Спорт

Андрей — азия чемпионы, Ринат — күміс жүлдегер

Жуырда Астанада каратэ-додан Азия чемпионаты өтті.

Құрлық біріншілігіне 30 елден 700 спортшы қатысты. Біріншілік аясында тек ересектер ғана емес, жастар мен жасөспірімдер арасында да Азияның үздіктері анықталды, яғни әр елден үш құрамадан келді. Қазақстаннан 70 спортшы бақ сынады.

Осы 70 спортшының 8-і алтын медальға ие болды. Олардың арасында біздің жерлесіміз Андрей Ақтауов та бар. 2014 жылы Андрей Азия ойындарының чемпионы атанған еді. Ол 55 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. Андрейді екі бапкер жаттықтырып жүр: Орынбай Майкеев пен Тимур Шатаев.

Каратэ-до 2020 жылғы Токио Олимпиадасының бағдарламасына енгені белгілі. Азия чемпионы атағы Андрейді Олимпиада жолдамасына қаншалықты жақындатты? Бұл жөнінде Орынбай Майкеев:

— Олимпиада жолдамасы туралы айтуға әлі ерте. Жолдама тағдыры 2020 жылы ғана шешілетін болады. Нақты белгіленген турнирлер бар, сол турнирлер нәтижесі арқылы спортшылар рейтингі түзіледі. Рейтингте жоғары тұрған спортшылар ғана Олимпиадаға бара алады. Әрине, Андрей Олимпиада жолдамасы үшін барын салатын болады, — деді.

Осы спорт түрінен бұрын үш рет Азия чемпионы атағын жеңіп алған Ринат Сағындықов бұл жолы күміс медаль иемденді. Өкінішке қарай, ол финалға жарақатпен шығып, саударабиялық қарсыласын жеңе алмады. Дегенмен, финалда барын салып, тәп-тәуір өнер көрсетті.

Жерлестерімізді Азия чемпионатының алтын және күміс жүлделерімен құттықтап, алдағы уақытта да сәттіліктер тілейміз.

А.САРЫБАЙ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button