Телефон жөндейтін шебер

Темір ауданы Шұбарқұдық кентінің тұрғыны, жас кәсіпкер Аманай Сағынбай «Жұмыспен қамту — 2020 жол картасы» бағдарламасы арқылы 1 млн 100 мың теңге несие алып, ұялы телефон жөндейтін дүңгіршек ашқан.
Бүгінде өз кәсібін дөңгелетіп отырған ол алған несиесіне микроскоп, компьютер, ноутбук, дәнекерлеу құралын, сондай-ақ қажетті жиһаздар сатып алыпты. Қазір Аманай аудан орталығындағы «Болашақ» сауда орнынан жалға дүңгіршек алып, жұмыс жасап жатыр.
- 2015 жылы Ақтөбе политехникалық колледжін электр мамандығы бойынша аяқтап, қалада үш жыл жұмыс істедім. Кейін ауданға келіп, жеке кәсібімді ашуға бел будым. Сөйтіп, аудандық жұмыспен қамту орталығы мамандарының қолдауымен несие алып, жеке кәсібімді аштым. Қазір ұялы телефон күнделікті өмірдің ажырамас бір бөлігіне айналды. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін ұялы телефонды меңгерген. Сондықтан осы салаға бет бұрып, жаңа мамандық иесі атанғым келді, — дейді Аманай (күліп).
Ол күніне 4-5 адамның ұялы телефонын жөндейді. Қызмет бағасы жұмыстың қиындығына қарай қойылады. Мәселен, телефонның бетін ауыстыру 3 мың теңге тұрады.
— Мейлінше халықтың жағдайына қарап, жұмысымның ақысын қымбаттатпауға тырысамын. Дегенмен ұялы телефон жөндеу — өте күрделі жұмыс. Аса төзімдіктілікті, ұқыптылықты қажет етеді. Ең бастысы, кәсібім өзіме ұнайды, — дейді ол.
Аманай — отбасында бес баланың ортаншысы. Әкесі Ақтау қаласында вахтада, ал анасы ауруханада медбике болып жұмыс жасайды. Өзінен кейінгі бауырларына көмектесіп, оларға өз ісімен үлгі көрсетіп жүрген Аманай болашақта өз кәсібін дамытып, танымал кәсіпкер болғысы келеді.
Сөзіне берік, ісіне жинақы, еңбекқор жас ауданда жастардың жұмыссыз жүргендігін дұрыс емес деп санайды. Өйткені еңбек еткен жанға әрдайым жұмыс та, ақша да табылады.
— Қазір ауылдағы жастар қалаға барып жұмыс жасағанды тәуір көреді. Алайда бүгінгі күні ауыл жастарына мемлекет тарапынан көрсететін көмек те, қолдау да аз емес. Мал шаруашылығымен, егін шаруашылығымен, кәсіпкерлікпен айналысушыларға мемлекет несие береді. Сондықтан қолдан келсе, туған жерде жүріп еңбек еткенге не жетсін?! — дейді кейіпкеріміз.
Рас, қазіргі кезде ауыл жастарының дені білім беру және денсаулық сақтау саласында қызмет етеді. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласында да жастардың үлесі көбеюде. Дегенмен елімізде жастар мәселесіне қатысты жүргізіліп жатқан саясатқа сай әлі де ауыл мен қала арасында тепе-теңдік сақталмай тұр. Сондықтан ауылдарда «Ауылға біз бармасақ, кім барады, кім жұмыс жасайды?» — деген ұстанымы бар Аманай сияқты жастар көп болса игі.
Данагүл ҚАЗИХАН.




