«Туған жерім — нұрлы елім!»: Хромтау ауданының күні өтті

Ақтөбе қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін аудандар күндері халықтық мерекеге айналып отыр: «Туған жерім — нұрлы елім!» акциясы аясындағы түрлі шараларды олар бүкіл отбасымен келіп қызықтайды. Облыс орталығындағы Хромтау ауданының күні де нағыз халықтық мереке түрінде өтті, бағдарламада, жазғы демалыс уақытында, әсіресе, балаларға арналған танымдық шаралар мен спорттық жарыстардың көбірек болуы жұртшылықты қуантты.
Ауылдың дәмі
Ақтөбедегі Хромтау ауданы күні «Табыс» базарындағы ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесінен басталды. Жәрмеңкеге Хромтау ауданының 8 ауылдық округінен шаруа қожалықтары мен жеке тұлғалар, сондай-ақ, «Агрофирма Тау» ЖШС мен «Габор» ЖҚ өз өнімдерін әкелді. Ақтөбелік тұтынушыларға, жалпы есептегенде, 3 тонна сиыр еті, 600 кг қой еті, 1 тонна балық, 100 литр қымыз, 500 литр сиыр сүті мен айраны, 200 литр ешкі сүті,1000 дана бөдене жұмыртқасы ұсынылды. Сонымен қатар, жеке тұлғалар құрт-ірімшік, тұзды ірімшік, тары-талқан сынды ауыл дәмін молырақ әкелді.
Жәрмеңкені облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин аралап, ауыл шаруашылығы өндірушілерімен кездесті. Шаруа қожалықтарының басшылары оған өздерінің жоспарлары, сондай-ақ, шешілмей жатқан мәселелер туралы баяндады. Мысалы, Көктөбе ауылдық округінен «Мамыт» шаруа қожалығы жәрмеңкеге 200 литр ешкі сүтін әкелген. Қожалық басшысы Ержан Қосуақовтың айтуынша, олар 500 түбітті ешкі бағып отыр. Бұрын ешкілердің түбітін Орынбор жаққа өткізіп, сол арқылы ғана пайда тауып келіпті. Ал ешкі сүтін сату тек соңғы жылдары қолға алынған.
— 500 ешкіден біраз сүт алар едік. Бірақ оны кімге, қайда өткіземіз? Бізге осы жағы қиын болып тұр, — дейді Ержан Қосуақов.
Жәрмеңкеде ешкі сүтінің әр литрі 600 теңгеден сатылды. «Мамыт» шаруа қожалығында 5 жылдан бері еңбек ететін Ақтүймеш Байболатова өзі жасаған ешкі сүтінің құртын да ала келіпті. Бір дорба құрт әп-сәтте жоқ болды.
— Негізі, құрттың әр түйірін 50 теңгеден сатамыз. Бірақ, жәрмеңкеге 20 теңгеден әкелген едік. «Ешкінің құрты қандай болар екен? Көрейікші» — деп, бес-он түйірлеп алғандар қайта айналып келемін дегенше, бір адам дорбасымен түгел сатып әкетті, — дейді Ақтүймеш.
Ол ешкі сүтінен құрттан басқа да тағам түрлерін әзірлеуді үйренгісі келеді:
— Ешкінің айранын да әкелгім келген, бірақ ішкендер өте қою көреді. Жалпы, ешкі сүтінен түрлі тағамдар жасаудың жолын үйренсем деймін, — деді.
Оның жолдасы Берік — «Мамыт» шаруа қожалығының жылқышысы. Қожалықта қазір 13 еңбеккер бар.
— Қожалықта ешкіден бөлек, 100-ге тарта ірі қара, 50 жылқы, 250 бас қой бар. Шабындық, жайылым жерлеріміз де бар. Мемлекет тарапынан қолдау да көп. Былтыр «Даму» қоры арқылы несие алдым. Шаруаны кеңейте түсуге болар еді. Дегенмен, ауыл шаруашылығы саласында тұрақты еңбек еткісі келетін адамдар табыла бермейді. Берік пен Ақтүймеш — тұрақты еңбек етіп келе жатқан жандар, — дейді Ержан Қосуақов.
Ал «Бөкейхан» шаруа қожалығы жәрмеңкеге 300 келі ет әкелген.
— Негізінен, биыл туған марқаларды әкелдік. Еттің әр келісін 1000 теңгеден өткіздік, — дейді қожалық басшысы Нағашыбай Юсупов.
Жәрмеңкеге әкелінген ет үшін лезде кезек пайда болды.
— Ең бастысы, бұл жердегі ет — таза өнім. Базардағы ет өзіміздікі ме, әлде шетелден әкелінген бе — осы жағы күмәнді болады, — дейді қала тұрғыны Айсұлу.
Тегін балмұздақтар және «ЭКСПО-2017» көрмесіне билеттер
Хромтаулық ардагерлер бастаған топ Әлия Молдағұлова даңғылы бойындағы Батырлар аллеясында болып, Кеңес Одағының батырлары Л. Шиловский мен В. Величконың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. «Қазақ тілі» қоғамы аудандық бөлімінің төрайымы Мәриям Төреғалиқызы батырлардың өмірбаяны, ерлік жолдары туралы әңгімеледі. Аудан күні аясындағы шаралар бұдан кейін Тұрғындар қалашығындағы Металлургтер мәдениет үйі алдындағы алаңда жалғасты. Алаңда хромтаулық қолөнер шеберлерінің, аудандық тарихи-өлкетану музейінің көрмелері және «Бір шаңырақ астында» атты ұлттық тағамдар көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, аудандық орталық кітапхана ашық аспан астында балаларға арналған оқу залын ұйымдастырды. Мұнда немересін жетелеген ата-әжелер, ата-анасымен келген балалар көп болды.
Жиналғандар алдында облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев сөз сөйледі:
—«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынған еді. Елбасы бастамасын қолдау мақсатында Ақтөбе өңірінде облыс орталығындағы аудандар күндері үзбей ұйымдастырылып келеді. Ақтөбеліктер үшін бұл игі дәстүрге айналды, — деп атап өтті ол.
Әсіресе, балалар үшін бұл сәттер ұмытылмас мерекеге айналды. Аудандық кітапхана қызметкерлері балалар арасында бірнеше байқаулар ұйымдастырды: викториналық сауалдар; суреттер арқылы жұмбақ шешу; «ЭКСПО-2017» тақырыбына суреттер салу; сондай-ақ тегін лоторея арқылы ойыншықтар және тегін балмұздақтар таратылды.
Аудандық музейдің «Қазақ халқының ұлттық қолөнері және салт-дәстүрлері» атты жылжымалы көрмесіне 37 жәдігер қойылған. Бұл жерде де қала балалары ұршық иіру, қолдиірмен тарту, т.б. ата-бабалар өмірінің ұмытылған көріністерін қызықтап, тіпті өздері де диірмен ұстап көріп, мәре-сәре болысты.
Айта кетелік, осы байқаулар, осындай қызықты сәттер кешкілік Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атындағы саябақта ұйымдастырылған шаралар кезінде де жалғасты.
«Бір шаңырақ астында» атты ұлттық тағамдар көрмесіне Хромтау жерінде тұрып жатқан орыс, украин, грузин, татар, корей, т.б. халықтардың ұлттық тағамдары әзірлеп әкелінген. Жиналғандардың бәрі де ол тағамдардан дәм татты. Сондай-ақ, ұтыс лотореясы өткізіліп, тұрмыстық бұйымдар, «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне билеттер ойнатылды.
Осы жерде Ақтөбеде биылғы су тасқыны кезінде зардап шеккен отбасыларға қайырымдылық көмек ретінде мұздатқыш, кір жуатын машина секілді тұрмыстық техника ұсынылды. Барлығы 6 отбасына көмек көрсетілді.
«Замандастар» ансамблі, «Купава» тобы және басқа өнерпаздар
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атындағы саябақта ұйымдастырылған шараларға да халық көп жиналды. Саябақта Хромтау қойнауынан кен игеріп жатқан кәсіпорындар күшімен үш киіз үй тігілді. Жиналғандар тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, асық ату, т.б. спорттық жарыстарға қатысты. Тоғызқұмалаққа, негізінен, балалар қатысса, асық атуға, (сірә, балалық шақтары еске түссе керек), аталар да қосылып кетіп жатты. Тоғызқұмалақтан өткен жарысқа облыс орталығының кішкене тұрғыны, 8 жасар балалар арасындағы биылғы Қазақстан чемпионы Бақжанат Хамитбек те қатысты. Бақжанат, бірақ, бұл жарыста 3-орынды қанағат тұтты. Жарыс қорытындысында, ұлдар арасында — Алмас Тілегенов; қыздар арасында Балнұр Тілегенова жеңімпаз атанды.
Сонымен қатар, Хромтау өңірінде, басқа спорт түрлерімен салыстырғанда, жақсы дамып отырған допты хоккей, таэквандо секілді спорт түрлері бойынша балалар мен жасөспірімдерден жасақталған командалар арасындағы сайыстарды да жұрт қызыға тамашалады. Мұз айдыны болмаса да, тас төселген алаңда жас бендишілер барларын сала ойнады. Нәтижесінде, Хромтау аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің командасы мен Дөң тау-кен байыту комбинаты жанынан құрылған команда финалға шықты. Ал таэквандошылар арасында Дөң ауылының командасы бірінші орынға ие болды.
Ақ жаулықты әжелер мен аналар хромтаулық қолөнершілер көрмесі маңында көбірек аялдады: мұнда шеберлер Салтанат Жолдыбаева мен Айнаш Дүйсенова шеберлік сабағын өткізді. Әсіресе, біз арқылы кесте төгу жолдарын көруге құмартқандар көп болды. Аталған шеберлердің екеуі де Хромтау қаласындағы мектептен тыс білім орталығында қолөнер үйірмесіне жетекшілік етеді. Олардың шәкірттері арасында да өнерлі, талапты балалар аз емесі осы көрмеге қойылған әсем бұйымдардан байқалды.
Хромтау ауданы күніне арналған шаралар аудан өнепаздарының күшімен әзірленген гала-концертпен аяқталды. Концертте аудандық Мәдениет үйінің ақ жаулықты әжелерден құралған «Замандастар» ансамблі, «Купава» фольк-модерн тобы, айтыс ақыны Жұлдыз Қожабекова, дәстүрлі әнші Естай Өтеулиев, облыстық байқаулардың лауреаты Жасұлан Құсайынов, т.б. өнер көрсетті.
Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.







