Басты жаңалықтар

Жаңа жобалар қаланың көркіне көрік қосады

Бүгінде жекеменшік инвестицияларды тарту жөнінен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі орасан зор әлеуетке ие болып отыр. Ақтөбедегі жергілікті және республикалық басылымдардың, электронды бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін ұйымдастырылған пресс-тур кезінде  өңірде мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту бағытында бой түзеп жатқан бірқатар әлеуметтік ғимараттардың құрылысын  Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов таныстырды.

Жалғыз қала әкімі ғана емес, жауапты басқармалардың басшылары да журналистерді құрылыс алаңында күтіп алып, барлық жобаларды жан-жақты түсіндірді.

 «МЕЙІРІМ» ЖАСТАРДЫ БЕЙІМДЕЙДІ

 Өткен жылы «Сәби» қайырымдылық қоры арқылы салынып, пайдалануға берілген Ақтөбедегі «Мейірім» жастарды әлеуметтік бейімдеу орталығы — пресс-тур кезінде журналистер барған алғашқы ғимарат.  Заманауи үлгіде бой көтерген жатақханада  балалар үйінің түлектері үшін 29 жасқа дейін тұруға мүмкіндік қарастырылған. Ақтөбе қаласының Кірпішті ауданында салынған «Мейірім» бейімдеу орталығы сәулеті, жарықтандырылуы мен көркейтілуі жағынан еліміздегі әлеуметтік ғимараттардың арасында теңдессіз құрылыстардың бірі саналады. Жастар үшін салынған әлеуметтік ғимаратта барлық жағдай жасалған. Мұнда ата-анасының қамқорынсыз қалған жас жеке пәтерге ие болады. Орталықтағы пәтерлердің саны — 80. Бір пәтердің жалпы аумағы — 43 шаршы метр. Әлеуметтік кешен үш тұрғын жай және бір әкімшілік корпустан тұрады.

Жастарға арналған әлеуметтік үйде денсаулығында кінәраты бар тұрғындар да тұрады. Жастардың мұндай тобына төменгі қабаттан пәтерлер қарастырылған. Арбаға таңылған жастардың өмір сүруін жеңілдету үшін ғимарат түгелдей пандуспен және өзге де қажеттіліктермен қамтамасыз етілген.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтардың алдына еліміздегі әрбір баланың құқықтарын қамтамасыз ету міндетін жүктеген болатын. Жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткішін өсіру үшін өңірде жетім балаларды мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдайтын кешенді бағдарлама қабылданған болатын. Бұл — облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылған  әлеуметтік жоба.

Бүгінде «Мейірім» әлеуметтік бейімдеу орталығында  жастардың демалуына және спортпен шұғылдануы үшін барлық жағдай жасалған. Жастар мұнда пәтермен қамтылып қана қоймай, олардың жұмыс істеп, табыс табуына, мамандық алуына  да жағдай қарастырылған. Сол үшін әлеуметтік кешенде оқу-өндірістік алаңы жұмыс жасайды. Орталықта жастар үшін шаштараз, аяқкиім жөндеу және тігін  цехтары жұмысшыларды қабылдауға дайын. Қазір «Мейірім» әлеуметтік бейімдеу орталығындағы 4 цехта барлығы 16 тәрбиеленуші жұмысқа орналасқан.

Тағы бір айта кететін жайт, орталық тұрғындарының жұмысқа қатынауы үшін арнайы «ГАЗель» көлігі қарастырылған.

Пресс-тур кезінде облыстық білім басқармасының басшысы Сәуле Өмірбекова журналистерге «Сәби» қайырымдылық қорының осындай әлеуметтік жобаны Ақтөбеде жүзеге асырғаны үшін алғысын білдірді. Оның айтуынша, әзірге «Мейірімді» паналаған жастардың «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы өз баспаналарын сатып алуы үшін 29 жасқа дейін жеткілікті қаражат жинауына мол мүмкіндігі бар. Бүгінде балалар үйіндегі әрбір тәрбиеленушінің банкте жеке есепшоты ашылған.

Осы орталықтан пәтерге ие болған Айзада Жалғасбаева университеттің екінші курсында оқиды. Ол өзіне жасалып отырған қамқорлыққа ризашылығын білдіріп, үлкен ағаларға алғыс сезімін білдірді.

«НҰРЛЫ ЖЕР»: 1000 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛАДЫ

 Қазір Ақтөбе қаласының «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй массивінде құрылыс жұмыстары қарқын алуда. Әсіресе, шағын қабатты тұрғын үйлер қаз-қатар бой түзеуде. Бұл — «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы пилоттық жобаны жүзеге асыру аясында қолға алынған шара.

Пресс-тур кезінде шаһар басшысы Ілияс Испанов пилоттық жобаны жүзеге асырудың алғашқы кезеңінде «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй массивінде 423 шағын қабатты жеке несиелік тұрғын үй бой көтеретінін айтты. Сонымен қатар, биыл жалпы ауданы 25 мың шаршы метрлік 194 тұрғын үй пайдалануға берілмек.

Бүгінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бұл пилоттық жобаны ел аймақтарының арасында Ақтөбе бірінші болып қолға алды. Сондықтан да өңір басшысы Бердібек Сапарбаев бұған дейінгі өткізген жиында тез салынатын шағын қабатты несиелік баспана құрылыстарының сапалы іске асуы бүкіл аймақтар үшін үлкен абырой екенін ерекше атаған болатын.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Серік Төленбергенов журналистерге  бұдан өзге «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй массивінің №1 шағын ауданында осы бағдарлама арқылы 2017-2018 жылдары 60 үш және төрт қабатты несиелік тұрғын үй (бұл шамамен 153 мың шаршы метр) үлгісіндегі таунхаус  салынатынын, биыл соның жалпы аумағы 53,3 мың шаршы метрлік 22 тұрғын үйі пайдалануға берілетінін айтты.

Биыл 1000-ға жуық астам ақтөбелік отбасы осы  бағдарламаның шапағатын сезініп, жаңа пәтерге қол жеткізбек. Қазірдің өзінде жер учаскесінде кезекте тұрған 350-ге жуық адам осы бағдарламаға қатысуға ниет білдіріп отыр.

Пресс-тур кезінде Ілияс Испанов журналистерге тұрғындардың бұл үйлерге қалай қол жеткізуге болатыны турасында айтты. Оның айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғындар жер мен инфрақұрылымға тегін қол жеткізеді. Бар болғаны «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы төмен пайыздық сыйақымен несие алып, жаңа үйді несиеге сатып алуға мүмкіндігі бар.

Қазір «Нұр Ақтөбе» тұрғын үйі массивіндегі құрылыс алаңдары маңынан әлеуметтік ғимараттар салу ісі де қатар қолға алынған. Бүгінгі күні «Анвар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осы аймақтан шағын маркет ашу үшін аукцион арқылы жер учаскесін сатып алыпты. Сонымен қатар, шағын қабатты тұрғын үйлерге жақын маңнан мектеп, балабақша секілді әлеуметтік ғимараттар салу ісі де қарастырылған.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Аязбай Османғалиев пресс-тур кезінде журналистерге бұл бағытта жол мәселесі де шешімін тауып жатқанын айтты. Қазіргі күні «Ақтөбе-Орск» бағытындағы автомобиль жолының 0-8 шақырымын қайта қалпына келтіру  жұмыстары қызу қолға алынған. Жобаның жалпы құны — 3 миллиард теңгеге жуық. Оның айтуынша, өткен жылы соның 300 миллион теңгесі игерілген, биыл жобаны жүзеге асыру үшін 950 миллион теңге бөлінген.

Песчанка өзені «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй массивіне жақын маңнан ағады. Жергілікті билік жоғарыда аталған іргелі жұмыстармен қатар осы өзенді көркейту ісін де қолға алуды жоспарлап отыр. Ең бастысы, жаз айларында өзен суын құрғатпау керек.

 ЖАСТАР САРАЙЫ ҚЫРКҮЙЕКТЕ ТАПСЫРЫЛАДЫ

Қазір Ақтөбенің төрінде жүргізіліп жатқан  құрылыстардың бірі — Жастар сарайы. Жақын күндері ақтөбеліктер 1200 орынға арналған жаңа ғимараттың кең сахнасынан түрлі мәдени іс-шараларды тамашалайтын болады. Әбілқайыр хан даңғылы бойында, нақтырақ айтсақ, «Нұр Ғасыр» облыстық мешіті орналасқан ауданда бой түзеп жатқан ғимарат,  қала әкімі Ілияс Испановтың айтуынша,   «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі негізінде тұрғызылып жатыр.  Ал ғимаратқа қажетті барлық құрал-жабдықтар бюджет қаражатына алынбақ.

Жастар сарайы биыл қыркүйекте пайдалануға берілмек. Ілияс Испановтың айтуынша, ғимарат барлық талаптарға сәйкес салынуда. Яғни, сарай сахнасында оркестрлік шұңқыр, айналмалы сахна, сондай-ақ, кең көлемдегі театрландырылған қойылымдарды сахналау үшін қажетті жабдықтардың бәрі қойылмақ. Болашақта Жастар сарайы жергілікті өнерпаздармен қатар, Ақтөбеге келетін белгілі өнер ұжымдары  үшін қызмет етпек.

Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева Жастар сарайының кең сахнасында өнер көрсету үшін белгілі театр ұжымдарын Ақтөбеге шақыру жоспарда бар екенін айтты. Белгілі болғандай, бүгінгі күні сарай ішіне заманауи жабдықтар сатып алынуда.

Пресс-тур кезінде журналистер зәулім ғимараттың ішін аралап көрді. Маржан Қорғанбаева БАҚ өкілдеріне шығармашылық ұжымдардың жаттығуы үшін мұнда бір емес, бірнеше зал қарастырылғанын айтты.

 

АҚТӨБЕНІҢ АЖАРЫ АЙШЫҚТАЛА ТҮСТІ

 Журналистер мінген көлік бұдан әрі қаланың Батыс-2 шағын ауданына бет түзеді. Қала әкімі Ілияс Испанов журналистерге мұндағы ірі құрылыс ғимараттары — «Сымбат» жеке мектебі және Жекпе-жек күрес сарайымен таныстырды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған білім беру  мекемесі бүгінде математика бағытында  оқушыларға үш тілде білім беруді көздейді. Қазір мектеп жанынан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ауылдық жерден келетін дарынды балалар үшін интернат құрылысы салынуда. 1200 орындық мектепте білім алатын оқушылардың 85-і келісімшарт мазмұны негізінде мемлекет, ал 15 оқушы инвестордың қаржысына оқитын болады.

Бұған дейін облыста бұрын-соңды болмаған құрылыстың бірі — Жекпе-жек күрес сарайы. Бұл ғимарат бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі негізінде тұрғызылуда. І.Испановтың айтуынша, алдағы уақытта бұл спорттық кешен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында мемлекеттік тапсырыс негізінде жұмыс жасамақ. Яғни, болашақта бұл кешенде халықаралық деңгейде ұйымдастырылатын жарыстар өткізу жоспарда бар. Спорт кешеніне «Нектар» өндірістік кооперативі инвесторлық етіп отыр.  Кәсіпорын директоры Шамиль Каспранов бастапқыда бұл алаңға сауда үйін тұрғызуды жоспарлағанын, кейін бұл ойынан айнып, учаскеге спорттық бағыттағы ғимарат тұрғызуды ойластырғанын айтты. Бүгінде кәсіпкердің бұл ойы сәтті жүзеге асып, іргелі құрылыс қызу жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта жекпе-жек күрес сарайы өзінің ерекше сәулетімен қаланың ажарын айшықтай түспек.

Қазір қалада бұдан өзге де әлеуметтік ғимараттардың құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Солардың қатарында аквапаркі бар спорттық-сауықтыру кешені, Мұз сарайы, облыстық өлкетану музейі, Неке сарайы, сондай-ақ қаланың әр жерінде салынып жатқан 34 сквер мен Есет батыр атындағы дарынды балаларға арналған облыстық спорт мектеп-интернат бар. Ілияс Испанов аталған ғимараттармен қатар, журналистердің назарына қалада медициналық бағытта бой түзеп жатқан іргелі құрылыстарды да таныстырып өтті. Солардың бірі — офтальмологиялық аурухана мен жедел медициналық көмек стансасы ғимараттарының құрылысы. Бұл ғимараттардың құрылысы, пайдалануға берілу уақыты турасында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев журналистерді хабардар етті.

Журналистерге арналған пресс-тур қаланың Батыс-2 шағын ауданындағы Шығармашылық академиясы құрылысын көрумен аяқталды. Бұл заманауи орталықта  ақтөбелік оқушылардың шығармашылық қабілетін әртүрлі бағытта жетілдіру мақсатында жұмыстар жүргізілмек.

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button