Қыздың бұрымы — қорғаны

Тәрбие
Ерте кезде ата-бабаларымыз қыз баланы қорғап, періштедей аялаған. Кішкентайынан әдептілік пен ибалылыққа тәрбиелеген. Қыз баланың қасиетін биіктетіп, сұлулықтың бастауына көтерілуіне жол ашқан. Бұған бір мысал: өне бойында еркелігі мен биязылығы қатар ұштасқан, қос бұрымы арқасында тулаған Жібек қыз бен Баян сұлу.
Қазақ xалқының дүниетанымында бұрым — сұлулықтың белгісі, қыз-келіншектердің ары мен абыройы. Әрбір қыз баласын белінен төгілген бұрымы мен ақылына қарап бағалаған.
Бойжеткеннің шашын табиғатына қарай қолаң шаш, сүмбіл шаш деп, өріміне қарай жалғыз бұрым, қос бұрым деп атаған. Бұрымның ұшына алтын немесе күміс теңгелер мен моншақтар, қаз-қатар тігілген шашбау тағатын болған. Олар иесі қозғалғанда, әсем дыбыстар шығарып, кермаралдай керілген сұлу қыздың жүрісіне үн қосып, ару сымбатын ажарлай түскен деседі.
Жаратушы иеміздің Хауа-Ана мен Бибі Бәтима анамыздан бастап, күллі әйелдер қауымына берген сыйын, еншісін құрметтеу — шашты күту, тарау, өсіру, өру болып табылады. «Ақ үйден бір қыз шықты көзі күлген, шаштарын он күн тарап, бес күн өрген» деген xалық өлеңіндегі ғажап суреттеуден-ақ қазақ қызының шашының әр талын қалай қадірлегенін көруімізге болады.
Өкінішке қарай, қазіргі қыздар шаш өсірудің орнына оны қысқа етіп қиып, түрлі түсті бояуларға бояп алғаны былай тұрсын, жайып жүретін болған. Аналарымыз бен әжелеріміздің аузынан «Шашты жайып жүру — жаман ырым» деген сөзді естіп өсіп келе жатқанымызбен, шаш жіберуді сәнге айналдырып алғанымыз рас.
Әрине, «заманына қарай адамы». Алайда, осындай алмағайып заманда ата жолынан, ана дәстүрінен безінбей, болашақ ұрпаққа табыстауға болатын қолаң шаштың қадір-қасиетін жоғалтпау әрбір қазақ қызының парызы деп ойлаймын.
Білектей арқасында өрген бұрым,
Шолпысы сылдыр қағып, жүрсе ақырын.
Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты,
Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін? — деп ұлы Абай атамыз жырлағандай, нәзік жандылардың «қаруы», сұлулығының көрінісі, иығынан төгілген қолаң шашы талай жыраудың жырына, ақынның өлеңіне арқау болғаны сөзсіз.
«Таудың көркі — тас, қыздың көркі — шаш» демекші, бұрымды қазақ қыздары арамызда көбейе берсе екен деп бала жүрегіммен тілеймін…
Жанар ТӨЛЕГЕН,
Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы.
Ырғыз ауданы.
Мәселе
ӨЗГЕГЕ ЕЛІКТЕМЕЙ, ӨЗ БОЛМЫСЫМЫЗДЫ ДӘРІПТЕЙІК!
Адам білімділігі жағынан төрт топқа бөлінеді. Оның біріншісі, өзі білмейді, бірақ білмейтінін өзі білмейді. Қазақ оларды «өзі білмейтін, білгеннің тілін алмайтындар» деп атайды. Екіншісі, өзі білмейді, бірақ білмейтінін өзі біледі. Қазақ бұларға «Білмесең үндеме, білгенді күндеме», дейді. Бұл топтағы адамдар, талаптанса, оқыса, ізденсе әлі де көп нәрсені біле алады. Ал үшінші топ — өзі білетін, бірақ білетінін өзі білмейтін адамдар. Бұл адамдар оқыған, көрген, білгенін көңілге түйген, бірақ «мен білемін» деп ешқашан алға шықпайды. Төртінші топ өздері біледі және білетінін де біледі. Бұл топ «Білімдіге дүние жарық» деген принциппен жүреді.
Бұлар — тек мектеп, колледж, университетте оқитындарға емес, адамның жалпы білуге ұмтылуына, білімге құштарлығына байланысты айтылған дүниелер. Бүгінге дейін адамзат жүйелі білім мен тәрбие берудің басқа жолын тапқан жоқ. Сондықтан да дамыған өркениетті елдер ең әуелі білім беру жүйесіне, ғылымға үлкен көңіл бөледі. Тек білім мен ғылымды меңгерген елдерде ғана адамның өмір сүру дәрежесі биік, ғұмыр жасы ұзақ болады. Олар алдыңғы қатарлы техника мен технологияларды меңгерген, экономикалық қуаты да мол. Мәселен, жапондарды мысалға келтіруге болады. Аумағы Ақтөбе облысынан сәл ғана үлкен мыңдаған аралдарда, әрбір шаршы шақырымда 336 адамнан тұратын жапон халқы (олардың саны 126 миллион — авт.) әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан дүниежүзінде алғашқы үштікке кіреді. Жапонияда ешқандай табиғи байлық, мысалы, көмір, темір, мұнай, алтын жоқ. Барлығын олар шетелдерден сатып алады. Ал техника, технология, білім, ғылым жағынан алдына жан салмайды. Олар осының бәріне жас ұрпаққа білім мен тәрбие берудің, еңбексүйгіштік пен ұлттық сана-сезімнің арқасында қол жеткізіп отыр. Он жасқа дейін балаларын таза жапон тілінде оқытып, өзінің иероглифін (жазуын), тілін, мәдениетін, менталитетін, дінін сақтап, ешкімге қарсы қоймай, адамзаттың алдыңғы қатарында дамып келе жатқан жапондар — өркениетті ұлттардың бірі.
Жалпы адамның сауатты болуы, білімді болуы, ойлау жүйесінің кеңдігі, тіл байлығы, сөз қолдануының аясы кітапқа тікелей байланысты. Ақпараттық технологияның заманында компьютерлік жүйе, интернет, әлеуметтік желілер қаншама дамығанымен кітапты ештеңе алмастыра алмайды. Ал кітап оқымағандардың тілі қазақшаға шорқақ болады емес пе? Мәселен, орыс халқында «азаматтық неке» деген бар. Бұл, білмеймін, дұрыс па, бұрыс па, оны өздері біледі. Алайда орыс халқының салты біздің қазақ менталитетіне мүлдем келмейді. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай аялап өсірген қызың аты жоқ, жөні жоқ біреудің үйіне барып некесін қидырмай тұратын болса, масқара ғой!
Жасы кәмелетке жеткен соң құда түсіп, тойын жасап, ағайын-туманың, ауыл-аймақтың батасын алып құтты орнына қонып жатырған қыз өмірдің сәні емес пе?! Сондықтан азаматтық неке қазақтың болмысына жат.
Өзгенің салты мен тілі санамызға сіңгені соншалық, тіпті біз ұялуды, қысылуды қойып барамыз. Тіл демекші, тіпті кейбір құжаттарда тайөгізді бұқашық, бұқаны аталық бұқа ( аналық бұқа да болғаны ма?) саулық қойды аналық қой деп жазылып жүр. Бұлар — орыстың «бычок», «бык-производитель», «овцематка» деген сөздерінің сөзбе-сөз аудармасы. Түптеп келгенде, мұның бәрі қазақ тіліне өз әсерін тигізбей қоймайды.
Соңғы жылдары бүкіл қазақ қоғамын толғандырып жүрген мәселелердің бірі — дәстүрлі емес діни ағымдар мәселесі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында білмедік пе, әлде тәжірибеміз аз болды ма, бұл мәселеге назар аудармадық. Қарап отырсақ, мұнда да көзсіз еліктеушілік басым. 300 жылға жуық Ресей халқы қазаққа орыстандыру саясатын жүргізді. Соның нәтижесінде кейбір азаматтар әлі күнге дейін солардың тілінде сөйлеп, солардың салт-дәстүрін сақтап келеді. Енді келіп арабтар шықты. Бұлар да қазаққа өзінің тілін, әдеп-ғұрпын, салт-дәстүрін «тықпалап» жүр. Орыстың ақшамен, арақпен, күшпен 300 жылда жасай алмағанын арабтар «теріс» дінімен қорқытып жасағысы келеді. Бірақ қазақ мыңдаған жылдар ұлт болып қалыптасқан, жүздеген жылдар бойы тағдырдың талай қуғын-сүргінінен өткен, мың өліп, мың тірілген ұлт. Нағыз қиналған кезде ұлттың ұлттық иммунитеті оянып, ұлттық сананы күйретуге жол бермейді. Оның үстіне тәуелсіздік алған ширек ғасырда оңы мен солын айырып, кімнің кім екенін түсініп, әлеуметтік-экономикалық даму жолына түскен ұлтты жолдан тайдыру мүмкін болмас. Жақында аудандық Мәдениет үйінде Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры Жабал Ерғалиевтің «Есігімді қаққан кім?» деп аталатын драмасын қойды. Көрермендер көп жиналды, зал лық толды. Қойылымда дәстүрлі емес, жат діни ағымға түсіп, қитұрқы саясаттың құрбаны болып жүргендердің трагедиясы бейнеленеді. Көрермендер қойылымды жылы қабылдады, артистер кейіпкерлерінің образын шынайы түрде көрсете алды. Сахнадағы оқиғаларға көрермендер қызу араласып, қол соғып отырды. Көптеген көрермендер көздеріне жас алып, жаны күйзеліп, оқиға өз басынан өткендей күй кешті. Міне, үлкен өнердің күші!
Айта кету керек, мұндай трагедиялар қазір біздің көптеген отбасыларында да кездеседі. Көпшілігіміз оларды баспасөзден ғана емес, өз көзімізбен де көріп, естіп жүрміз.
Қорыта айтқанда, біз қазақ халқының ұлттық ерекшеліктерін, тілі мен дінін, ділін сақтап қалу үшін жоғарыда атап өткен келеңсіздіктерден сақтануымыз керек. Болашағымыздың жалғасы жастарды жақсы жолға бағыттап, тәрбиелеуіміз қажет. Сонда ғана біз дүние жүзіндегі өркениетті елдердің қатарына енеміз. Сіз бұған не дейсіз, оқырман?
Н.ӨТЕПОВ,
еңбек ардагері,
Темір ауданы.
Бәрекелді!
ГАЗЕТКЕ ТЕГІН ЖАЗЫЛДЫҚ…
Облыс орталығынан 24 шақырым қашықтықта орналасқан Маржанбұлақ ауылы Алға ауданына қарайды. Қазіргі кезде осы ауылда тұрғындар саны артып, заман талабына сай тұрған үйлер бой көтеруде.
Маржанбұлақта жыл сайын үй тұрғызатын адамдар саны да артуда. Олар жер телімдерін алып, өздеріне мекенжай тұрғызып жатыр. Маржанбұлақ ауылдық округі әкімі Болатбек Қанғожин тұрғындармен етене араласып, олардың жағдайын сұрап, біліп тұрады.
«Әкім болсаң халыққа жақын бол» деген қағиданы ойынан шығарған емес. Әрқашан тұрғындардың қамын ойлап жүретін ол әр мереке сайын салтанатты шаралар ұйымдастыруды дағдыға айналдырған.
Биылғы жылы да бірқатар мерекелік шараларға қатынастық. Сонымен қатар ауылдық әкім 2017 жылға ардагерлерді республикалық «Егемен Қазақстан», облыстық «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттеріне тегін жазылуды ұйымдастырды. Бұл ауылдың зейнеткерлеріне көрсетілген құрмет деп есептейміз.
Газетке жаздырған ардагерлердің ішінде Ғалымжан, Жанат, Жоламан, Жолболдылар бар. Олар ауыл әкімі Болатбекке шексіз алғысын білдіреді.
М.СУҚАШЕВ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
Маржанбұлақ ауылы,
Алға ауданы.
Жаңғыру
ҰЛТТЫҚ ИГІЛІКТЕРГЕ ҰМТЫЛЫС
Биылғы оқу жылын нәтижелі қорытындылап отырған Ақтөбе қазақ-түрік лицейі ұжымы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында атап көрсетілген ілгері бағыттарды берік ұстануда. Мәселен, Президентіміз: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деп атап көрсеткен болатын.
Ал аталған лицейде оқу жылы барысында өткізілген мәдени-көпшілік шараларда ұлттық салт-дәстүрлер игіліктері кеңінен пайдаланылатындығына көзіміз жетті. Соның бір мысалы, биылғы Наурызда мұнда бірнеше киіз үй тігіліп, онда кереге басына қоржын ілініп, қазақтың домбырасы төрге қойылды. Дастарқанға ұлттық тағамдар молынан қойылды. Осындай дәстүрге біз басқалай да шаралар барысында бірнеше мәрте куә болдық. Осы қатарда бесік той, беташар, басқа да әдет-ғұрыптар кеңінен көрсетілетін сахналық қойылымдар біздің жүрегімізді жылытты. Басқа да ата-аналар лицей басшылығына ризашылықтарын білдіріп жүреді.
Біз жастардың ұлтымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тарихын, мәдениетін терең білгенін қалаймыз. Ұлтжандылыққа ұмтылғанын дұрыс көреміз. Мұның бәріне барлығымыз жан-жақтан атсалысуымыз керек. Яғни, үйде де, баланың білім алатын жерінде де осы мәселе назарда ұсталуы тиіс. Осындай жанашырлықты аталған лицей қабырғасынан жиі байқауға болады.
Біз жақсы істеріне өзіміз куә болып жүрген қазақ-түрік лицейінің директоры Мызрак Якуптің осындай игі шаралардың бастауында жүргені сүйінішті.
Қамалхан ҚУАН,
ҚР оқу ісінің үздігі, ардагер ұстаз.
Оқырман хаттарын топтастырған Данагүл ҚАЗИХАН,
Айбек СЕРІКҰЛЫ.




