоқ. Жаз айларында әр жерде үй салу, жөндеу жұмыстарында жүреді. Жеті адамнан тұратын үйелмен Ұлболсын апайдың 18 мың зейнетақысы мен 9 мың Айгүлдің жәрдемақысына қарап отыр. Осы ақшаны жеті адамға бөлсек, үш мыңнан сәл асады. Бірақ Қадыровтардың коммуналдық төлемге еш қарызы жоқ. Оны айтасыз, Гецтердің төлемей кеткен елу мыңға жуық қарызын да өздері төледі.

Өткен аптада осы тартыс облыстық сотта қаралды. Бұрынғы екі сот отырысында қорғаушыға пәленбай ақша төлеген Қадыровтардың осы жолы  тағы тауы шағылып қайтты. Ешқандай мәмілеге келе алмаған сот  отырысты  наурыз айына қалдырды.

Алғаш осы материалды қолға алғанда «бұл мемлекет деңгейінде қаралатын мәселе, жалпы бізде тұрғын үй туралы заң дұрыс емес» деген ойда болғанбыз. Бірақ адамгершілік заңы деген бар емес пе еді? «Заңды бұзуға болмайды, бірақ қай кезде де июге келеді» дегенді де айтатын сол заңгерлердің өзі емес пе? Ендеше, Қадыровтар отбасындағы асыраусыз қалған баланың, мүгедек ананың жағдайы неге ескерілмейді? Алған квотасын иесіз қалған пәтердің жөндеу жұмыстарына жіберген Қадыровтар енді жаңа пәтерді қайдан алмақ, қандай қаржыға? Қадыровтардан ол пәтерді тартып алған жағдайда «оны кезекте тұрған адамдарға береміз» деген желеу айтылады. Алғада пәтер мен жер беру мәселесінде нағыз кезектің сақталатынын қолын көкірегіне қойып айта алатын құзырлы адам табыла ма екен?

Шара Елеусіз,

Алға ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button