Өрт — тілсіз жау, абай бол!

Жаз — өрт қаупінің күшейетін кезі. Өрт осы маусымда, әсіресе, ормандар мен дала алқаптарында жиі байқалады. Мұның себебі негізінен азаматтарымыздың жаз айларында бұл қауіпті елемей, немқұрайлы қарауынан болып жүр.
Оған далалық өрт деп жеңіл-желпі қарамау керек. Далалық алқаптарда тұтанған өрт маңайындағы елді мекендерге де қауіп төндіреді. Үлкен материалдық шығын әкеледі. Адамдардың денсаулығына зиянын тигізіп, сақтанбаса өмірлерін де жалмауы мүмкін. Сондықтан өрт қаупіне әр кез абай болған жөн.
Биылғы жылдың 1 маусымнан бастап облыс аумағында 94 өрт тіркелді. Бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 16 пайызға өскендігін көрсетеді.
Статистикалық талдау мәліметтеріне сүйенсек, орман өрттерінің 10 жағдайының 9-ы сөндірілмей қалдырылған оттардан, тастай салған темекі тұқылынан және сіріңке шағудан, құрғақ шөпті өртеу себептерінен орын алады екен. Әсіресе, аса ыстық, аптапты күндері сәл ұшқынның өзі далалық шабындықта өрттің тұтануына жеткілікті.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің бабына сәйкес өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтарды жинап қою қағидаларын бұзған тұлғалар заң алдында жауапты болады. Қалдықтарды жағу арқылы атмосфералық ауаны, қоршаған ортаны ластағанда және өрт қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды сақтамағанда ескерту жасалады немесе бір жүз жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады.
От жағудың өз ережелері бар. Егер оны сақтамаған жағдайда демалыс азапқа айналуы әбден мүмкін. Отты 0,5 метрден кем емес минералдық жолақпен қорғалған орында жағу керек. Ол қылқан жапырақты ағаштардан, ағаш бұтақтарынан, құрғақ шөптерден қашық болу керек.
Сондай-ақ, демалған орыннан қайтар кезде отты міндетті түрде сөндіріп кету қажет. Егер де жақын жерде су болмаса, оны топырақпен көму қажет. От шоқтары әбден сөніп болғанша оның қасынан кетпей, қадағалаған жөн.
Орман немесе далалық аумақтар күн сәулесі түсетін ашық алаңдарға тасталған шыны бөтелкесінен немесе соның сынығынан да тұтануы мүмкін. Өйткені ондай заттарға түскен сәуле шоғырланып, тұтандырушы линза сынды әсер ете алады. Сондықтан банкалар мен шөлмектерді серуендеушілер өздерімен бірге алып кетуі немесе жердің астына көміп кетуі керек.
Егер Сіз орманда немесе далалықта өрттің куәсі болсаңыз, мына талаптарды сақтаңыз:
- абыржымаңыз және үрейленбеңіз;
- жағдайды талдаңыз;
- өрт ошағының шекарасын, оның таралу бағыты мен жылдамдығын анықтаңыз;
- өз күшіңізбен өртті сөндіруге мүмкіндігіңіз болмаса, қауіпсіз жерге шегініңіз;
- төңіректегі биік жерге немесе биік ағашқа шығып, жан-жағыңызды мұқият қараңыз және эвакуациялану жолын белгілеп алыңыз;
- өрттің орны, көлемі және сипаты туралы өртке қарсы қызметке «101», «112» телефондарына хабарлаңыз;
- жақын маңдағы барлық адамдарға қауіпті аймақтан шығу қажеттілігі туралы ескертіңіз. Өрттің оты шарпымайтын жел жағына қарай қозғалыңыз. Немесе от ошағын тыл жанынан айналып өтуге тырысыңыз.
Ілияс МАҢҒҰБАСОВ,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің маманы.




