Жайдарлы жаздың қызығы

Ақтөбе қаласы сыртындағы «Ақбөбек-Восток» жазғы демалыс лагерінің төртінші маусымы есігін айқара ашты. Қазір мұнда шаһар мектептері мен облыс аудандарынан және еліміздің бірқатар қалаларынан келген 350 оқушы уақыттарын тиімді өткізіп жүр.
БИЫЛ 1800 БАЛА ЛАГЕРЬДЕ ДЕМАЛАДЫ
«Ақбөбек-Восток» лагерінде 1 маусымнан бастап жазғы демалыстың алғашқы кезеңі басталды. Лагерь ұжымы әр баланың көңілінен шығып, ой-саналарының кеңейіп, дами түсуіне, жаңа достар тауып, әр күнді көңілді өткізулеріне барынша мүмкіндік жасауда.
Лагерь басшысы Айболат Ташпентаевтың айтуынша, биыл лагерь балаларға алты маусым бойы қызмет етеді.
— Балалар әр маусымда 12 күн демалады. Лагерьдің бір күні екіншісіне ұқсамайды. Мұнда күн сайын тәрбиелік-спорттық шаралар ұйымдастырылып, оқушылардың уақыттарын қызықты өткізуіне мүмкіндік мол. Биыл алты маусым бойынша, 7-15 жас аралығында 1800-ден астам баланы демалыспен қамту жоспарланып отыр. Әр маусымның белгіленген тақырыбы бар. Мәселен, қазір спорт маусымы жүріп жатыр. Басқа да театр, ағылшын тілі, музыка сынды маусымдар бекітілген. Әр кезеңде 350 бала алаңсыз тыныға алады. Лагерьге Ақтөбе қаласынан өзге, облыстың барлық аудандарынан және еліміздің Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Шымкент, Батыс Қазақстан облыстарынан оқушылар келуде, — деді лагерь басшысы.
Лагерьде таңғы сағат 8.30-дан бастап қайнаған өмір басталады. Сапқа тізілген оқушылар денесін шынықтырып, 5 мезгіл тамақтанады. Одан соң футбол алаңында доп теуіп, Қарғалы өзеніне шомылып, үйірмелерге қатысуға кіріседі. Түрлі жарыстарда өздерінің білімдері мен күштерін таразыға салады.
Бүгінде лагерьде 12 үйірме бар. Ебі мен қызығушылығына қарай оқушылар әртүрлі үйірмелерге жазылып, осында келген 12 күнін бос өткізбейді. Олардың ішінде футбол, шахмат, волейбол, сурет, қолөнер, вокал, хореография үйірмелері бар.
Лагерь басшысының айтуынша, бір топта 35-40 аралығында оқушы бар. Оларға арнайы тәрбиешілер жетекшілік етеді. Сондай-ақ медбике, педагог-психолог, үйірме жетекшілері жұмыс жасайды. Сонымен қатар лагерьдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күзетшілер мен тәрбиешілер бірлесе отырып, кезекшілікке тұрады.
АРҚАНДЫ САЯБАҚ
Көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын арқанды саябаққа балалардың қызығушылығы шексіз. 1 гектар аумақты алып жатқан бұл орын қаладағы өзге лагерьлерден ерекшеленеді.
Саябақта арқанмен өрмелеу және сырғудың 10 жеңіл және күрделі кезеңі қарастырылған. Тартылған жіптердің биіктігі балалардың жас санаттарына байланысты 4-тен 9 метрге дейін. Ұзындығы 200 метр.
«Мұнда балалардың қауіпсіздігіне жоғары деңгейде мән берілген. Арнайы қорғаныс және баскиімдермен, белдіктермен қамтамасыз етілген. Саябаққа кірген әр бала өзін альпинист ретінде сезіне алады. Бұл балалардың белсенді демалысын ұйымдастыруға, шымыр болып өсуіне септік етеді», — дейді тәлімгерлер.
Сырғанау арнайы нұсқаушы басшылығымен жүргізіледі.
— Лагерьде үш жатын ғимараты бар. Әр ғимаратта 120 балаға орын дайындалған. Байғанин атындағы балалар кітапханасымен тығыз байланыстамыз. Бүгінде 400-ден астам кітап қоры бар кітапхана жұмыс істейді. Жаз айында балалар суға шомылып, тауға серуендейді. Оқушылыр үшін табиғат аясында демалудың пайдасы ұшан-теңіз.
Жылдан-жылға лагерьде демалушылардың саны артып келеді. Былтыр 1700-ге жуық бала болса, биыл 1800 бала қамтылып отыр. Лагерь аулаларына жаңа жол төселіп, ғимараттар жөндеуден өтті. Жаңадан спорттық құрылымдармен, ойын алаңдарымен толықты, — деді А.Ташпентаев.
Айта кетейік,12 күндік бір маусымның құны 42 мың теңгені құрайды. Аз қамтылған отбасы балаларына, бір отбасынан шыққан бірнеше балаға жеңілдіктер қарастырылған. Биыл лагерьдің алғашқы маусымында су тасқынынан зардап шеккен отбасы балаларына тегін жолдама берілді.
Әр үйдің бір-бір еркесімен жұмыс істеу мұндағыларға да оңай емес. «Лагерьге келген әрбір баланың тілін тапса — мақсаттың орындалғаны», — дейді тәрбиешілер.
— Балалардың әр күнін көңілді өткізу үшін жақсы демалуына барлық жағдай қарастырылған. Күн сайын медициналық тексерістен өткізіп, балалардың ата-анасына мәлімет беріп отырамыз.
Кіші топтың оқушылары бірінші, екінші күндері лагерьге аздап үйренісе алмай қиналып жатады. Ал осындағы балалармен танысып, достасып кеткен соң кетерде бір-бірін қимай, бауыр басып қалатыны бар. Сондықтан мұндай демалыс орындары барша балаға керек. Бұл — достықтың мекені. Мұнда келген бала әрі дос табады, әрі тынығып, бағыт-бағдар алады, — деді лагерь басшысының орынбасары, аға тәрбиеші Сәуле Нұрбергенова.
40 БАЛА ЭКСПО-ҒА БАРЫП ҚАЙТТЫ
«Ақбөбек» компаниясының бас директоры Күлпаршын Айдарханова енді жыл он екі ай бойы жұмыс жасайтын лагерьдің ашылғанын атап өтті. Онда облыс мектептеріндегі дарынды әрі талантты балалар, республикалық және халықаралық білім додаларында топ жарып жүрген оқушылар демала алады.
— Бұған дейін лагерь балаларды жаз айында ғана қабылдайтын. Өзге облыстарда жыл бойы жұмыс жасайтын лагерьлер болғанмен, бізде бұған дейін болған жоқ. Биыл қыркүйек айынан бастап лагерьде тынығушыларды қабылдауды жоспарлап отырмыз. Мұнда мектеп бағдарламасындағы барлық пәндер оқытылады. Сондай-ақ ағылшын, математика басқа да пәндер бойынша қосымша сабақтар жүргізіледі.
Биыл наурызда дәстүрлі «Ақбөбек» өнер байқауы өтті. Еліміздің әр түкпірінен келген өнерпаздар 6 номинация бойынша сынға түсті. Бас жүлдеге ие болған 40 балаға Астанаға барып ЭКСПО-ны тамашалауға тегін жолдама ұсындық. Жақында балалар Астанаға барып қайтты. Алған әсерлері ерекше. Ал жүлделі бірінші орын иегерлері «Ақбөбек-Восток» және «Ақбөбек» мектеп жанындағы лагерьлерге тегін жолдамалар алды.
Жазғы лагерьде балалардың ұмытылмас ең қызықты шақтары өтеді. Демалыстың мәнді өтуі — білімге деген құлшыныстың бастауы. Біздің мақсатымыз — олардың жүзіне қуаныш сыйлау, — деді Күлпаршын Айдарханова.
Жазғы лагерьдің соңғы маусымы тамыз айының 21-і күні аяқталады. Осы 6 маусым бойы 1800 оқушы демалыспен қамтылмақ.
ОҚУШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?
Кәмила ЖОЛАЕВА, Темір ауданы Шұбарқұдық кенті:
— Биыл Алматы қаласында республикалық деңгейде ағылшын тілі пәнінен интеллектуалды сайыс өткен болатын. Мен осы сайыстан жүлделі екінші орынға ие болдым. Облыс әкімі «Ақбөбек-Восток» лагеріне тегін жолдама ұсынды. Бұл жерде әр күніміз қызыққа толы. Түрлі үйірмелерге қатысып, жаңа достар таптым.
Азамат ОРЫНБАЕВ, Байғанин ауданы Қарауылкелді ауылы:
— Биыл 9 сыныпты бітірдім. Келгеніме бір апта болса да, достарыма бауыр басып қалдым. Екі апта бұрын облыс әкімінің тегін жолдамасымен Оренбург қаласында демалып қайттым. Онда 20 халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары барды. Енді «Ақбөбек-Восток» лагеріне жолдама алып отырмын. Өте қуаныштымын. Бұл лагерьде әсіресе арқанды саябақта демалған қатты ұнайды. Күн сайын барлық іс-шараларға белсене атсалысамыз.
Диас МҰРАТХАНҰЛЫ, Ақтау қаласы:
— Легерьге келуді асыға күттім. Алғаш келген күні тәлімгерлер барлық оқушыларды жылы шыраймен қарсы алып, өздерін таныстырды және оқушылар бір-бірімен тез араласып кетуі үшін арнайы танысу тренингтерін ұйымдастырды. Шахматтан үйірмеге қатысамын. Күн сайын кешкі уақытта концерт қойып, өз өнерлерімізді ортаға саламыз.
Самал ТҰРСЫН, Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы:
— Мен биылғы жазғы демалысымды өте тамаша өткізудемін. Бұл лагерьге алғаш рет келуім. Кітапханадан қызықты кітаптар алып оқимын. Тауға шығып, суға шомыламыз. Түрлі сайыстардың жеңімпаздарына мақтау қағаздары мен сыйлықтар беріледі. Келер жылы тағы да келгім келеді.
Ақбота ҚАЛДЫБЕК.





